Сенім мен сезімге құрылған ғұмыр

Жақында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінде адам жанына жылу сыйлаған, отбасылық құндылықтардың қадір-қасиетін тереңнен қозғаған тағылымды кездесу өтті. Университет жанындағы «Үкілі үміт» клубының ұйымдастыруымен өткен «Сенім. Сезім» атты рухани кешке жарты ғасырға жуық тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан Жаңбырбай Ахметұлы мен Айман Анарбекқызы құрметті қонақ ретінде шақырылды.

Кеш барысындаерлі-зайыптылар өмір жолындағы ой-толғамдарын ортаға салып, бір-біріне тірек бола білудің, отбасылық өмірдегі сабыр мен адалдықтың шешуші рөлі атқаратынын ерекше атап өтті. Жарты ғасырға жуық уақыт бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп келе жатқан қос тұлғаның әңгімесі өмірдің өзінен алынған шынайылығымен әсер қалдырды.

«Үкілі үміт» клубының белсенді мүшесі – Нұрғасыр кеш тізгінін қолға алып, мазмұнды сауалдары арқылы әңгіменің табиғи өрбуіне жол ашты. Қонақтар әр сұраққа бір-біріне жол беріп, байыппен жауап қатты. Осы сәттің өзінен-ақ өзара сыйластық пен түсіністікке құрылған қарым-қатынастың айқын үлгісі байқалды.

Кездесуде әсерлі сәттер де аз болған жоқ. Сыйластық жарасқан жұпты немерелері онлайн байланыс арқылы құттықтап, әннен шашу шашты. Сондай-ақ Жаңбырбай Ахметұлының шәкірті –Ернат Мэлсұлы да онлайн формата құттықтау жолдап, ұстазына деген алғысы мен ыстық ықыласын білдірді.

Жиын барысында Жаңбырбай Ахметұлымен қызметтес болған әріптестері сөз алып, оның кәсіби біліктілігі мен қатар, адами болмысына кеңінен тоқталды. Әріптестері оны парасатты, сабырлы, айналасына әрдайым қолдау көрсете білетін, адамгершілікті биік қоятын тұлға ретінде сипаттады.

Кештің мазмұнын байыта түскен тағы бір қызықты дерек – Айман Анарбекқызының жастық шағынан сыр шерткен естелігі болды. Ол бір кездері «ҚызЖібек» фильмінің кастингіне шақырту алғанын, алайда анасы жібермей қалғанын еске алды. Бұл әңгіме көрерменге өткен дәуірдегі отбасылық тәрбиелік ұстаным мен ата-ана жауапкершілігінің мықты болғанын аңғартты.

Ал Жаңбырбай Ахметұлы өз кезегінде Мәскеуде қызмет бабымен жүрген жылдарын еске алып, Айман апайдың сол кезеңде отбасын айрандай ұйытып, жағдайын жасап, барынша қолдау көрсетуге тырысқанын айтты. «Қай жерде жүрсем де, отбасымның амандығы мен берекесі мен үшін бірінші орында болды», – деген сөзі ер азаматтың отбасы алдындағы жауапкершілігін айқын көрсетті.

Кездесу барысында асығыс шешімнен аулақ болып, ақылға жүгініп, саналы түрде шаңырақ көтерген жандардың арасындағы жарасымды қарым-қатынас көпке ой салды. Бүгінде ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере мен жиен сүйіп отырған бақытты ата мен әженің өмір жолы – ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі.

Іс-шараның тағы бір мәнді тұсы «Күретамыр» және «Ұлағат» клубтарының жастары арнайы шақырылып, өнегелі ғұмыр иелерінің өмірлік тәжірибесінен рухани азық алғаны дер едім. Мұндай жүздесулер жас буынның отбасылық құндылықтарға деген көзқарасын қалыптастырып, рухани дүниесін байыта түсетіні анық. Осы тұста университетте шығатын  «Жастар әлемі» журналының жанынан«Үкілі үміт» клубының жұмысын бастап, жастарға ақылшы болып отырған Гүлнара Шөменованың еңбегін де ерекше екенін атап өткен жөн.

Жиын соңында қатысушылар тарапынан ақжарма тілектер айтылды. Кездесу қонақтарының бірі ретінде мен де ұстазыма құрмет білдіріп, Жаңбырбай Ахметұлы мен Айман Анарбекқызына алдағы уақытта гауһар тойларын тойлап, ұрпағының қызығын көре беру бақыты бұйырсын деген ізгі ниетімді жеткіздім.

Сенім мен сезімге негізделген мұндай тағылымды ғұмыр – бүгінгі қоғам үшін үлкен өнеге. Осындай мазмұнды кездесулер жастардың жүрегіне жол тауып, ұлттық әрі отбасылық құндылықтарды дәріптеуге қызмет етері сөзсіз.

Жұпар Жақан,

«Облыстық қазақ тілі және мәдениеті қоғамы»

қоғамдық бірлестігінің мүшесі, тіл жанашыры