Биыл Саранда жаңа зауыттар іске қосылады. Яғни облыстағы өнеркәсіп өсімінің басты негізгі драйверлерінің біріне айналған Saran индустриялық аймағында соны жобалар қанат қақпақ. Олардың арасында HOWO брендімен жүк көліктерін шығаратын зауыт та бар.
HOWO жүк көліктерін өндіру жобасы импортқа тәуелділікті азайтуды көздейді. Жобаға 24 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылады. Және шамамен мың жаңа жұмыс орны ашылады. Ал зауыт толық қуатына шыққан кезде жылына 10 мыңға дейін техника құрастырады. Қазір зауыт алаңында құрылыс жұмыстары қызды. Сонымен қатар қажетті жабдықтар жеткізіліп жатыр.
Тағы бір тың жобаны «ТЭМПО Қазақстан» ЖШС жолға қояды. Компания металл конструкцияларын тұрғызуда және су құбырларын тартуда қолданылатын тік жікті болат құбырлар өндіруді бастамақ.
Жобаның құны – 20 млрд теңге. Ал қуаты жылына 250 мың тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік береді. Соның арқасында кәсіпорында 400-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Қазіргі таңда зауытта кейбір жабдықтар іске қосылып, шағын өлшемді құбырларды шығару басталды.
Сондай-ақ индустриялық аймқта құрылыс нысандарының жылуын шығармай және дыбысын оқшаулауға арналған минералды мақта өндіретін зауыт құрылысы басталды. Мұндағы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Бүгінде жабдықтарды орнату жүріп жатыр. Кәсіпорын биыл іске қосылуға тиіс.
Бұл зауытта 200-ге жуық адам еңбекпен қамтылады. Ал өндіріс маңындағы сервистік ұйымдарда мыңнан астам адам нан табады.
Бүгінде аты республикаға белгілі QazTehna зауыты Қазақстандағы алғашқы штамптау өндірісін жолға қойды. Мұнда Qarmet кәсіпорнында өндірілген мырышталған болаттан автокөлік кузовының бөлшектері жасалады. Бұл мақсатта инновациялық гидравликалық штамптау пресі сатып алынды. Нәтижесінде, машина жасау кәсіпорнында жергілікті қамту үлесі артып, өндірісті оқшаулау деңгейі айтарлықтай өсті.
Жалпы индустриялық аймақтағы жұмыстарды облыс әкімі тұрақты назарында ұстап отыр.
– Saran индустриялық аймағы кеңейіп, жаңа жұмыс орындары ашылып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде ірі жобалар іске асырылуда. Жақында Премьер-министр бұл сектордың көлемін арттыру міндетін қойған болатын. Біз осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Жобалардың іске асырылу барысын тексердім. Алдағы уақытта да бақылауда ұстап, туындайтын мәселелерді шешуге қолдау көрсетеміз. Жалпы облыс бойынша биыл өнеркәсіп өсімін кемінде 7 пайызға жеткізуді мақсат етіп отырмыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Saran индустриялық аймағының дамуына мемлекет есебінен салынған инженерлік инфрақұрылым айрықша серпін беріп отыр. Барлық қажетті коммуникация толық тартылған. Зауыттар табиғи газға қосылып, соның арқасныда энергия шығыны азайды. Бұл өндірісті экологиялық тұрғыдан да тиімді етіп келеді. Сондай-ақ алдағы уақытта индустриялық аймақты облыс орталығымен тікелей байланыстыратын айналма жол салу жоспары бар.
Манас АҚСАРЫ
