Жан-жүрегіме жақын қала…

1934 жылы «қала» атанып, бой көтерген Қарағандыға биыл тоқсан жыл толып отыр. Ғасырға жақын тарихы бар алып шаhардың қырық жылға таман ғұмырын жақсы білемін. Бала кезімде үй ішіндегі үлкендермен анда-санда киім алуға келгенімді, 1985-1986 жылдары екі жылдай талапкер болып талпынғанымды қоспағанда, 1987 жылдың жазынан бастап осы Қарағанды қаласының тұрғыны екенмін. Сол жылы Қарағанды Мемлекеттік университетіне (бүгінде Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түскенмін. 1987-1992 жылдар аралығындағы студенттік өмір, 1992-2001 жылдар ішіндегі журналистік ғұмыр, 2001 жылдан бергі жоғары оқу орындарындағы оқытушылық қызмет – осының барлығы Қарағанды қаласымен біте қайнасып, дөңгеленіп келеді.

Қарағанды – әу баста «Карлаг»-тың отаны болған қасіретті аймақ екендігі тарихтан белгілі. Сұрқия Сталин мен әпербақан Хрущевтің салғызған сұр үйлері мен сұрғылт  ғимараттары әлі де сақталған. Түксиіп тұрған осы нысандар енді қанша тұрарын ешкім де білмейді-ау…

Алғаш Қарағанды қаласына оқуға келгенімізде  Ресейдің жерінде жүргендей сезінуші едік. Алдында ғана екі жыл әскерде Мәскеуде болғанымда орыс әлемін біраз зерттедік қой. Қарағанды да тура сондай «орыстанып» тұр еді… Қаланың қай жеріне барсаң да өзге тілдің туы желбірейтін еді. Кеңестер Одағы болған соң не істей аласың?.. Алыс ауылдан келген біздерге біраз қиындықтар, біршама кедергілер болды. Әйтеуір, бағымызға қарай, филология факультетінде «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын қазақша оқыдық. Оған да шүкір! Осылай оқу ғимаратында ана тілімізде жүреміз де, сыртқа шыға бере бөтен тілдің «қақпанына» түсетінбіз… Олай дейтінім, көшеде, автобустың ішінде, дүкендерде, базар мен вокзалда, парк пен кинотеатрларда, келген концерт пен тағы басқа шоуларда орыс тілі үстемдік құратын. Мемлекеттік нысандардың бәрі сол тілде сайрап, өз тіліміз өз жерімізде өгейдің күнін кешетін еді. Ол күндерді де көрдік… Біз 5-ші курсты орталағанда 1991 жылдың желтоқсанында Тәуелсіздігіміз келіп, көзіміз ашылғандай болды. Қарағандының қатып қалған тоң-мұзы жіби бастады. Сонан жарты жыл өткенде, жадыраған жаз айында студенттік өмірмен қоштасып, дипломды қолға алдық. 1992 жылы осынау жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін, мамандық бойынша баратын жерге бармай, журналист  болып кеттім. Алғашқы шығармашылық жолымды «Замандас» жастар апталығынан бастадым. Қарағанды мен Жезқазған аймағына тарайтын жастар газетінің жұмысында жүріп, Қарағанды облысының, әсіресе, Қарағанды қаласының тыныс-тіршілігін, осындағы еңбек адамдарын, зиялы қауымды, жастар мен студенттерді, ұстаздар мен дәрігерлерді, өнер мен спорт өкілдерін, сондай-ақ, қоғамдағы барлық жайттарды жазып жүрдік. Қарағандыны бұрын жай аралап-қыдырып білсек, ендігі жерде толыққанды танысып, зерттей бастадық. Кеншілер қаласының көптеген тұрғындары мен қалаға қатысы барлардың тарихы мен тағдырын естідік, сұхбат алдық, түсірдік, жаздық. 1993 жылдың аяғында Қарағанды облыстық медицина газеті — «Шипагер» ашылғанда соған ауысып, Қарағанды қаласындағы барлық емхана мен ауруханаларды, онда істейтін медицина мамандарын, медицина университеті және медицина училищелері жайында үш жылдай газетке материал дайындадық. Медициналық мақалалар басылым бетінде үнемі жарияланып тұрды.

1999-2000 жылдары «Валют-Транзит» дейтін алпауыт компанияда жұмыс істедім. Сол компанияның «Азия Транзит» деген журналын шығардық. Мұнда да негізгі нысанамыз – Қарағанды қаласының өзекті өмірі мен рухани әлемі болды. Тағы да жаздық-сыздық.

2001 жылдан бастап өзім оқыған, мамандық алған қарашаңырақ – Қарағанды мемлекеттік университетіне жұмысқа шақырылып, филология факультетінің қазақ әдебиеті кафедрасына оқытушылық қызметке келдім. Сонан 2009 жылға дейін сегіз жыл қазақ әдебиетінің әр саласынан студенттерге сабақ жүргіздім. Жас ұрпаққа ұлттық әдебиетімізді ұғындыруға атсалыстық. 2004 жылы «Көз алдымда Құс жолы» атты алғашқы кітабым жарық көрді. 2009-2014 жылдардың арасында Қарағанды «Болашақ» университетінде (ол кезде университет болатын) қазақ тілі және әдебиеті кафедрасында аға оқытушы, сонымен қатар, осы оқу орнындағы ішкі ғылыми институтта ғылыми қызметкер болып еңбек еттім. Сонда жүріп «Қаз дауысты Қазыбек би», «Бұқар жырау», «Сәкен Сейфуллин» атты тұлғалық энциклопедияларды шығаруға қатыстық. Сол «Болашақта» екі жыл магистратураны қоса оқып, «педагогика ғылымдарының магистрі» болдым. Жазған ғылыми диссертацияның негізінде «Қазақ әдебиетіндегі Шыңғыс хан тұлғасы» деген атпен монографиям жарыққа шықты.

2014 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне қайта оралып, филология факультетіне қарайтын журналистика кафедрасына аға оқытушы болып орналастым.

Міне, сонан бері он жылдан асып барады, осы жерде білім мен ғылым жолында жұмыс істеп жатырмын. Бұрын мамандығым бойынша, студенттерге қазақ тілі мен әдебиетін, яғни филология саласынан дәріс оқысам, енді басқа мамандықтағы студенттерге журналистикадан сабақ беріп жүрмін. Филология мен журналистика тығыз байланысты, ағайынды мамандықтар ғой. Сондықтан да, екеуіне де бірдей түрен салып жүргенім…

1987 жылдан бері қарай Қарағанды қаласымен біте қайнасып келемін дедім. 38 жылдай осы кеншілер шаhарының ыстығына күйіп, суығына тоңып, өмір сүріп жатырмыз. Менің досым, марқұм Дәулет  Ырысбайұлының «Қарағанды вальсі» өлең-әнінде: «Қарағанды – менің қалам!» дейтін сөз тіркесі бар. Сол Дәукең айтқандай, Қарағанды – менің де қалам, осында тұрып жатқан тұрғындардың да қаласы!

1992 жылдың жазында Бөкетов университетін тәмамдап, диплом алғанда ұстаздарымыздың бірі: «Түркияға бір орын бар, әрі қарай оқуды жалғастырсайшы» дегенінде, Қарағандыны қимай, оған бармадым. Целиноград (қазіргі Астана), Алматы, Шымкент шаhарларында жас мамандарды шақыртқан жақсы қызметтер болды. Оларға да әр нәрсені сылтауратып, барған жоқпын.

Қысқасы, Қарағандыдан кете алмадым… Ұлы Мағжанның жас кезінде жазған: «Неге екенін білмеймін – Сол елімді сүйемін!» дейтін бір өлеңі бар еді. Мен де неге екенін білмеймін, осы Қарағандыны жақсы көремін, жан-жүрегіме сондай жақын қала! Бәлкім, студенттік-романтикалық кезім, жастық жалыным осы жерде өткендіктен бе екен?..  Әлде, алғашқы шығармашылық жолыма айқара есігін ашып, ақ жол тілегендіктен бе екен?.. Болмаса, «Карлаг»-та қалған есіл ерлердің рухы желеп-жебеді ме екен?.. Шынында да, неге екенін білмедім…  Қалай десем де, сыртқы түсі қарапайым әрі қара болғанымен, құшағы кең, мейірімі мол, жүрегі ақ, көңілі даладай осы қалада ғұмырымның жартысы өтті…

Биылғы тоқсан жылдық торқалы тойың құтты-қайырлы болсын, Қарағандым! Уақытпен жарысып, ұрпақтармен қауышып, ұзағынан жасай бер, менің қасиетті Қарағандым!!!

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,

Қарағанды қаласы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *