Қарағанды қаласында жас сарбаздар Отанға адалдық танытты

Қарағанды қаласындағы ҚР Ұлттық ұланыны «Орталық» өңірлік қолбасшылыққа қарасты 5451 әскери бөлімінде 160-қа жуық жас сарбаз салтанатты түрде әскери ант қабылдады. Бұл — олардың ел қорғаны болуға жасаған алғашқы әрі маңызды қадамы.

Жас сарбаздар Туға қарап сап түзеп, Қазақстан халқына және Президентіне адал қызмет етуге ант берді. Бұл рәсім — әрбір жауынгер үшін үлкен жауапкершілік пен мақтаныштың белгісі.
Салтанатты іс-шараға ҚР Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары, полковник Берик Токтаров арнайы қатысып, болашақ сарбаздарға сәттілік тілеп, ел алдындағы борышты адал атқарудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, ол әскери қызметтің тек міндет емес, үлкен абырой екенін атап өтті.
Шараға сондай-ақ әскери бөлім басшылығы, офицерлер құрамы, ардагерлер кеңесінің мүшелері және сарбаздардың ата-аналары қатысты. Қонақтар жас сарбаздардың дайындығы мен тәртібіне жоғары баға беріп, ұлдарының әскери қызметке лайық екендігін мақтанышпен атап өтті.
Сарбаздар ант қабылдағаннан кейін саптық шеру жасап, алғашқы әскери машықтарын көрсетті. Бұл — олардың қысқа уақыт ішінде алған білім мен тәртіпке бейімделуінің айқын көрінісі.
Алдағы уақытта ол жерде сарбаздарға жеке қару-жарақ бекітіліп, оларды жауынгерлік қызметке енгізу апталығы басталады. Осы кезеңде сарбаздар әскери қызметтің негізгі талаптарымен танысып, жауынгерлік дайындықты пысықтайды, саптық және атыс даярлығы бойынша алғашқы машықтарын жетілдіреді.
Мерекелік рәсім жас сарбаздардың арнайы қойылымдарымен әрленіп, салтанатқа ерекше рух берді. Жас сарбаздар мен олардың жақындары үшін бұл күн — ұзаққа есте қалатын тарихи сәт болды.

ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі