«Өрлеу» жеңімпаздары анықталды

Сегіз нәзік жанды қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық-саяси өміріне қосқан үлесі үшін Теміртау әкімінің «Өрлеу» арнайы сыйлығына ие болды. Биыл сыйлық үшінші рет берілді.

«Мәдениет үздігі» номинациясында Тұңғыш Президент тарихи-мәдени орталығы директорының орынбасары Үрзада Есмұрзаева марапатталды. Оның еңбек өтілі шамамен 40 жыл,жартысынан астамында «Сфера» телеарнасының қазақ редакциясын басқарған. Осы жылдар ішінде Теміртауда мемлекеттік тілдің дамуына зор үлес қосқан.

– Мен білімім бойынша журналистпін. Қызылорда облысында туып-өстім, сол жерде ЖОО бітірген едім. Содан кейін бірнеше жыл жергілікті газетте жұмыс істедім, ал 1998 жылы Теміртауға көшіп, «Испат-Сфера» телеарнасының қазақ редакциясын басқардым. Екі жыл бұрын Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығына ауысып, осында жұмыс істеймін. Облыс әкімінің «Мамандыққа адалдығы үшін» сыйлығымен марапатталдым, «Тіл жанашыры» сыйлығымен марапатталғанмын. Ал биыл «Өрлеу» сыйлығын алдым. Әрине, өте қуаныштымын, өйткені марапат қоғамның дамуына үлес қосатын әйелдерге беріледі. Бұл біздің еңбегімізді бағалау, – дейді Үрзада Есмұрзаева.

«Отражение» қоғамдық бірлестігінің басшысы Елена Варганова «Үкіметтік емес секторға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша сыйлыққа ие болды. Тәжірибелі педагог және эколог қоғамдағы экологиялық білім мен мәдениетке ықпал ететін 100-ден астам акция ұйымдастырғаны және өткізгені үшін атап өтілді. Сондай-ақ, Елена – балаларды экологияға баулу бойынша оқытушыларға арналған оқу құралдары мен жинақтардың авторы.

– Білімім бойынша эколог-педагогпын. Негізгі жұмысымды табиғатқа, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға тырысатын балалармен жүргіземін. Біз экологиялық акциялар, мерекелер, тренингтер өткіземіз, өз тәжірибемізді басқаларға бөлісеміз. Сондай-ақ экологиялық көшбасшылықты қалыптастырамыз, ерекше балалармен жұмыс жүргіземіз, шешендік өнерге үйретеміз. Қазір мектепте экологиялық тәлімгерлік енгізілді, енді үлкендер кішілерге көмектеседі, – дейді Елена Варганова. – Балалар мені ынталандырады. Олардың көздері жанып тұрғанда, бірдеңе үйренуге, бірдеңе жасауға деген ұмтылысын көргенде, жұмысым зая кетпей жатқанын түсінемін. Ал мұндай сыйлықақылар – бұл алға жылжуға және жақсы жұмыс істеуге тағы бір ынталандыру.

«Денсаулық сақтау үздігі» номинациясында өмірінің 40 жылын денсаулық сақтау саласына арнаған Қарлығаш Рахымбекова атап өтілді.

«Ана бақыты» санатында «Әлем» БЖО балалар орталығының педагогы көп балалы ана Баян Мамитова марапатқа ие болды, оның шәкірттері – түрлі іс-шаралардың жүлдегерлері.

«Строй-Аст» ЖШС директоры Ирина Замиралова «Бизнесті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша сыйлыққа ие болды. Ол жобалау саласында 15 жылдан астам жұмыс істейді.

Рымкүл Ибраева оқу процесін ұйымдастырғаны үшін «Білім үздігі» санатындағы әкім сыйлығымен марапатталды.

«БУМкидс» білім беру орталығының және «БУМеранг» ойын-сауық орталығының жетекшісі Юлия Гурская қызмет көрсету саласын дамытудағы жетістіктері үшін марапатқа ие болды.

«Qarmet» АҚ кокс-химия өндірісіндегі сөндіру вагонының электровоз машинисі Резеда Хасанова өндірісті дамытудағы жетістіктері үшін марапатталды. Оның 29 жылдық үздіксіз еңбек өтілі бар. 3-дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталған.

Сыйлық лауреаттарына сертификаттар мен дипломдар табысталды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *