БАСТАУЫШ СЫНЫПТАҒЫ БІЛІМ САПАСЫН ҚАДАҒАЛАУ ҚАЖЕТ

Президент бастамасымен жолға қойылған Ұлттық құрылтай отырысында ұлттың дамуына, келешегіне қажет үлкен бастамалар көтерілді. Жер-жерден, өңірлерден келген азаматтар халық көкейінде жүрген мәселелерді айтып, ойымызды ортаға салдық.
Мысалы, мен жұмыс сессиясында бастауыш сыныптардағы білімге барынша назар аудару керектігін ұсындым. Бастауышта оқытылып жатқан оқулықтардың барлығы қайтадан зерделенуі керек. Себебі, бастауышта алынған білім дұрыс болатын болса, орта білім де, жоғары білім сапасы да жақсарып, көптеген мәселелердің түйіні шешілетінін назардан тыс қалдырып жатамыз.
Жалпы, ата-ана ретінде бастауыш сыныптардың оқулықтарындағы орасан зор кемшіліктерді көріп те жүрміз. Кейде күлесің, кейде қынжыласың. Бірақ онда адам тағдыры жатқанын ескере бермейміз. Мәселен, менің балам, немерем бастауышта қандай білім алса, сондай азамат ретінде білім негізі қалыптасады. Сондықтан менің ұсынысым бастауыш сыныптарда оқытылатын пәндердің барлығы, оқулықтар зерделенуі керек. Екінші мәселе, бізде жобалар көп. Ол жобалардың барлығы бюджеттен аққан су сияқты қаржыны пайдаланады. Ешқандай із жоқ, нәтижесін көрмейміз. Бұл жобалардың барлығына да талдау жасалып, кез келген бастама ғылыми негізделіп жүргізілуі керек.
Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,

«AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі.