– Есіміміз ұқсас екен – деді ол.
– Ұйқасады, – деп күлдім.
Адаммен танысқанда диалог еске түспек түгіл, ныспысын ұмытып қалатынмын. Әлде олар адам емес пе еді?! Ұмыт қалмағаны шын Адаммен танысқандығымнан болар. Кейіпкерімді «Адам» деп атағанды жөн көрдім. Менің әңгімем Адам жайлы. Ұйқасу керек болса, Надан һәм Жаман болам. Болмаса Қоғам не Бодан болуым керек. Менің рөліме төртеуі де келеді. Ол Адам қандай адам?
Мінсіздік деген жоқ, әрине. Егер осыған жетеқабыл қасиет болса – менің Адамыма шақ. Өзімді кейде сол Адамды зерттеуші ретінде көремін. Нәтиже жоқ. Сонда да мұқият зерттеймін. Айтқан әңгімесін қойындәптеріме түртіп отыру – әдет. Кісіні емес, адамды танығым келгендіктен. Әрбір әңгімесін тыңдауға асықпын. Өзге біреу тыңдап қойса, қызғанатынды шығардым. Таңғажайып әңгімесін тыңдау менің ғана маңдайыма жазылған сияқты. Шынайы ертегісін есту үшін түрлі сылтау ойлап табамын. Мақсат – тану. Дүниетанымымды кеңейту. «Мың бір түннің» кейіпкері сияқтымыз. Бірақ әңгімені Шахрияр емес, Адам айтады. Тұтқыны – мен.
Біреулер «адамдардың ішінен адам іздеп жүрсе» (Диоген), мен оны әлдеқашан тапқам. Әй, бірақ солардың іздеп жүргені шамалы. Диоген құсап күн жарықта шам алып іздемейді-ау…
Ол – көшпелі роман. Роман-адам. Жазбай жүргені сондықтан. Өзі тірі роман болса, жазудың қажеті не?! Әңгімені жазып отырғандай айтады. Әңгімесін қағазға түсіріп отырсаңыз – дайын шығарма. Асқар Сүлейменов те сондай еді. Кейде Адамды Асқарға да ұқсаттым. Жоқ, ол ешкімге ұқсамайды екен, ұйқаспайды да. Вашингтон Ирвингтің бір кейіпкеріне келетін секілді. Ұшқыны бар.
Көрінбей кетті. Іште – әр түрлі сұрақ. «Ол қайда?» деп елеңдеймін. «Шахриярдың» әңгімесін тыңдағым келеді. Не дейді екен? Қай шындықты естимін?! Ол отыратын автобусқа да міндім. Жоқ. Ол жүретін жолға да түстім. Көрінбеді. «Үміт» аялдамасына келдім. Ойға шомдым. Бір кезде біреу:
– Бұл әлемде біз жалғыз емеспіз. Сен соны білесің бе? – деді. Адам. Автобус келе қалды. Отырдық. Менің сұрағым басталды. Оның жауабы тас жарды.
– Неге? Адамнан басқа кім бар? – дедім бағанағы сұрақ есіме түсіп. Менің жауабым – сұрақ.
– Параллель әлем. Олар бізді көреді. Біздің оларды көруге санамыз жетпейді. Міне, қазір біздің отырған жерде тіршілік жасап жүр.
– Қызық. Қалай сонда? – дедім әңгімесін онан әрі тыңдағым келіп. Бұл әңгіме мен үшін тосын еді. Бір кезде:
– Көрмедің бе? – деп таң қалды.
– Көруім керек пе еді?!
Адам үшін параллель әлем – қалыпты жағдай. Таңырқағаны да сондықтан.
– Ал сен ше? Көрдің бе?
– Көрмесем, мұндай сұрақ қоям ба?
Автобус «Табиғат» аялдамасына келді. Үнсіздік орнады.
– Талай көрдік. Бұл әлем құпияға толы – құбылыс. Жатпланеталықтарды да көрдім.
Аузым ашылсын да қалсын.
– Қалай? Олар, шынымен, болғаны ма сонда?
– Таңды таңға ұрып айтатын әңгіме. Үйге кел, айтып берем. Көп адамға айта бермеймін. Өйткені олар сенбейді де. Босқа әумесер болып көрінесің.
Кеудемді мақтаныш кернеді. Адам ешкімге айтпаған әңгімесін маған айтатын болды. Керемет емес пе? Маған сенгендіктен айтады.
«Он тоғыз» аялдамасы.
Адам мұның бәрін қайдан біледі? «Кітап оқуға уақыт жоқ», – дейді. «Білім – кітапта» деп жүрген мен ақымақ екенмін. Бірақ бір роман туралы айта қалсаң, кеше ғана оқығандай талқылайды. Оның «уақыт жоқ» дегені не сөз? Менің «уақытым жетеді» деген қай мақтан?.. Менің Адам болғым келеді.
«Отыз екінші» аялдама деп хабарлады. Сол сәтте Адам 1932 жылы орын алған оқиға туралы айтып болған.
– Никола Тесла туралы не білесің? – деді бір кезде.
«Білем» дегеннен «білмеймін» деген артық.
– Тесланың заңы жүзеге асқанда, біз мынадай ит тірлік кешпес едік. Ол туралы дерек көп қой. Қарап шық.
Тесла. Естімеген есім. Нендей заң ойлап тапты? Неге жүзеге асырмады?
Адаммен кездестіргені үшін Жаратқанға – мың мадақ. Адамды ғұлама санаймын. Мендей ғұламаны шәкірт қылған ғұлама (танысқанға дейін өзімді ғұлама санап келсем керек). Оны дос көремін. Бірде «аға» деймін, одан екі жас үлкен болғаныма қарамай. Жасы кіші болса да, танымы үлкен.
«Ғарышкер» аялдамасы.
– Саған еркіндік жетіспейді.
– Оның не екенін түсінбегендіктен шығар?
– Біреулер еркіндікті ойыңа келгенін жасау деп түсінеді. Олай емес. Өзіңмен-өзің болу. Нәпсіден биік болу. Жасандылықты жеңе білу. Басқа не?
Шын сөз. Бірақ әлі жете түсінген жоқпын. Түсінгім келеді. Адам құсап өмір сүргім келді.
– «Ақымақтар» бар ма? – деді кондуктор. Көп екен.
– Түсінбеймін, – деді Адам. – Адамдардың жасап жүрген тіршілігін көріп налимын. Түсінбеген мен әңгүдік не олар сондай? Адамның аңнан артықшылығы ақылында. Ақыл берген. Ал мыналарды қарашы… Бұлардан аң қайырлы.
«Сырдарияға» келгенде:
– Біздің ғұмыр тамшының жерге құлағанына да жетпейді. Ал сол ғұмырымызда не істейміз? Елмен бірге оянасың. Жұмысқа барасың. Жұмысқа барар уақыттың өзін есептесек, жылына 825 сағат кетеді. Жұмыстағы уақыт ше? Одан келіп ауқаттанасың. Ал руханиятқа уақыт қалмайды. Айтшы, айуаннан қай жеріміз артық? Сөйлегеніміз бе? Әлде тамақты қасықпен жейтініміз бе? Боқ дүние, – деді.
Күйіндім. Ойландым. Қандай амал бар?
– Жүйе шығар?
– Жүйе өзі пайда болған жоқ. Оны адам ойлап тапты. Демек, адам кінәлі. Мен кінәлі, сен кінәлі. Бәріміз кінәліміз.
Осы уақытта «Сусиырға» келіп қалыппыз.
– Өмірдің мәні неде сонда?
– Ұрпақта шығар. Саналы ұрпақ тәрбиелеу. Қалғаны далбаса.
Рас, «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» (Абай). Иә, «Сұм өмір абақты ғой саналыға» (Мағжан). Менің Адамыма да бұл өмір – абақты, жалғанда қызық жоқ. Өйткені ол – менің Адамым.
«Өмір» аялдамасына келгенде не деп еді? Құрып кеткір, есіме түспей отырғаны несі? Маңызды нәрсені еске түсіре алмағанда қиналатыным бар. Туысынан айырылғанынан да қасіретті. Не деді? Адам, не деп едің? Үнсіз отырдық па? Сенің үнсіз отырғаныңды көрген емеспін. Әлде жай ғана жымидың ба? Жоқ, сен мырс еттің. Тағы не істедің? Ұмыттым. Өмір дегенде, есімізден айырылып қалатынымызды-ай… Бәрін ұмыттым. Адаммен бірге ұзақ әрі қысқа сапарға шыққандаймын. Мәреге жақындап қалған сайын, кеудемде қимастық пайда болды. Әлде мәре жоқ па еді? Есіме түсті: «Өлім – өмірдің нүктесі емес», – дедің. Егер арғы жақта кездесетін болсақ, әңгімеміздің ауаны қандай болады екен? Жұмағымыз һәм тозағымыз жайлы сыр шертісеміз бе? Қызық…
«Өлім» аялдамасына келдік. Мұны өзіміз атап кеткенбіз. Екеуіміз. Негізі, аялдаманың атауы – «Рахат».
– Адам өлсе, оны ұлы көретініміз несі? Ақын мен ұлылық дегенді синоним қылып жүргендер бар. Мүмкін, антоним шығар. Артист ақын көп. Ойнайды. Өзін «пайғамбар» сезінеді. Шындығына келгенде, оның іші де толған – боқ. Абай: «Адам – бір боқ, көтерген боқтың қабы», – деп қалай керемет айтқан, ә?! – деді де, қолын бір сілтеді. «Қайыр бар ма?» дегендей.
– Өлім жайлы жиі ойланасың ба?
– Өлім – ақиқат. Ешкім одан құтыла алмайды. Дегенмен, білесің бе… жаңбырдан соңғы даланың көрінісі, иісі керемет емес пе? Міне, сол кезде кеудемде қимастық пайда болады. Бір кездері жалғанның өтерін білсең де, тіршілікті қимайсың. Сол бір шақта болмаса… Жақсы, менің аялдамам… – деді де қош айтысты.
Осы қандай аялдама еді? Атауы қалай? Сұраймын деймін де, ұмытып кетемін…
Адам, сенің аялдамаң қандай? Адам ба, әлде жатпланеталық па? Екеуінің біреуі, әйтеуір. Тағы бірдеңені сұрауды ұмытып кеттіппін. Менің басты сұрағым бар еді: «Сен кімсің, Адам?!».
Уа, дүние, Адам болғым келеді.
Ерболат ҚУАТБЕК