Header Banner

2026 жылғы 11-20 шілде аралығындағы ресми теріске шығарулар жиынтығы.

Талдау көрсеткендей, көбіне жалған ақпаратты тарату ұғымдарды алмастыру, нақты деректерді контекстен бөліп алу, мезгілінен бұрын қорытынды жасау және анонимді дауысты хабарламалар жіберу сияқты ортақ сценарийлер бойынша жүзеге асқан.

➡️Фейк: Салық органдары азаматтардың жинақтарын тұрақты бақылау үшін олардың банктік шоттары мен депозиттеріне қол жеткізе алады.

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті: Салық органдары жеке тұлғалардың банктік және депозиттік шоттарына нақты уақыт режимінде қол жеткізе алмайды және азаматтардың жинақтарына бақылау жүргізбейді.

JAQ.OrtCom түсіндірмесі: Бұл хабарлама мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін асыра көрсетуге және азаматтар үшін маңызды болып табылатын жеке қаржы мәселелерін пайдалануға негізделген. Әдетте заңнаманың жекелеген нормалары немесе талқыланып жатқан бақылау шаралары толық әрі жаппай бақылау тетігі ретінде бұрмаланып түсіндіріледі. Мұндай ақпарат негізсіз үрей тудырып, қаржы жүйесіне деген сенімсіздікті қалыптастырады. Ал шын мәнінде, мемлекеттік органдардың құқықтық өкілеттіктері қолданыстағы заңнамамен және банк құпиясын сақтау талаптарымен қатаң шектелген.

➡️Фейк: «Қордай» шекаралық өткізу пунктінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы талапқа сай емес жағдайда тұр.

ҚР ҰҚК Шекара қызметі: Тексеру жүргізілді, аталған мәліметтер расталған жоқ.

JAQ.OrtCom түсіндірмесі: Бұл жағдайда оқиғаның мән-жайын объективті бағалауға мүмкіндік бермейтін фото және бейнематериалдар қолданылған (видео фильтр арқылы жасалуы мүмкін). Мемлекеттік рәміздерге қатысты жарияланымдар аудиторияның эмоциялық реакциясын тудырып, әлеуметтік желілерде белсенді түрде таралады.

➡️Фейк: Жолаушылар орындығындағы пакетке «қауіпсіздік белдігі тағылмағаны» үшін жүргізушіге айыппұл салынды.

Алматы қ. Полиция департаменті: Алдыңғы жолаушылар орындығында тұрған пакет заң бұзушылық нысаны болып табылмаған және ол салынған айыппұл туралы қаулыға ешқандай қатысы жоқ.

JAQ.OrtCom түсіндірмесі: Мұнда ақпаратты контекстен бөліп алу арқылы манипуляция жасаудың кең таралған тәсілі қолданылған. Ресми материалдардың мазмұнын бұрмалау, оқиғаны сенсациялық түрде түсіндіруге және мемлекеттік институттарға деген сенімсіздікті қалыптастыруға бағытталған.

➡️Фейк: Ақмола облысындағы дала өртін сөндіруге қатысқан өрт сөндірушілер толыққанды тамақпен қамтамасыз етілмеген.

Степногорск қаласының әкімдігі және Ақмола облысы ТЖД: Жеке құрам құрғақ азық-түлік жиынтығымен, ауыз сумен және ыстық тамақпен толық қамтамасыз етілді. Сонымен қатар өртті сөндіруге қатысушылар үшін қосымша ыстық тіскебасарлар мен сусындар ұйымдастырылды.

JAQ.OrtCom түсіндірмесі: Бұл хабарламалар мемлекеттік органдардың жұмысы туралы теріс пікір қалыптастыруға және қоғамдық резонанс тудыруға бағытталған эмоционалды сипаттағы жазбалар мен фотоларға сүйеніп жасалған.
 
➡️ Фейк: Тараз қаласында автокөлікке атыс қаруынан оқ атылды.

Жамбыл облысының Полиция департаменті: Автокөліктің зақымдануы спорттық рогатканы қолдану салдарынан болған. Мүлікті зақымдау фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды.

JAQ.OrtCom түсіндірмесі: Мұндай хабарламалар ресми тексеру аяқталмағанға дейін  тексерілмеген ақпаратты тарату салдарынан туындайды. «Атыс» немесе «қару қолдану» сияқты сөздерді пайдалану оқиғаның эмоционалды қабылдануын арттырады. Ал, іс жүзінде жағдай хабарламада айтылғандай қорқынышты немесе драмалық емес, әлдеқайда қарапайым болып шығады.
 
➡️ Фейк: Петропавл ЖЭО-2-де ірі апат болып, электр энергиясының ұзақ уақытқа өшірілу қаупі туындады.

«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ: Станция штаттық режимде жұмыс істеп тұр, апаттық жағдайлар  тіркелген жоқ, жабдық өндірістік кестеге сәйкес жұмыс істеп тұр.
 
JAQ.OrtCom түсіндірмесі: Бұл жағдайда «анонимді ақпарат берушілер» тәсілі қолданылған, бұл аудиторияда «жақын адамдардан алынған сенімді ақпарат» деген жаңсақ пікір қалыптастырады. Хабарламалар жеке чаттар арқылы жылдам тарап, халық арасында негізсіз дүрбелең мен алаңдаушылық туғызуға есептелген.