Шапшаң шахмат шабандоздары

 Қарағандыда, «Аманат» партиясының «ақ залында» миллиондар қызықтап ойнайтын шахматтың  шапшаң (рапид) түрінен  «Senat Ореn» 1-ші ашық кубогының іріктеу жарысы болып өтті. Қазақстан Республикасы Сенаты мұрындық болған сайысқа әр түрлі санаттағы 85 ойыншы, оның ішінде барлық деңгейдегі мәслихат депутатарынан 15 халық қалаулысы  қатысты. Ойыншылар швейцариялық жүйемен 9 партиядан ойнады, ал олардың әрқайсысына бір  партияға берілетін уақыт 10 минут және әр жүрістен кейін арнайы сағат арқылы 5 секунд қосылып отырады. Жарыстың ашылу салтанатында Қарғанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Қобжанов турнирге қатысушыларға сәт сапар тіледі.

Бұл жарыста облыстың ардагер шахматшылары  шебер ойнап, тәп-тәуір нәтиже көрсетті. Облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған  «Ардагер – 2012» шахмат клубынан 13 адам қатысса,  олардың үзеңгілес және тұрақты қарсыластары – «Қармет» АҚ көміршілер және болат департаментінен 10-нан астам ақсақал сайысқа түсті.

Қала мен селоның, жас пен кәрінің өкілдері қатысқан бұл ашық біріншілікте көміршілер командасының серкесі Геннадий Пак жеңімпаз деп танылды, өйткені мәреге бірдей 7,5 ұпай нәтижемен жеткен 4 ойыншының ішінен оның қосымша көрсеткіші тәуір болып шықты. «Ардагер – 2012» ойыншылары З-ші жүлделі (Сергей Игнатьев), 5-ші (Сергей Корабельников), сондай- ақ келесі кезеңге өтуге болатын алғашқы 25 орынның бел ортасынан көрінді. Сонымен қатар  абайлық ардагер  Сергей Могила  2-орын алап, айды аспаннан бір-ақ шығарды.

Бұл нәтижелер кездейсоқ емес. Ардагер шахматшылар, міне, 12 жылдан бері ұйым құрып, тұрақты түрде жарыстарға қатысады, өзара турнирлерде шайқасып, өнерлерін жұртшылық алдында паш етіп келеді, жастармен шеберлік кластарын өткізеді. Мұны жоғарыда сөз еткен көміршілер мен болатшы ардагер ойыншылар туралы да айтуға болады.

Жарыста сондай-ақ халық қалаулылары арасынан Абай аудандық мәслихатының депутаты Бекмұрат Ағзамов (жалпы қортындыда 4-орын), БАҚ қызметкерлері арасынан Теміртау  телеарнасының қызметкері Алексей Кецле (12 -орын),   қоғамдық ұйымдар арасынан Осакаров аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Берікбол Саметай (13-орын), әйелдер арасынан  Саран қаласы аналар кеңесінің мүщесі  Жайнагүл Менеке (46-орын) үздіктер деп танылды.   Қарағандылық шахматшылар, оның ішінде ардагерлеріміз, республикалық кезеңде де жүлдесіз оралмайды деп үміттенеміз. Өйткені жарысты ұйымдастырушылардың  айтуларына қарағанда жартылай финал  маусым айында өз «алаңымызда»  өтіп,  оған Ұлытау облысы мен Астана қаласының жоғарыда аталғандай  іріктелген 25 үздігі қатысатын болады.

Аман ЖАНҒОЖИН,

облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы,

 «Ардагер2012»  командасының жетекшісі.

Суреттерде:  жарыстан көріністер және жүлдегелерді марапаттау.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *