Конституциялық комиссияда Мәжіліс депутаты, Республика партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров Ата заңда тұрғын үйден сот шешімінсіз шығаруға жол берілмейтіні жөніндегі тікелей норма енгізуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осы норма арқылы азаматтар мемлекеттің өз құқықтары мен мүдделерін нақты өмірде қаншалықты қорғалатынын бағалайды. Тұрғын үйден айыруға сот шешімімен ғана жол беріледі. Ал үйге кіру немесе тінту тек заңда көрсетілген нақты жағдайларда ғана рұқсат етіледі, — деді Қожаназаров.
Ол заң нормаларының іс жүзінде орындалу тәжірибесі тұрғын үйден айыру мен тұрғын үйден шығару ұғымдарының құқықтық салдары әрдайым бірдей емес екенін көрсетіп отырғанын айтты.
Ата заңда тұрғын үйден сот шешімінсіз шығаруға жол берілмейтіні жөніндегі тікелей норманың болмауы құқықтық белгісіздік туғызып, азаматтар үшін нақты тәуекелдер қалыптастырып отыр. Осыған байланысты тұрғын үйден шығару да тұрғын үйден айыру сияқты, тек сот шешімімен ғана мүмкін болуы тиіс деген қағидатты Конституция деңгейінде бекіту принциптік маңызға ие деп санаймын, — деді депутат.
Ол көлемі жағынан шағын болғанымен, бұл нақтылау елеулі құқықтық салдарға ие екенін және адамның, оның құқықтары мен бостандықтарының ең жоғары құндылық екенін Конституция деңгейінде айқын көрсететінін атады. Сонымен қатар Конституциялық сот бұған дейін Үкіметке осындай нақтылаудың қажеттілігін заңнама шеңберінде қарастыруды ұсынғанын еске салды.
Бұған дейін Конституциялық комиссия отырысында Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Конституция жобасындағы Құрылтайдың мәртебесіне, Халық кеңесінің қызметіне және негізгі заңның преамбуласына қатысты басты ережелер бойынша пікір білдірді. Оның айтуынша, Пропорционалды жүйе азаматтардың құқықтарын шектемейді.
