Халықаралық жүлдені жеңіп алды

Білім саласында мектеп оқушыларымен қатар педагогтар арасында да түрлі деңгейдегі пән олимпиадалары ұйымдастырылып өткізіліп отырады. Мұндай олимпиадалардың басты мақсаты – жас педагогтардың шығармашылық әлеуетін және өзін-өзі дамытуына жағдай жасау, білім беру жүйесін жетілдіруде мүғалімдердің кәсіби көзқарасын қалыптастыру екені сөзсіз. Сонымен бірге мұғалімдерге арналған олимпиадаларға қатысудың бірқатар артықшылығы да бар. Ең алдымен, өзінің пәні бойынша ғылыми көзқарас қалыптастыруға, ғылымға деген құштарлығын арттыруға және жан-жақтан келген әріптестерімен тәжірибе алмасуға тамаша мүмкіндік береді. Олимпиадаларға қатысқан мұғалімдер өз жұмысында қолдана алатын, сонымен қатар білім беру жүйесінің дамуына үлес қоса алатын жаңа білім мен дағдыларды игереді.

Жоғарыда аталған педагогтар олимпиадаларына ауданымыздың, оның ішінде Ақадыр кентінің ұстаздары жылдан-жылға белсене қатысуда. Жылдың басындағы 10-13 қаңтар күндері аралығында Алматы қаласында өткен математика, физика, информатика пәні мұғалімдері мен олимпиадалық резерв жаттықтырушыларына арналған IMPACT Olympiad VIII Халықаралық олимпиадасында Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің физика пәні мұғалімі Жекебай Аманжол ІІ орынды иеленіп, Күміс медальмен марапатталды.

Байқауға 16 мемлекеттен 88 үздік физика пәнінің мұғалімдері қатысқанын айта кетуіміз қажет. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей жерлесіміз Жекебай Аманжол ұстазымыздың өз білімін жоғары деңгейде дәлелдеп, халықаралық аренада үздіктер қатарынан көрінгеніне қуаныштымыз. Бұл жетістік ауданымыз бен облысымыздың ғана емес, еліміздің абыройы мен мақтанышы деп атап өтуіміз керек.

Әрине, беткеұстар ұстазымыздың бұл үлкен жеңісі кездейсоқ емес. Өткен оқу жылында ауыл мектептері арасында өткізілген республикалық және облыстық оқушылар олимпиадаларына шәкірттерін дайындағаны үшін «Ең үздік жетекші» аталымымен марапатталған болатын. Осы мектеп-лицейінің тағы да бір ұстазы Кельдиярова Рахат Ақылбекқызы екеуі үздік көрсеткіштері үшін арнайы дипломдар мен 500 мың теңгенің ақшалай сертификаттарына ие болған.

Ал енді былтырғы жылғы 30 қазанда Қарағанды қаласында өткен мұғалімдер олимпиадасының облыстық кезеңінде кәсіби құзыреттілігі мен шығармашылық әуелетінің жоғары деңгейін көрсетіп өңіріміздің физика пәні ұстаздары арасында бас жүлдені жеңіп алды. Оның алдында әріптестері арасында Шет аудандық кезеңінде де алдына жан салмады.

2023 жылы айтулы ұстазымыз Жекебай Аманжолдың өмірбаяны мен еңбек жолы туралы арнайы «Екі елде ізі бар ұстаз» атты мақала жазған болатынмын. Оным облыстық «Арқа ақшамы» және аудандық «Шет шұғыласы» газеттерінде жарияланып, көптеген оқырманның қошеметіне ие болды.

Жекебай Аманжол ұстазымызды халықаралық деңгейдегі үлкен жеңісімен құттықтай отырып, алдағы уақытта да жемісті еңбек, шығармашылық табыс тілейік!

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті