Облыста 500 шақырымға жуық жол жөнделеді. Бұлардың қатарында республикалық және облыстық маңыздағы автожолдар, қала көшелері мен көпірлердің учаскелері бар. Биыл Саран – Шахтинск автожолындағы күрделі жөндеу жалғасады. Сондай-ақ Шахан – Жаңаталап учаскесінде жөндеу жүргізіледі.
Облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Мұқашевтің айтуынша, жол саласындағы жобалар жалғаса береді.
– Дубовка ауылынан Саран қаласына дейінгі жолды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Және Шерубай-Нұра өзені арқылы өтетін көпір қайта жаңғыртылуда. Сонымен қатар Есіл өзені үстіндегі көпірде техникалық қозғалысты наурыз айында ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл су тасқыны кезеңінде айналма жолсыз қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – дейді Мақсат Мұқашев.
Биыл облыстық маңызы бар автожолдардың 13 учаскесінде жалпы ұзындығы 84 шақырымда орташа жөндеу жүргізіледі. Бұдан бөлек, Шахтинск – Есенгелді бағытында қар тоқтатқыш қоршаулар орнату, Қарағанды – Шахтинск жолында ауыр жүк көліктерінің қозғалысына бақылауды күшейту жоспарланған.
Шалға өңірлердегі көлік байланысын жақсартуға көңіл бөлінеді. Қорғалжын – Баршын жолының проблемалық учаскесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары басталады. Ал Жараспай – Нұра бағытында еріген қар суларын өткізу үшін су өткізгіш құбырлар салынады.
Сонымен қатар облыстық маңызы бар автожолдар бойындағы жаяу жүргіншілер өткелдеріне қозғалыс датчиктері бар жарықтандыру орнату және жол жиектерін көгалдандыру қарастырылған.
Saran индустриялық аймағын дамыту айрықша назарда. Аймақта ұзындығы 21 шақырым болатын, индустриялық аймақтан Қарағанды – Астана тасжолына шығатын жолды реконструкциялауға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.
Елдімекендер ішіндегі жолдарға келсек, «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында ауқымды жұмыс атқарылады. Қарағанды агломерациясының көлік жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта ғылыми зерттеулер жасалды. Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті 2030 жылға дейінгі көлік жүйесін дамыту тұжырымдамасын және көлік қозғалысын талдаудың ақпараттық жүйесін әзірледі. Бұл жол жүктемесін азайтып, тұрғындар қолайлы желі құрып, өңірдің ұлттық көлік желісіндегі позициясын нығайтады.
Өңірдегі халықты алаңдатқан жолдардың бірі Жезқазғанға апаратын жол. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Думан Қалабиевтің айтуынша, мұндағы жұмыстар наурыз айында басталады. Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар трассалардың тоғыз учаскесінде жалпы ұзындығы 280 шақырымға орташа жөндеу жүргізіледі. Бір жол өткелі мен екі көпірге күрделі жөндеу жасалады.
Облыс әкімдігі жол-құрылыс маусымында сапалы материалдарды пайдалануды қатаң назарда ұстамақ. Сондай-ақ оларды күтіп-ұстау мәселесі, маусымға дайындығы бақылауда болады.
Манас АҚСАРЫ
