Жауабым бар, сұрағы жоқ

Сұхбат – туған жері мен туған жылын, сүйікті тағамын сұрайтын анкета емес. «Журналистика саласындағы ең оңайы – сұхбат» деп ойлайды көп тілші. Керісінше, ең қиыны – сұхбат. Сұрақ қоюдан асқан күрделі дүние жоқ. Одан гөрі мақала жазған оңайырақ-ау. «Сонда сұхбаттасудың машақаты қандай?» деген заңды сұрақ туындайды. Жауап беріп көрейік.

Сұхбаттың жақсы шығуы – сұхбат алушыдан. Жауаптан сұрақ туындайды. Бірақ тілшінің басты мақсаты сұрақ қою ғана ма? Жоқ. Тілші тергеушімен парапар. Сөйлету керек. Сіздің қитұрқы сұрағыңызға нақты жауап бермеуі мүмкін. Ал тілші жауабын алуы қажет. Түптің түбінде. Мұраты – сол. Сонымен қатар әңгіме ауаны өзгеріп отырса – тілшінің мықтылығы. Тілшінің «Мені» болуы керек. Бірақ «біз» тұрғысында.

Машақаты не сонда? Мысалы, сіз апталық газетте тілші болып жұмыс істейсіз. Сұхбат алу керек. Бір күн бұрын тапсыру керектігін ескерсек, сізде алты күн бар. Енді кейіпкеріңіздің кім екенін зерттеу керек қой. Қандай еңбектері бар? Бағыты қандай? Кімді жеккөреді, нені жақсы көреді? Барлығын зерттеу керек. 60-70 беттік материал. Кем дегенде үш күн кетеді. Тапжылмай жұмыс істесеңіз егер. Ар жағында үш күн қалды. Бір күн бойы сұрақ дайындайсыз. Бір күнін сұхбаттасуға жібересіз. Сұхбатты бір күнде қағазға түсіріп үлгеруіңіз керек. Оны түзейсіз. Содан кейін барып қана сұхбат дайын болады. Газет дайындау кезіндегі машақатты есептемегенде. Бірақ сол бес беттік сұхбатты жазу үшін қаншама машақаттан өттіңіз. Оңай ма екен? Ал журналистикаға келген түлек бірден сұхбатты таңдағысы келеді. Сұхбаттасатын адамыңды жүз болмаса да, алпыс пайыз білуің керек емес пе?!

Бір жарым сағаттық сұхбаттан жарты сағаттық сұхбат мәндірек болады кей кезде. Ал бұл – сұхбат берушінің кемшілігі. Бір сөзді езіп отыратын адамдар да кездеседі. Содан сұхбат қысқара түседі.

Тамаша сұхбатты формат құртады. Екі беттік сұхбат арқылы біраз дүниені жеткізуге болады. Бірақ бұл талапқа сәйкес келмейді. Сұхбатта артық сөздердің орын алуы – форматтың арқасы.

Виктор Цой соңғы сұхбатының бірінде: «Елде кәсіби журналист жоқ. Іш пыстыратын сұрақ қоясыздар», – деген екен. Дені дұрыс тілшінің жоқтығына налыса керек. Тәкен Әлімқұлов тілшінің қойған сұрағына жауап бермей отырып алатын көрінеді. Қыңыр адамдардың бірі – Бауыржан Момышұлы. Жақында жазушы Мархабат Байғұт сұхбат беріпті. Сұхбатында Бауыржан Момышұлынан қалай сұхбат алғаны жайлы еске алады. Жазушы: «Аудандық газеттен облыстық газетке ауысқан кезім еді. Бас редактор шақырып алып: «Восход» қонақүйінде Бауыржан Момышұлы жатыр екен. Содан барып сұхбат алып келесің», – деді. Үлкендердің ешқайсысы барғысы келмеген. Шошып кеттім. Баукеңнің журналистерді «қарсы алғаны» туралы талай естігенбіз. Амал жоқ, баруға тура келді.

Барсам, Шардара жақтың бір топ адамы Баукеңе арнайы сәлем беруге келген екен. Баукең:

– Сен кімсің? – деп дүр ете қалды.

– Мен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің корреспонденті едім, – дедім.

– Вы, корреспонденты, дураки. Потому что обманываете народ! – деді Баукең түсін суытып. Мен не айтса да көнемін деп бекініп отырмын. Тек мына шардаралықтар кетсе деп отырмын. Бір кезде олар кетті. Мен:

– Аға, – деп бастай беріп едім:

– Қайдағы аға?! Мен саған аға емеспін, атамын, – деді Баукең ызғарлы үнмен. Мен:

– Біз жақта әкесінен жасы кішіге аға, әкесінен жасы үлкенге ата деп сөйлейді. Сіздің жасыңыз менің әкемнен кіші, – дедім. Осы сөзден кейін Баукеңнің жүзі жыли бастады. Айтқан сөзім ұнады, шамасы. Сұхбаттасып қайттым».

Табандылық деп осыны айт. Тілшінің мысы басылмауы керек екендігіне бір мысал – осы. Сұхбат берушінің жауабы тілшінің деңгейін білдіреді. Тілші – нұсқаушы. Сұхбат тілшінің бағытымен жүруі керек.

Барлық талапты білгенімізбен, сұхбат төңірегінде әлжуаздық танытып жатамыз. Сұхбат алу мәдениетінің өспегендігінің белгісі – бұл. Біздің сұхбат қандай? Әйелімен қалай танысқаны, әріптесімен қайтіп керіскені, өбіскені, табысқаны… Жұртқа сол қызық болып отыр.

Меніңше, сұхбат диалогге айналуы керек. Оған мысал – профессор мен студент арасындағы диалог:

Профессор бірде студенттен былай деп сұрайды: Құдай жақсы ма?

Студент: Иә.

Профессор: Ал сайтан ше?

Студент: Жоқ.

Профессор: Дұрыс. Айта қойшы, балам, жер бетінде зұлымдық бар ма?

Студент: Иә.

Профессор: Айналаңның барлығы – зұлымдық, солай ма?! Барлығын Құдай жаратты, иә?!

Студент: Иә.

Профессор: Ал сонда зұлымдықты жаратқан кім?

Студент: …

Профессор: Жер бетінде ұсқынсыздық, тұрпайылық, дерт, арам пиғыл бар. Солай ма?

Студент: Иә, мырза!

Профессор: Оларды кім жаратты?

Студент: …

Профессор: «Айналаңда болып жатқан дүниелерді тану үшін адамға бес сезім берілген», – дейді ғылым. Айта қойшы, балам, сен Құдайды көрдің бе?

Студент: Жоқ, мырза!

Профессор: Құдайды естідің бе?

Студент: Жоқ.

Профессор: Бір сәт болсын Құдайды сезіндің бе? Оның иісін сездің бе? Ұстап көрдің бе?

Студент: Жоқ.

Профессор: Сен әлі де оның барына сенесің бе?

Студент: Иә.

Профессор: Осыны ескере отыра, ғылым Құдайдың жоқ екендігін айтады. Бұған қарсы қандай уәжің бар?

Студент: Жоқ, профессор. Бірақ менде тек сенім ғана бар.

Профессор: Міне, дәл солай. Сенім – ғылымның ең басты мәселесі.

Бір кезде сұрақты студент қоя бастайды.

Студент: Профессор, суық деген бар ма осы?

Профессор: Бұл не сұрақ? Әрине, бар. Сен ешқашан тоңып көрген жоқсың ба?

(Студенттер жас жігіттің сұрағын келеке қылады).

Студент: Негізі, суық деген жоқ. Физика заңдылығына сүйенсек, суықтың болуы жылылықтың жоқтығынан. «Суық» деген сөзді жылу болмағандықтан ойлап тапқанбыз (аудитория үнсіз қалды). Ал қараңғылық деген бар ма?

Профессор: Әрине, бар. Қараңғылық болмаса, түн қайдан келді?

Студент: Сіз тағы қателестіңіз. Қараңғылық деген жоқ. Тағы да сол жарықтың жоқтығынан. Сіз жарықты кез келген өлшеммен өлшей аласыз. Ал қараңғылықты өлшеу мүмкін емес. Бір ғана сәуле қараңғылықты жоқ қыла алады. Кеңістіктегі қараңғылықтың қанша екенін қайдан білесіз?! Солай емес пе? «Қараңғы» сөзі де – адамның ойлап тапқаны. Енді мына сұраққа жауап беріңізші: өлім бар ма?

Профессор: Әрине.

Студент: Тағы қателестіңіз. Өлім де – өмірдің жоқтығынан.

Профессор: Мұның барлығын не үшін айтып отырсың?!

Студент: Сіз студенттерді «адам маймылдан жаралған» деп үйретесіз. Эволюцияны өз көзіңізбен көрдіңіз бе? (профессор жымиды).

Студент: Барлық үдерісті ешкім көрген жоқ. Демек, сіз ғалым емес, діндар адамсыз. Осында отырған студенттердің бірі профессордың миын көрді ме? Оны ұстап, иіскеді ме? Дәмін көріп пе? Ешкім көрмеген екен. Барлығын ескере отыра, профессордың миы жоқ деп тұжырым жасай аламыз. Лекцияда айтылғанның барлығына қалайша сенеміз?

Профессор: Менің ойымша, жай ғана маған сенулерің керек.

Студент: Міне, көрдіңіз бе! Құдай мен адамды байланыстырып тұрған дүние – СЕНІМ.

Ал бұл студенттің кім екенін білесіз бе? Алберт Эйнштейн. Сұхбаттың сұлбасы осылай шықса, керемет болар еді. Бұл диалог – сұхбаттың бір ғана мысалы.

Қарапайым сұрақ бар. Оңай болып көрінгенмен, жауап беруге келгенде, ойланып қаласыз. Менің сондай 5 сұрағым бар. Жауап беруге асықпаңыз?

– Неден қорқасыз?

– Неден қорықпайсыз?

– Сіз кімсіз?

– Мұратыңыз қандай?

– Сенім деген не?

Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *