Жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді

Арка тәрізді терезелері, жарықтандырылған қасбеті, ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген, баспалдақ алаңындағы сәнді люстралары мен әр пәтерге орнатылған кодты электронды құлыптары бар жаңа тұрғын үй Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде салынды. Орталық жылу жүйесіне қосылған, балалар ойын алаңы бар бұл үйде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де барлық қажетті жағдай қарастырылған. Пәтерлер қоныстануға толық дайын. Баспана әлеуметтік жағынан қорғалатын санатқа жататын 12 отбасыға беріледі.

Жаңа тұрғын үйді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков аралап көріп, жасалған жағдаймен танысты.

Екі қабатты кірпіш үй жергілікті өндірістің жоғары сапалы материалдарынан бой көтерген.

Пәтерлер жарық әрі кең, әрбір бөлігі мұқият ойластырылған.

Атап айтқанда, еден жабыны тайғанамайтын керамограниттен төселген.

Үйдің орналасқан жері де қолайлы: жақын маңда мектеп, саябақ және спорт кешені бар.

Тұрғын үй жеке инвестиция есебінен салынған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, дайын баспананы аудандық әкімдік сатып алды.

Қоныстанушылардың тізімі «Отбасы банк» арқылы қалыптастырылады.

Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Берік Көпбаевтың мәліметінше, бюджет қаражаты есебінен кезекте тұрған азаматтар үшін Ботақара кентінде, Ғ.Мұстафин кентінде, сондай-ақ Самарқанд, Доскей, Байқадам және Новоузенка ауылдарында барлығы 48 пәтер сатып алынған.

Бұл тұрғын үйлердің барлығы қолданыстағы құрылыс нормалары мен талаптарына толық сәйкес келеді.

Құрылыс компаниясының басшысы Абзал Сексенбаев Ботақара кентінің ол үшін ерекше екенін атап өтті.

– Анам осы аудан орталығында дүниеге келген. Өзім де жасөспірім кезімде осында оқып, саябақта серуендедім. Бүгінде белгілі бір деңгейге жеткен соң, өскен жеріме, өзіме ырыс берген өлкеге үлес қосуды жөн көрдім. Бұл үй әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға бұйыратынына қуаныштымыз. Жобаны шынымен де эксклюзивті деуге болады. Әсем, қолайлы әрі жылы баспана салуға ұмтылдық, – деді кәсіпкер.

Ағымдағы жылы ауданда тұрғын үй бағдарламасын жалғастыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде тағы да осындай көлемде кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамту көзделген.