Өнегеміз өркен жайса өсеміз

Иә, өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз болашақ та жоқ деуге бейілміз. Тарихты білмек керек, жақсы жағын үйренбекке, жаманынан жиренбекке. Онда кеткен есеңді даулап, кеңірдек жыртқаннан өз берекеміз кетпей ме? Осы тұрғыдан алғанда, маған Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мына бір сөзі терең ой салды: «Бұрын да айтқам, қазір де атап өткім келеді: біз «тарихи жарақат алған» ұлт психологиясынан біржола арылуымыз керек.

Басқа түскен қайғы-қасіреттің бәрін басқа халықтардан көру, ұлтымыздың маңдайына жазылған ащы тағдыр туралы бітпейтін пікірталастар жүргізу – кешегі күнмен өмір сүру деген сөз.

Бүкіл әлем өзгеріп жатыр, бізге де өзгеретін уақыт келді. Біз – болашағы жарқын, жолы ашық жас мемлекетпіз, сондықтан уақыт көшінен қалмай, тек алға қарай жүруіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.

Түсінгенге бұл да үлкен жауапкершілік. Не нәрсенің болсын жақсы жағына ұмтылған сайын адам да, біртұтас ұлт та сол бағытта өркендейтіні анық. Мәселен Қарағанды аймағында жыл сайын дәстүрлі түрде табысталатын Тәшенев сыйлығын айтқым келеді. Мұнда облыс көлемінде қатарынан қара үзген қаламгерлер мен қайраткерлер, еңбек пен ғылымда табысқа жеткен жастар, орта жастағылар Тәшенев сыйлығымен лайықты түрде марапатталады. Мәселе жүлде алғанында емес, тұлғаның қанаттанып, еңбегінің еленуінде. Ел ісіне белді бекем буа түссін деген ниеттен туған жақсы бастаманы жалғастыра түссек, бір жағы отаншылдықты насихаттап, екінші қыры өсіп келе жатқан өрендердің талабын ұштаған сайын қоғам да алға жылжиды деген үміт. Демек, жақсы ой мен іс жалғасын тапса бірге көркею жолына түсеміз деген ойды қуаттаймыз. Бастысы, соған бастар бірлігіміз бен ынтымағымыз мызғымасын.

Айтбай ЖҰМАҒҰЛ,

облыстық мәслихаттың депутаты