Қызмет қыламын десеңіз!

Зейнеткерлік жас – жұмыс істеймін дегендер үшін шектеу болмауы тиіс. Қарағанды облысында зейнеткерлер үшін жұмыс орындарын ашу туралы шешім қабылданды. Жергілікті бюджеттен жұмыс берушілерге лайықты демалысқа шыққаннан кейін жұмыс істегісі келетін қызметкердің жалақысының жартысы өтеледі. Жергілікті билік бастамашылық еткен «Алтын жас» арнайы бағдарламасын облыстық мәслихат депутаттары кезекті ХХ сессияда бекітті.

– Бағдарламаға Қарағанды облысында тұратын және тіркелген зейнеткерлер қатыса алады. Барлық меншік нысандарындағы ұйымдарда жұмысқа орналасуға болады. Жалақы 50-де 50, яғни жұмыс берушінің қаражатының тең үлесінде және жергілікті бюджеттен субсидиялау есебінен жүргізілетін болады, – деп түсіндірді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.

Бағдарлама облыстың барлық қалалары мен аудандарын қамтиды. Қарағанды облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығы және оның филиалдары – мансап орталықтары арқылы іске асырылатын болады.

Бұл шешімге келуге тек зейнеткерлерге көмектесу ниеті түрткі болып қойған жоқ. Басқа да пайдалы жағы бар: бағдарлама еңбекке қабілетті халықтың санын көбейтуге, сондай-ақ тәлімгерліктің рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *