Туризм дамып келеді

Бүгінде туризм – тек саяхат емес. Бұл – жайлылық пен әсер қалыптастыратын, жаңа бағыттар мен бизнес ашуға мүмкіндік беретін, жұмыс орындарын құратын сала. Сонымен қатар, еліміздің қоржынына да қомақты қаржы салмақ.
Қарағанды облысында 2025 жылдың алғашқы 10 айында туризм саласына 22,4 млрд теңге инвестиция құйылды. Бұл 2024  жылмен салыстырғанда 23,2%-ға көп.
UNWTO деректеріне сәйкес, әлемдік туризм индустриясы қызметкерлерінің 54%-ын әйелдер құрайды.
Ал бізде бұл көрсеткіш Қарағанды облысында жоғары 15,6 мың адам турсекторда жұмыс істейді, олардың 62,8%-ы – әйелдер. Бұл – аймақ туризмінің келбетін күн сайын қалыптастырып жүрген шамамен 10 мың әйел.
Мамандардың айтуынша, туризм – кәсіби жолды бастауға ең қолайлы салалардың бірі. Жұмысшы қызметтерінен бастап, біртіндеп нысандарды басқаруға, тіпті жеке бизнес ашуға дейін өсуге мүмкіндік бар. Мұндай карьерлық жол қазақстандық қонақүй желілерінде де кеңінен қолданылады, онда жұмыс істейтін мамандар өздерін білікті әрі табысты қызметкерлер ретінде танытып келеді.
Қарағанды облысында да қонақ үйлер мен агротуризм нысандарын дамытудың жақсы мүмкіндіктері бар. Мысалы, Қарқаралы ауданындағы «Орман» қонақ үйі – нөлден бастап құрылған жайлы орын. Бүгінде бұл – жыл бойы турист қабылдайтын тұрақты жұмыс істейтін бизнес.
КИСИ болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай Қазақстанның туристік саласында жұмыс істейтіндер саны 800 мың адамға дейін жетуі мүмкін, және әйелдердің үлесі 50%-дан жоғары деңгейде сақталады.
Туризм – тек экономиканың драйвері емес. Бұл сала әйелдерге жаңа мүмкіндіктер ашып, өңірлердің дамуына серпін береді және мыңдаған табыс тарихын қалыптастырады.

Қазақстан visual capitalist нұсқасы бойынша 2025 жылы әлемдегі ең қолжетімді туристік бағыттар арасында екінші орынға ие болды. Сарапшылардың есептеулері бойынша Қазақстандағы туристің орташа тәуліктік бюджеті небәрі 19 долларды құрайды. Бұл елді ең аз ақшаға ең көп тәжірибе алғысы келетін саяхатшылар үшін нағыз олжа десе де болады.

Туризм үшін ең қол жетімді 10 елдің қатарына Гана, Моңғолия, Армения, Буркина-Фасо, Грузия, Мали және Мьянма кірді. Олардың барлығы өте қарапайым бағамен қызықты мәдени тәжірибені ұсынады.

Салыстыру үшін Барбадоста демалу күніне орта есеппен 330 долларды, ал Антигуа мен Барбудада 310 долларды құрайды. Тіпті танымал Мальдив аралдарында-күніне шамамен 267 доллар.

Қазақстан бірегей пейзаждарды, бай тарихты және шығыс қонақжайлылығын әмиянға соқпай іздейтіндер үшін барған сайын тартымды бағытқа айналуда.

Бүгінде Қарағанды облысы Орталық Қазақстандағы туристік орталық ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді – әрі отандық, шетелдік саяхатшылар үшін тартымды бағытқа айналуда.

Қарағанды облысында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, туристік маршруттарды кеңейту, жаңа туристік нысандар ашу және инвесторларды тарту бағытында ауқымды жұмыстар жүруде. Негізгі назар Балқаш курорттық аймағы мен Қарқаралы ауданының табиғи ландшафтарына аударылған.

Балқашта жағалауды абаттандыру, қалалық жағажайды жаңғырту және туристерді орналастыруға арналған жаңа нысандар салу жобалары іске асуда. Сонымен қатар, қалаішілік су құбыры желілерін жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл тек жергілікті тұрғындар үшін ғана емес, демалушылар үшін де қолайлы жағдай туғызады. Соңғы жылдары қалада бірнеше қонақ үй кешені салынды. 2025 жылдың басынан бері екі демалыс аймағы мен бір қонақ үй пайдалануға берілді. Көлік инфрақұрылымын дамыту да басты назарда. Балқаш қаласында теміржол вокзалы мен әуежайды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл жолаушылар ағынын 30%-ға арттырып, жаңа бағыттарды ашуға мүмкіндік береді.

Алматы – Екатеринбург халықаралық автожолының Бектау-Ата – Балқаш учаскесінде жол бойындағы қызмет көрсету нысандарына арналған учаскелер бөлінді. Мұнда дәмха, супермаркеттехникалық қызмет көрсету орталықтары, жанармай құю бекеттері салынады.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында туристік аймақтарда 36 бейнебақылау камерасы орнатылып, 70-тен астам құтқарушы тәулік бойы кезекшілік етеді.  Шұбартүбек ауылында модульдік полиция және төтенше жағдайлар бекеттері іске қосылды.

Тағы бір маңызды туристік бағыт – Қарқаралы ауданы. Мұнда Қарағанды – Қарқаралы автожолын қайта жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. «Бұғылы» туристік аймағы абаттандырылып, тарихи-мәдени мұра нысандары қалпына келтірілуде. Сонымен қатар, ұлттық паркте жаңа туристік бағыттар мен учаскелер құрылуда.

Облыста туризмді цифрландыру бойынша да жұмыс жүргізілуде. Жасанды интеллекті бар чат-бот енгізілді, visitqaraganda.kz туристік порталы жұмыс істеп тұр. Қонақ үйлерді онлайн брондау мүмкіндігі туды. Танымал туристік нысандарда QR-кодтар арқылы ақпараттық ресурстарға шығу қарастырылған. Бүгінгі таңда өңірде 17 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылды. Бұл – түрлі аудандарда қонақ үй кешендері, демалыс аймақтары мен апартаменттер салуға бағытталған бастамалар. Оның ішінде екі жоба Ұлттық инвестициялық платформаға енгізілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында туризм саласындағы түйткілді мәселелерге назар аударды. Биылғы Жолдау барысында Президент туристік жерлердің барлығын ретке келтіру жұмыстарын жеке бақылауда ұстап отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, жұрт жиі баратын демалыс орындарынан бөлек, болашағы зор басқа да бағыттардың әлеуетін арттыру тапсырмасы берілді. Осы тапсырма аясында «Visit Qaraganda» туристік ақпараттық орталығы аймақ туризмін дамыту үшін тың жоспарлар мен жобаларын бекітіп, бірқатар жұмыс атқаруда.

«Аймағымыздың саяхат үшін тартымдылығын көрсету, жаңа бағыттар ашу үшін туристік орындардың жол көрсеткіш және карта-схемаларын әзірлеу, сондай-ақ, дайындау жоспарланған. Сапар орталығы тек келушілер үшін ғана емес, жергілікті тұрғындар үшін де қызықты болады. Туристік ақпараттық орталық ел туризмін дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға, сервисті жақсартуға, сондай-ақ кешенді туристік өнімдерді, жаңа туристік аумақтарды дамыту бағдарламалары мен тұжырымдамаларын жасауға жәрдемдесуі тиіс», – дейді «Visit Qaraganda» туристік ақпараттық орталығының директоры Бақтияр Бекмырзаев.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ