Әбдіхамит Сембаев – ұрпақ тәрбиелеген ұлы ұстаз

Қаланың орталықтандырылған кітапхана жүйесі өткен жылы «90 жылдыққа – 90 кездесу» жобасының аясында көптеген игі шараны өткізуімен есте қалды. Соның ішінде жаңадан іске қосылған «Өлкетану» кітапханасының атқарған ауқымды істері назар аударарлықтай. Ұмытылып бара жатқан есімдерді тарих қойнауынан алып шығып, оқырман қауымға таныстыру да оңай іс емес. Осы ретте кітапхана жетекшісі Айтолқын Жаңабаева, өлкетанушы Тілеуғалы Әміртайұлы, кітапханашы Құралай Игібаева сынды мәдениет жанашырларының көңілге толымды істерін айтпай кетуге болмайды.

Педагогика ғылымдарының докторы, КСРО педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, профессор, ҚСР оқу министрі қызметін атқарған Әбдіхамит Ібнияұлы Сембаевтың 120 жылдығына орай ақпараттық сағат өткізілді. Шараға қонақ ретінде Сембай ұрпақтары бірінші санатты ұстаз-зейнеткер Құрман Садықов, жоғары санатты ұстаз-зейнеткер Шайзат Жабаева, осы әулеттің құдасы, ҚР білім саласының үздік қызметкері Әкім (Шалкерей) Манабаев, медицина саласының ардагері, зейнеткер Сара Ботбаева шақырылды. Қаламыздағы Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейінің жоғарғы сынып оқушыларын кітапхана меңгерушісі Саягүл Байжұманова бастап келді.

«Өлкетану» кітапханасының басшысы Айтолқын Жаңабаева қонақтар мен оқырмандарды кітапхана жұмысымен таныстырып өтті. Одан кейін сөз кезегін алған Тілеуғалы Әміртайұлы Әбдіхамит Сембаевтың өмірбаянымен таныстырып, қиын-қыстау кезеңде республикадағы оқу-тәрбие жұмысын ақсатпай, соғыс уақытында бір де бір мектептің жабылмауына жол бермегендігін тілге тиек етті. Республиканың ауыр жағдайына қарамастан, 4 жоғарғы оқу орнын ашуға жағдай жасаған. Сол кезеңде 250 интернат ашылып, басқа республикадан келген оқушылардың білім алуына ерекше көңіл бөліп, тікелей қадағалап отырған. Интернат ашу жөнінен Қарағанды облысы алдыңғы орындарды иеленіп, республика бойынша көш бастаған.

Әкім Манабаев, Құрман Садықов, Шайзат Жабаева, Сара Ботбаева Әбдіхамит Сембаевтың істеген қызметі бойынша естеліктерімен бөлісіп, ол кісімен кездескен сәттегі әсерлерін қызықты етіп әңгімелеп берді. Отансүйгіштігін, адам тани білетін сұңғылалығын, халық даналығынан мол сусындаған зиялы жан екендігі айтылды.

Осыншама дәріптеліп жатқан Әбдіхамит Сембаев кім еді? Ол кісі облысымыздағы Шет ауданы, Қарабұлақ ауылының тумасы. Қарқаралы, Семей педагогикалық оқу орындарын, Абай атындағы педагогикалық институтын бітірген. Сол институтқа директор бола жүріп, 1941 жылы соғысқа аттанған. Бірақ майдан даласына жетіп үлгермей, елге кері қайтарылып, халық-ағарту комиссары етіп тағайындалады. Сол қызметте табан аудармай 14 жыл істейді. Небір ауыр күндерді бастан кешіреді. Әбдіхамит Ібнияұлы Сембаев жайлы Салық Зиманов, Серік Қирабаев, А.Темреева, Ә.Сайпова, Н.Нұрахметов тағы да көптеген зиялы ғалымдар өз пікірлерін «Қазақстан республикасындағы білімнің даму тарихы мен қазіргі тенденциялары» атты кітапта толығымен баяндаған. Кітап ғылым қайраткері Әбдіхамит Сембаевтың 100 жылдығына байланысты Алматы қаласында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары негізінде құрастырылған. Конференцияға қатысушы ретінде «Рухы биік бабалар» атты мақалам осы кітапқа кірген болатын.

Әбдіхамит Сембаев – қазақ мектептерінің тарихын зерттеп, кітап жазған алғашқы ғалым-педагог. 120-дан астам педагогикалық еңбектің авторы. Ол кісінің басшылығымен 32 бағдарлама, 16 оқулық, 12 әдістемелік көмекші құрал дайындалып, 16 монографиялық зерттеу жарық көрді. Одақтық кеңес депутаттығына үш рет, республика кеңесінің депутаттығына екі рет сайланған. Мұндай құрмет еш министрге бұйырмаған болатын. КСРО педагогика ғылымдары академиясының корреспондент мүшелігіне сайланған ең алғашқы ғалым-педагог. Бір сөзбен айтқанда, нағыз толық, зиялы адам. Зиялылығын бізден бұрын қатарластары айтып кеткен.

Міне, біздің Қарағандыда басқа өңірлер жете алмай жүрген, үлгі тұтарлық осындай құрметтілеріміз болған. Осы орайда Семей жұртшылығына, әсіресе Шағангүл Жанаева басшылық ететін Мұқтар Омарханұлы Әуезов атындағы педагогикалық колледж ұжымына зор алғыс айтқым келеді. Естілерді есте сақтау мақсатында атқарған жұмыстары көңіл қуантады. Олардан алар үлгі-өнеге мол.

Әбдіхамит Ібнияұлы Сембаев – ұрпақ тәрбиелеген ұлы ұстаз. Балалары республикаға белгілі ғалымдар. Мемлекет қайраткері дәрежесіне жеткен Дәулет Әбдіхамитұлы Сембаевты көпшілік біледі деп ойлаймын. Туған жиені Жәмила Стехликова – шетелде тұңғыш министр болған қазақ қызы. Міне, бүгін қарағандылықтар ұмыт болып бара жатқан ардақ тұтар азаматын еске алды.

Аңғар СМАҒҰЛ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *