⚠️ Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық кезеңінде ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізуді жалғастыруда.
Дауыс беру күні жақындаған сайын әлеуметтік желілерде сайлауды әділ ұйымдастыруға күмән келтіретін жарияланымдар санының арта түсетіні белгілі. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай ақпараттың көпшілігі әрбір сайлау науқаны кезінде қайталанып отырады. Мақсат – азаматтарды ақпараттандыру емес, сайлау жүйесінің жұмысына қатысты теріс пікір қалыптастыру.
Ең жиі таралатын жалған мәлімдемелерді талдап көрейік.
1-миф. «Басқа қалада оқитын студенттер жазғы демалысқа байланысты дауыс бере алмайды».
Факт: Заңнамада уақытша жүрген жері бойынша дауыс беру тетігі қарастырылған. Жоғары оқу орындарымен бірлесіп студенттердің нақты тұрып жатқан жері анықталады, содан кейін олар осы мекенжай бойынша сайлаушылар тізіміне енгізіледі. Бұл жұмыс бүкіл сайлау науқаны барысында жүргізіледі.
2-миф. «Үздіксіз жұмыс істейтін өндіріс орындарының қызметкерлері мен вахталық кенттердің тұрғындары дауыс бере алмайды».
Факт: Мұндай жағдайлар үшін заңнамада үздіксіз өндіріс орындарында және вахталық кенттерде сайлау учаскелерін құру көзделген. Шешімдерді қалыптасқан жағдайларды ескере отырып, аумақтық сайлау комиссиялары қабылдайды.
3-миф. «Бір есептен шығару куәлігі арқылы бірнеше рет дауыс беруге болады».
Факт: Бұған заң жүзінде жол берілмейді. Әрбір куәліктің бірегей нөмірі болады. Ол жеке басты куәландыратын құжат пен жазбаша өтініш негізінде тек бір рет қана беріледі, ал оның берілгені туралы мәлімет сайлаушылар тізімінде тіркеледі. Заңнамада куәлікті қайта беру немесе жоғалған нұсқасын қалпына келтіру көзделмеген.
4-миф. «Сайлаушыларды тексеруге арналған онлайн-сервистерді деректерді өзгерту үшін пайдалануға болады».
Факт: Сайлау науқаны кезеңінде мемлекеттік ақпараттық жүйелерді бақылау мен қорғау шаралары барынша күшейтіледі. Цифрлық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және сыртқы киберқауіптерге қарсы іс-қимыл жасау үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда.
5-миф. «Сайлау бюллетеньдерін қолдан оңай жасауға болады».
Факт: Сайлау бюллетеньдерінде заңнамада белгіленген арнайы полиграфиялық қорғаныс элементтері болады. Әрбір бюллетеньге учаскелік комиссия мүшелері қол қояды. Белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін бюллетеньдер жарамсыз деп танылады.
6-миф. «Сайлаушылар тізімдері жаңартылмайды және онда көптеген қателіктер кездеседі».
Факт: Сайлаушылар тізімін жергілікті атқарушы органдар қалыптастырады және ол тұрақты түрде өңделіп отырады. Азаматтар өз деректерін алдын ала «Электрондық үкімет» порталы арқылы тексере алады немесе еліміздің барлық өңірлерінде жұмыс істейтін колл-орталықтарға хабарласуына болады. Әрбір өтініш белгіленген тәртіппен қаралады.
7-миф. «Сайлау халықаралық байқаушылардың қатысуынсыз, бақылауынсыз өтеді».
Факт: Сайлау науқанына шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары қатысады. Оларды аккредиттеуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады.
————
‼️ Дауыс беру күні жақындаған сайын мұндай мәлімдемелер жаңа жарияланымдарда, бейнероликтерде немесе әлеуметтік желілердегі жазбаларда қайта пайда болуы мүмкін. Сондықтан ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеруді және жекелеген жарияланымдар мен анонимді аккаунттардың хабарламалары негізінде қорытынды жасамауды ұсынамыз.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізуді жалғастырады және сайлау науқанына қатысты мәселелер бойынша тексерілген ақпаратты дер кезінде жариялап отырады.
