Жүн өңдеу цехын ашқан Гүлпахат

Жүн – халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде ерекше орын алған табиғи шикізат. Оны өңдеу арқылы киім-кешек, тұрмыстық бұйымдар мен өнер туындылары жасалып, ғасырлар бойы қолданылған. Бүгінде жүнді заманауи технологиялармен қайта өңдеу оның құндылығын арттырып, экологиялық таза өнімдер шығаруға мүмкіндік береді. Осы игі істі мұрат қылып жүргендердің бірі 17 жастағы Гүлпахат Құттыбаева жүн өңдеу цехын іске қосты. Жобаға қажетті жүн түту және киіз басу станоктарын облыс әкімінің бес миллион теңгелік гранты есебінен сатып алған.

Гүлпахат Құттыбаева Қарағанды технология және сервис колледжінің үшінші курсында «дизайнер-кескіш» мамандығы бойынша білім алып жатыр. Ол бірнеше жылдан бері киіз басу қолөнерімен шұғылданып келеді.

– Алғаш рет киіз басумен алты жыл бұрын Достық үйінде өткен шеберлік сабағында таныстым. Маған бұл сабақ өте ұнады және жүнмен жұмыс істеу дағдыларын игере бастадым. Қазір белгілі қолөнерші Қамаш апайдан сабақ алып жатырмын, – дейді Гүлпахат.

Жас қолөнерші қазірдің өзінде жергілікті шеберлер арасында танымалдылыққа ие. Оның жеке клиенттік базасы бар. Қарағандыдағы кафелер мен мейрамханалар интерьерін киізден жасалған кілемдер, көрпелер және суреттермен безендірген. Сонымен қатар, Гүлпахат өткен жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында өз жұмыстарын ұсынған. Франция мен Түркиядан келген қонақтар оның бұйымдарын сатып алған.

– Әзірге мен өз өнімдерімді мақсатты түрде жарнамаламаймын. Клиенттерім бір-бірінен естіп, хабарласады, ал тапсырыстар кейде Қарағанды қолөнершілерінің WhatsApp-тағы жалпы чатынан келеді. Енді мен жабдық сатып алғаннан кейін, өз өнімдерімнің ассортиментін кеңейте аламын: көрпе, киім, аяқ киім жасайтын боламын. Сондай-ақ, көлем де артады, өйткені машиналарда жұмыс істеу қолмен жасалған еңбекке қарағанда әлдеқайда аз уақытты алады. Енді мен өз өнімдерімді белсенді түрде сатып, жарнамалай аламын деп ойлаймын, – дейді жас кәсіпкер.

Гүлпахат цех жұмысына қажетті шикізатты жергілікті фермерлерден сатып алмақ. Ол өз бұйымдарын тек табиғи жүннен дайындайтынын атап өтті.

– Жалпы, әлем бойынша жүннің 10 мыңнан астам түрі бар. Оның ішінде, альпака, түйе, қой, ешкі жүні аса танымал. Облысымызда шеберлер көбіне қой жүнін қолданады. Жүннің беретін пайдасы көп. Ол ауадағы температураны сақтап тұрады және тазалайды, – дейді жас кәсіпкер.

Бұл жобаның іске асырылуы – жас буын өкілдерінің отандық қолөнерді дамытуға қосқан маңызды үлесінің айқын дәлелі.

Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *