«ҒАЖАЙЫП ҒҰМЫРЫМНЫҢ САЛТАНАТЫ»

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ – 1986 жылы ақпан айының 13 жұлдызында Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы сол кездегі Матақ совхозы Ақбұлақ бөлімшесінде дүниеге келді. Әкесі Кеңесбек көп жыл бойы сол ауылдың меңгерушісі, анасы Төлеу Жұмәділқызы бөлімше кітапханашысы қызметін атқарды.

Елордалық «Астана» журналы, «Астана ақшамы» газеті, 7-телеарна, «Астана» арнасы, «Қазақстан» Ұлттық арнасы сияқты беделді бұқаралық ақпарат құралдарында жемісті еңбек етті.

Мерзімді баспасөз беттерінде ұдайы жарияланып келетін, өршіл рухты оятатын, өткір әрі шынайы өлеңдері оқырман ықыласына бөленуде.

Сан тақырыпқа қалам тербеген ақынның шығармашылығы жайында М.Әлімбай, Ұ.Есдәулет, А.Бөкен, С.Ақсұңқарұлы, Т.Әлжантегі, Ұ.Дәлей, О.Тұржан сынды қазақ халының бірқатар көрнекті жазушылары оң баға берген.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Бүгінде «Ortalyq Qazaqstan» Қарағанды облыстық қоғамдық-саяси газетінің аға тілшісі ретінде қызмет атқарады.

Редакциядан

 

Жап-жалғыз

Тағдырыма не дауа?!

Келе жатам жап-жалғыз…

Мезгіл менен жер ауа,

қайта оралды бардам күз.

 

Күн кешумен бұйығы,

томағамды сыпырмай.

Іштегі дерт күйігі –

Келем содан құтылмай…

 

Жөнеп берген сағатқа, –

тіршіліктің сақшысы.

Тұрғызбайтын тағатқа,

ақсияды ақ тісі.

 

Туғаныңның қамшысы;

Бөтен жанның мейірі.

Бармыз әзір басқысы,

кемімеген пейілі…

 

«Сап, сап көңіл, сап көңіл»

Бұл фәниден не қайыр.

Ақын едік ақкөңіл:

елегізген едәуір!

 

Саяқтықтың сартабын,

кешіп келе жатырмын.

Жетім атқан әр таңын,

кесіп келе жатырмын!..

 

Талқысында тағдырдың,

тасталамын ұлардай.

Келе жатам жаңбырдың,

құшағынан шыға алмай!..

 

 

Оқылмайтын өлең

 

Санасында із қалмай,

кете барған қазағым.

Аспан тірер бұздардай,

ілбіп келеді азабың.

 

Қаны тамған жырымды

жерлеймін бе жүрекке?

Кешіргейсіз мұнымды,

есіркейсіз бір ретке.

 

Қалқып барып қайықтай,

телефонның бетінде.

Айта салам айыптай,

facebook-тің шетінде.

 

Жер тепкілеп егіле,

шындық шықты көлденең.

Жегіледі желіге

оқырманы жоқ өлең…

 

***

Жүрегіме күз келді

мекенімді тоңдырып.

Көңіліме сыр берді,

ақ жейдемді оңдырып.

 

Жүрегіме күз келді.

Жырақтадым аулаққа.

Жадау жанға жыр берді:

қарағым кеп тау жаққа.

 

Жүрегіме күз келді:

дәуірлерден кешегі.

Дел-сал қылып біздерді, –

сағынышым бес елі.

 

Қарғыс

Ақынмын дейсің: ақынсың.

Алқынып жаның аһ ұрсын!

Өміршең өлең өріліп,

өзгеше келген тағдырсың!

 

Шайырмын десең, шайырсың!

Жартасқа біткен қайыңсың.

Алашқа атың кетсін де,

Адамзат саған бой ұрсын!

 

Шерімін де, шерісің!

Шенейтін дәйм ер ісін.

Жырларың маза берместен,

құйқаңды сенің кемірсін!

 

Дарын да болсаң, дарынсың!

Дабысың жер мен жар ұрсын.

Аймақтың тасы көгерсе,

алты айналмасаң, нан ұрсын!

 

Жырлар мен жылдар

Омыртқасы он бөлек –

Жылдарымның тәсбісі.

Ескерсе егер ел демек,

жырларымның дәс күші.

 

Жазбаханам қаңырап,

күл-күл болды ошағы.

Ақжүрегім аңырап:

ақбөкендей жосады.

 

Жырлар, жылдар қайрылып,

адамнан да ақылды.

Айран таң қып майырылып,

терең ойға батырды.

 

Мінезі тік ұлың ем:

жылдар етті емендей.

Тым өзгемін бүгін мен,

кете бердім тереңдей.

 

Назданғаным намаздай

Қабыл болып кетеді.

Өлең бітіп ол аздай:

лағыл болып жетеді.

 

Қамдануым қажет-ақ,

Жылдар жейді жанымды.

Өлеңдерім өжет-ақ,

Еселейтін бағымды.

 

Қаусаған қарт көкірек,

тағдырымнан деймін мен.

Ал, жырларым жетімек –

жан нұрымнан деймін мен.

 

Тауысқансып төзімді,

жылдар қашып жатады.

Мен емес-ау өзімді

жырлар жазып жатады.

 

Сіңіп кеткен мың жылға,

Арман, арман, арман-ай.

Қазық болған бір жырға

Елең-алаң жалған-ай!

 

Сәкішке

 

Секундтардың сыбыры,

кідіріссіз күндер-ай.

Күйкі тірлік күбірі

миығынан күлген – ай.

 

Қар қонақтап иыққа,

сұрамайды ол менен.

Сапарым – жерұйықта, –

дүдамалдау жолменен.

 

Кеше тірі болған ем:

бүгін өліп барамын.

Мойын бұрып сонда әрең,

Жәудіредің қарағым!

 

Жүрек тоқтап қалады оқыс.

Алмасса да күз бен қыс.

Уақыт деген – парадокс

Бақыт деген – Сіз бен Біз.

 

Күз әуені

Мына күзді ән қылдым.

Суыменен жаңбырдың

үйеңкілік жапырақ:

қалғып көзді таң қылдың.

 

Сәмбі талдың саясы.

Аяқ жолдың аясы.

Тұнып тұрған сүгірет

шығыстағы жай – осы.

 

Тағдыр  маған әкелді:

шендік киім бәтенді.

Шарапты алып қолыма,

сәл қызарттым шекемді.

 

Бұның болар ақыры.

Күтер үйдің шатыры.

Кезбе құсап масайып,

кірмес ердің ақылы…

 

Салтанат

 

Шашыңның иіскедім тозаңын да.

Сен барсың ғажабымда, азабымда.

Салтанат сені сүйіп үлгеріппін,

Тоғыз күндік жалғанның тозағында!

 

Өзіме баурап алып, қаратқаным.

Атыңды қайталадым алапқа мың.

Кетпейтін дәулет сыйлап болмысыңа,

өшпейтін есім берген жаратқаным!

 

Кез болса жүрегіңнен жырақтаған,

мен саған шақырымнан сыр ақтарам.

Ғажайып ғұмырымның Салтанаты

бұл тағдыр кімді құздан құлатпаған…

 

Аунатып жанарыңнан жалғанды әрман.

Көркіңе жан бар ма әсте таңданбаған.

Қабылтып ерендерді өз мұңыңа:

мендік жыр менен көшіп, саған қалған!

 

Жүргендей зипа тұлғаң нұрға шомып.

Жан едім сөзге сараң, сырға берік.

Өзіңді жоғалтып ап, алдым тауып,

жырымды жетім қалған тыңда келіп…

 

Ығында есім жиып мәңгі ызғардың.

Уақытқа қақпақылдар қарыздармын.

Арманым адастырып айдалаға,

Жаным-ай, мен қайыра жалғыз қалдым!

 

Қарасам, тұтылып тұр аспан әлі…

Рәуішті аяқталмас дастан әрі.

Азадай мәрсиялы тұнжыраумен,

білмедім қандай күнім басталады.

 

Тәттісін шекер шақтың татып ең кіл.

Сен мендік махаббаттың атымен жүр.

Сал-дағы сан сарсаңға қызғаныштан,

ал-дағы ақиқатты атып өлтір!

 

Ілімпаз секілденген ілгерідегі.

Тергейді жұлып жеумен күндер мені.

Ғасырым қателесіп келсе-дағы,

жасырын мұңымсың сен гүлдердегі.

 

Еңісте еліктей боп егілсе күн.

Бұл күн де бағы ма еді сенің, менің.

Тәкәппар қалыпқа еніп былайғы елге,

Жүректе жалғызсырар жетім сезім.

 

Бақыт кеп екеуміз де күлдік лекіп.

Біріміз бірімізден үздік кетіп,

Жарығым, кетем бір күн көз алдыңнан,

Мәні жоқ мәңгілікке сүңгіп кетіп!..

 

Алаулап менсіз, шіркін,бір күн әріден.

Шарқ ұрып іздерсің бе, жұлқынар ма ең.

Әйтеуір, жан жылуын сыйлағанмен,

Бұл жырым сенен өзге кімге жәрдем?!

 

Түйсігің сәуегейдей білгір еді.

Қабағың найзағайдай күркіреді.

Күнәмді жіпке тізіп жүргеніңде,

жаңбырың жаныма ауып сілбіледі.

 

Мен сені еркелетем «қарағым» деп.

Тұрады тап көзіме қарағың кеп.

Бір басым баршасына міндеткерсің,

Ал, былай, сұрауым жоқ, обалым жоқ!

 

Соңынан сұқсыр күннің қалыс қалмай.

Жүремін аласұрып арыстандай.

Керексіз еткеніңде шашылармын,

Шабылған басы шөптей арыстардай…

 

Сыр іздеп сыралғыдай жанарымның,

Қабылдың сары мұңға қарағым мың.

Құлдилап шыңырауға кетсем бір күн,

Жарығым, таба қылмай, тоба қылғын.

 

Көз талар көкжиекке жол алғасын.

Сөндірдім сартап мұңның қоламтасын,

Салтанат, түсінеміз:

шерленеміз,

бір қате, мың қатемен оңалмасын…

 

Назың да құстай болып ұшты маған.

Алқынып жазғытұры қыс құлаған.

Кембағал тіршілікке қайран қалам,

Көз емес бұла күнде рух жылаған.

 

Момындай бүк түсерлік зынданында,

мұндайда табылады кім жанымда.

Бөлеп ап бейішіңе кетсеңші алып,

Ериін құшағыңның құндағында!

 

Айсалқын

 

Мөлтек мұңнан арылмай,

құбылдың ба сағымдай.

Сезіміңнен селк етем,

тырнағыңның ағындай.

 

Сен деген бір – һас алмас.

Кейде ентігін баса алмас.

Адамға пейіл бермеген,

ғаламға сырын аша алмас…

 

Тәубә ғып ақзер таңдарға.

Оңаша жалғыз қалғанда.

Сен неге тұнжырайсың кеп,

Мен неге батам арманға?!

 

Ақындар еңсер еркіндік.

Шері боп тегі желпіндік.

Бағымызды бір кетірдік.

Кетіріп, қайыра келтірдік!

 

Арафат

 

Құлыным, құлдыраңдап өндір келген.

Қағажу көріп жүрсің сен кімдерден?

Баламның иіскегенде маңдайынан,

Ғаламның мейірімін көргім келген…

 

Ей, ұлым!

Тілегімді анықтасаң.

Өзіңді талпындырдым жарыққа сан.

Сәулемді сүйегіңе сіңірермін,

сөзімді тыңдап-оқып, талықпасаң…

 

Екі күн екі-ақ елі, екен, Алла-ай!

Әкеңнің қадіріне жете де алмай

Опынып жүр ме екенсің,

Арафатжан,

Томырық мінезімді көтере алмай…

 

Ниет

 

Желдей жортқан қағаздағы жырлардай,

қалжырадым күйкі күннен мұң қармай.

Қарсы алдыңнан шыға келем, жарығым,

судан шыққан сүлікқара тұлпардай!

 

Перзентіме парыздайын өтелдім.

Арафатым – кеудемдегі шекер мұң.

Кеп-кеңесін кеңістіктің керек қып,

ұлым сені көкірегіме көтердім.

 

Көмейіңе күпті болдым мен,жаным.

Мық ағаштай мықты болдым мен жаным.

Мықтылығым мылтықтайын құмықса,

жел жағыңда ықты болдым мен жаным!

 

Тәбәрік қып алакеуім таң нұрын.

Құдырет-ай, таңғажайып тағдырың.

Мен де жалғыз, ол да жалғыз,

сен жалғыз – жалғыздарға жар бола көр,

Тәңірім!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *