55 мыңнан астам жұмыс орны құрылды

Халықтың жұмыспен қамтылу көрсеткіші – әл-ауқаттың көрсеткіші. Сондықтан, Қарағанды облысында жұмыссыздықпен қарқынды жүріп келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 4,1 пайызды құрады. Бұл – еліміздегі ең төменгі деңгей. Былтыр жыл басында өңірлік жұмыспен қамту картасы бекітілді. Сәйкесінше, 55 408 жұмыс орны ашылды.

Былтыр облыс тұрғындарының барлық әлеуметтік қорғалмаған топтарына кешенді қолдау көрсетілді. Бұл мақсатта әлеуметтік салаға барлық бюджет көздерінен 14 млрд 314 млн теңге қаржы бөлінді. Аталған қаржының барлығы дерлік игеріліп, 99,92 пайызы қажетке жаратылды.

Жұмысқа орналастыру көрсеткіші де бектіліген жоспардан асып түсіп, 2 пайызға артық орындалды. Жіліктеп айтатын болсақ, 21 мыңның шамасында адам тұрақты жұмысқа орналасты. Ал, 24 011 адам бос жұмыс орындарына жіберілді. Азаматтардың жеке бастамалары шеңберінде 17 600 жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ, 6470 адамға жұмыспен қамту тетіктері арқылы екі қолға бір күрек тапты.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекованың айтуынша, жұмыссыз жастар түрлі бағдарламалардың да шарапатын көрді.

– Аталған шаралар аясында жастар практикасына – 844, қоғамдық жұмыс орындарына – 3 554, әлеуметтік жұмыс орындарына – 483, «Бірінші жұмыс орны» – 471, «Күміс жас» жобасына – 1092 және ұрпақтар келісімшартымен 26 адам қамтылды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы кешені, жол, мәдениет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім беру, өнеркәсіп, құрылыс, табиғат пайдалану және цифрландыру саласы бойынша ұлттық жобалар шеңберінде 6 294 жұмыс орны құрылды. Оған 4 647 адам орналастырылды, – дейді басқарма басшысы.

Мүгедектігі бар жандар да қамқорлықсыз қалған жоқ. Оларды жұмысқа орналастыруда жалақысын субсидиялау тәсілі кеңінен қолданылып отыр. Мәселен, былтыр осы әдіспен кәсіпорындарда 12 арнайы жұмыс орны құрылды. Өз кезегінде жұмыс берушілер мүгедектігі бар адамдардың физиологиялық мүмкіндігін ескере отырып оларға ыңғайлы болуы үшін арнайы жабдық сатып алды.

Жұмыспен қамтуда мемлекеттік гранттардың да көмегі көптеп тиіп отыр. Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Бір тұтас ұлт. Берекел іқоғам» Жолдауында бұл мәселе туралы нақты тапсырма берген еді. Соған сәйкес былтыр жастар кәсіпкерлігін дамытуға 365 несие берілді.

Бұл тұрғыда тарқатып айтар болсақ, қалалық жастарға – 131, ауылдарға 234 несие рәсімделді. Несиенің жалпы сомасы 1 млрд 620 млн теңген құрады. Жылдық пайыздық мөлшерлемесі – 2,5 пайыз.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына 212 грант берлді. Мұндағы 1 гранттың мөлшері 400 АЕК, яғни, 1,38 млн теңге. Бұл мақсатта 263,58 млн теңге бөлінді.

Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударғандарға жан-жақты көмек көрсетіліп келеді. Былтыр «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде 33 адам Қарағанды облысына қадасын қақты.

Жақында облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында жастар арасындағы жұмыссыздықты жою мәселесі талқыланды. Мұнда бос орындар жәрмеңкесі, бизнесті дамытуға арналған гранттар мен жеңілдікті несиелер, Ұлттық жобалар жас буын арасындағы жұмыссыздықты жоюда тиімді қаруға айналуы тиістігі айтылды.

Өз кезегінде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірлердегі жастарды жұмысқа орналастыруға баса көңіл бөлуді тапсырды. Жұмыс­пен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Төлеу Мұхтардың айтуынша, жастар арасындағы жұмыссыздық 3 пайыздан сәл асады.

– Былтырғы жылдың ІІІ тоқсанында облыстағы жастар саны 309 258 болса, жұмыссыз жастар саны 5 732-ге жетті. Мұндағы жастардың 3,1 пайызы жұмыссыз. Бұл республикалық көрсеткіштен 0,2 пайызға төмен. Ең жоғарғы деңгей Қарағанды қаласында – 4,9 пайыз. Сондай-ақ, Балқашта – 4,6 пайыз, – деді Төлеу Мұхтар.

Былтыр бекітілген өңірлік жұмыспен қамту картасы бойынша 25 мың жас азамат жұмысқа орналасты. Бұл орайда, ұлттық жобалар, бос жұмыс орындар жәрмеңкелері, әлеу­­меттік жұмыс орындары, биз­неске тарту, «Бірінші жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларының тиімділігін ерекше атап өтуге болады.

Жастарды жаңа кәсіп түрлеріне баулу да ұмытылған жоқ. Skills.enbek.kz сайтында жарты мыңға жуық жас онлайн білім алды. Сонымен қатар, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 2600-ден астам жас кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды.

Биыл 13 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жос­парланып отыр. Бұл орайда, атқарушы органдар, әрине, мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобаларға арқа сүйейді. Осылайша, биыл да жұмыссыздық деңгейін төмендетуге күш салынатын болады.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *