Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында жасанды интеллектіні дамытпай, жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін еместігін еске салды. «Цифрлық жүйелер мен жасанды интеллект егемен ел болудың кепіліне, экономикалық дамудың қозғаушы күшіне айналды», – деп атап өтті.
Қазіргі таңда ақпараттық технологиялар қоғамның барлық саласына, соның ішінде білім беру жүйесіне де терең еніп отыр. ІТ-технологиялардың қарқынды дамуы оқыту әдістерін жаңартып, білім алушылардың мүмкіндіктерін кеңейтті. Сол технологиялардың ішіндегі ең өзектісі – жасанды интеллект
Жасанды интеллект – үлкен көлемдегі деректерді өңдеп, тәжірибе негізінде үйрене алатын, алынған ақпаратты талдау арқылы жаңа жағдайларда дұрыс шешім қабылдауға қабілетті автоматтандырылған жүйе. Ол алдын ала берілген алгоритмдерге ғана сүйенбей, уақыт өте келе өз жұмысын жетілдіре алады.
Осыған орай, 2026 жылдың қаңтарында «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ профессорлық-оқытушылар құрамына «Қазіргі заманғы ІТ-технологиялар және білім беру қызметінде ЖИ қолдану» бойынша біліктілікті арттыру курсы ұйымдастырылып, 300-ден астам оқытушы сертификат алды.
Қазіргі заманғы ІТ-технологиялар мен жасанды интеллектті білім беру қызметінде тиімді пайдалану – заманауи талап. ЖИ білім беру жүйесін жаңғыртып, болашақ ұрпақтың бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасайды.
Курстың мақсаты:
- Қазіргі заманғы ІТ-технологияларды пайдалана отырып, білім беру саласында жасанды интеллекттің (ЖИ) рөлін түсіндіру және оның тиімділігін көрсету;
- ЖИ-дің оқу процесіндегі пайдасын көрсету;
- ЖИ арқылы оқытуды жекелендіру мен тиімділікті арттыру жолдарын үйрету;
- ЖИ-дің білім беру қызметіндегі қолданылу салаларын көрсету.
Курстың нәтижесі бойынша тыңдаушылар Kaggle (бұл деректерді талдау, машиналық оқыту және жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы ең ірі онлайн платформа) берілген тақырыптар бойынша өздерінің тәжірибе сабақтарын көрсетті.
Kaggle-дің негізгі ерекшеліктері:
- деректер жиынтықтары (Datasets) пайдаланушылар әртүрлі тақырыптағы ашық деректерді жүктеп, талдай алады;
- жарыстар (Competitions)Kaggle пайдаланушылары деректер бойынша нақты тапсырмаларды шешу үшін жарысады;
- код жазу және зерттеу (Notebooks) пайдаланушылар Python немесе R тілінде деректерді өңдеп, анализ жасай алады;
- қауымдастық (Community) пайдаланушылар тәжірибе бөліседі, сұрақ қояды және бір-бірінің жобаларын бағалайды.
Осындай курстар білім беру қызметінде ЖИ қолданудың тиімділігін арттыруға, оқу үдерісін заманауи талаптарға сай жаңартуға және оқушы мен мұғалімнің цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды құрал.
Бұл курс «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ профессорлық-оқытушылар құрамына төмендегідей мүмкіндіктер береді:
- Оқыту сапасын арттыру: ЖИ студенттердің деңгейіне сәйкес тапсырма беріп, оқу процесін жекелендіреді.
- Уақытты үнемдеу: Автоматтандырылған тексеру мен кері байланыс арқылы оқытушының жұмысын жеңілдетеді.
- Цифрлық сауаттылықты дамыту: Студенттер мен оқытушылар ЖИ-ді дұрыс және этикалық қолдануды үйренеді.
- Сыни ойлау мен шығармашылық қабілетті арттыру: ЖИ-ді қолдану арқылы студенттер өз бетінше зерттеу жүргізуді, мәлімет талдауды меңгереді.
- Болашаққа дайындық: Қазіргі заманғы технологияларды меңгеру – заманауи білім алушының маңызды құзыреті.
Мен осы курсты сәтті аяқтадым және ол мен үшін өте пайдалы болды. Курста қазіргі заманғы ІТ-технологиялар мен жасанды интеллекттің білім беру саласындағы рөлі толық қарастырылды. Мен ЖИ-ді сабақта қалай тиімді қолдануға болатынын, студенттердің деңгейіне сәйкес тапсырма беруді, кері байланыс беруді үйрендім.
Қарлығаш НҰРЖАНОВА,
«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті»
Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының аға оқытушысы,
педагогика ғылымдарының магистрі
