40 мыңнан астам бала екпе алды

Қазір облыста қызылшаға қарсы екпе жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Әсіресе, балаларға ерекше назар аударылып отыр. 29 қаңтар жағдайға сүйенсек, қосымша жаппай иммундау шеңберінде 40 599 бала екпе алды. Айтып өтері, екпе алғандардың ішінде егуден кейін болатын ауыру деректері тіркелген жоқ.

Жалпы, жыл басынан бері облыс көлемінде 247 адамның қызылша дертіне шалдыққаны анықталды. Бұл науқастардың басым бөлігі, яғни, 90 пайызы бұрын екпе алмаған. Басым бөлігі балалар. 63,5 14 жасқа толмаған балалар болса, олардың 40 пайызы 5 жасқа толмаған бүлдіршіндер.

Тұрғындардың басым көпшілігінің вакцина алмауы және белсенді жүріп жатқан көші-қон қозғалысы инфекцияның жедел таралуына ықпал етіп отыр. Вирус ауа тамшылары арқылы жұғатындықтан және сыртқы ортада өте төзімді болғандықтан қызылшамен ауыратын науқастармен байланыста болған вакцинацияланбаған және ауырмаған адамдардың барлығы дерлік ауруға шалдығады.

Бұл аурудан қорғаудың жалғыз жолы – вакцинация. Қызылшаға қарсы вакцинация аурудың алдын алудың жалғыз дәлелденген және тиімді құралы болып отыр. Вакцина сенімді әрі ұзақ мерзімді иммунитетті қалыптастырады.  Осы мәселені түсіндіру мақсатында жер-жерде кездесулер жиі-жиі өтіп жатыр.

Мәселен,  Қарағанды индустриялық университеті арасында №1 емхана қызметкерлері қызылшаның алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесуге №1 емхана директорының орынбасары Дидар Байділдаев, дәрігерлер Зейнеш Айдынбекова мен Гүлнар Шәріпова қатысты.

Кездесу барысында спикерлер қызылша ауруының пайда болу жолдары, алғашқы белгілері, оның алдын алу жолдары және одан сақтану тәсілдері туралы әңгімеледі. Дәрігерлер қызылша көбінесе балалар арасында жиі таралатындығын айтты. Оны дене қызуының көтерілуі, мұрынның, көздің және тамақтың шырышты қабығының қабынуы,  теріде бөртпелердің пайда болуынан айыруға болатынын айтты.

Манас АҚСАРЫ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *