Жасы кетіп жұртынан жырақ, дара,
Жат өңірден тауыпты тұрақ, пана.
Үркердей-ақ үй қапты үрпиісіп,
Бір сыныпта бар екен бір-ақ бала.
Ілияс МҰҚАЙ
Ерте оянған Ділдә жастықтан басын жұлып алып, әлдеқайда асыққандай апыл-ғұпыл киінді. Үй іші жым-жырт. Демек, ата-анасы әлі тұрмаған. Терезеге жақындап, пердені сәл ысыра, тысқа көз тастады. Бозала таң енді ғана қылаң бергендей. Ауладағы үйшігінде тұмсығын бүйіріне тығып, бүрсиіп Мойнақ жатыр. Қаракөлеңке бөлме ішін жанарымен бір шолып өтті де, пысылдап ұйықтап жатқан кішкентай сіңілісінің көрпесін қымтап жапты. Оны оятып алмайын деп аяғының ұшымен басып, тоққа қосулы ұялы телефонын алды. Ұйықтар алдында ажыратуды ұмытқан екен.
Іштей бірдеңе санағандай, ернін жымқырып, төбеге қарап біраз тұрды. Анасы да әлденені есептегенде сөйтеді. Соған ұқсағысы келгендегі кейпі. Тез өсуге ұмтылған әр бала ересектерге еліктейді-ау. Бүгін тамыздың он екісі екен. Мектепке баруға әлі біраз уақыт бар сияқты. Биыл бірінші класқа барасың дегенді естігелі дегбірі қалмай жүр. Кеш жатып, ерте тұрады. Көзі ілінгенше алғашқы қоңырауға бара жатқанын, мектепке кіргенін, сабақта отырғанын елестетіп дөңбекшіп ұйықтай алмайды. Әкесі келесі апта қалаға барып, қажетті заттар мен киім-кешек аламыз дегелі өзінен мүлде маза қашты. Әппәқ, жағасы гүлді жейде, көк костюм киіп, әдемі сөмкені арқасына асып алып мектепке кетіп бара жатса. Сондағы сыныптастарымен бос уақыттарында ойнаса, шіркін. Қиялы сан-саққа жүгіреді. Сабақты жақсы оқыса, мұғалім «бес» қойып берсе, күнделігін әжесіне көрсетіп, ол кісі мәз-мейрам болса. Осындай таусылып болмайтын жоспарлар тізбегінің шырмауында жүр.
Қалаға барып, мектеп формасын, пенал, пластилин, түрлі-түсті қарындаш, қалам, бірнеше дәптер алғанда Ділдәнің жүзі қуаныштан бал-бұл жайнап кетті. Өзіне ең ұнағаны сөмкесі еді. Сыртында телевизордан үнемі көретін мультфильмдегі көжектің суреті бейнеленген қызғылт сөмкесін ауылға жеткенше арқасынан тастаған жоқ. Үйге келген соң киімін де бірнеше рет киіп, айнаның алдынан алыстай алмай қалды.
Бұлар кезінде үлкен өндірістік қалашықтың бөлімшесі болған, қазір жеке дара атауы бар шағын ауылдың жаңа тұрғындары еді. Өздері жақында ғана көшіп келді. Ділдәнің әкесі Жалғас – үлкен шаһарда білім алған, облыс орталығында баспанасы, әжептәуір қызмет орны бар азамат. Қаладан кеткісі келмеген келіншегін көндіріп, төрт баласын ертіп, өз ауылына жақында ғана қоныс аударды. Осындағы қара шаңырақтың түтінін түтетіп, жасы жетпістен асқан анасының жанында болуға бел буған.
Үйренген ортасын, жайлы жұмысын тастап ауылға көшемін дегенінде біраз туысы таң қалысты. Тіпті «мынауыңның есі ауысқан ба» дегендей ожырая қарағандары да болды. Әсіресе, әйелі бұрқылдап біраз ренжіді.
– Елдің бәрі қалаға ұмтылып жатқанда, бұл қай сасқаның? Ұлдардың сабағы, келесі жылы біріншіге барғалы отырған Ділдәнің мектебі не болмақ?
– Ауылда да мектеп бар. Мұғалімдері осы шаһардағыдан асып түспесе кем оқытпайды. Қаладағы мектептеріңе оқушы сыймай жатқан жоқ па? Ол жақта еркін білім алады.
– Тоғыз кластық, ескі мектепте ме? Бүкіл жұрт жаңа мектеп, жайлы қонысқа ұмтылып жатқан заманда. Бармаймын мен ауылға.
– Сен дұрыс түсінсейші. Ауылда бала саны жетпей жатқан көрінеді. Біз барсақ, өзіміз сияқты қалада жүрген тағы бірнеше отбасы барса мектеп те жабылмайды. Туған жерімді құр сөзбен емес ісіммен қолдамасам, қалада көптің бірі болып жүргенімнен не пайда?
– Балалардың болашағын ойламайсың ба, сонда?
– Өзімізді ғана емес, ауылдың келешегін де ойлау керек. Бүкіл жұрт көшіп кетсе шал-шауқан мен кемпір-кешектер ғана қалса құрып бітеді.
– Құрыса құрып кетсін.
– Барамыз. Болды. Балаларға ескерт. Құжаттарды ретте. Екеумізге де ол жақта жұмыс табылады. Шешем де қартайып қалды. Селтеңдеп жүре бермей көшеміз. Көп сөзді қой!
Келіншегі кешке дейін бұрқылдады. Көшеміз дегенді естіген үлкен ұлы да қиғылықты салған. Екі-үш күн тамақ ішпей, қаладан кетпеймін, кетсеңдер өздерің ғана кетіңдер деген екен. Әкесіне емес, шешесіне солай депті. Жалғас та алға қойған мақсатының оңай орындалмайтынын сезген. Біраз арпалысуы тиіс екенін де түсінген. Алайда отағасының айтқан бетінен қайтпайтыны о бастан белгілі. Межелі күні келгенде артынып-тартынып ауылдарына көшіп келген.
Ойын баласы Ділдә ғана шын шаттанды. Ол әжесін керемет жақсы көретін. Қалаға екі-үш күнге келгенінде жанынан шықпай, қойнында жатып жүрген үлкен шешесінің ауылына көшіп барудан артық бақыт болсын ба?! Әрі сол жерде оқитын болса.
Елдімекен шағын болғанымен өте берекелі, тұрғындары өзара тату, өлім-жітім, той-томалақта бір үйдің баласындай жұмыла кететін ымыралы еді. Жалғастың отбасымен көшіп келгеніне ақсақалдар мен ел ағалары да риза болысты. Тіпті, ауылды дамыту үшін кешенді жоспарлар жасап, сырттан көпбалалы отбасы қоныс аударса басына үй, алдына мал салып беруге уағдаласқан. Өйткені тоғыз кластық жалғыз білім ошағы жабылса елден де сән кететіні түсінікті. Сол мекемеден нәсіп тауып, жұмыс істеп отырған мұғалімдер бар.
Осыдан он шақты жыл бұрын бұл мектеп он бір жылдық еді. Тарихы да тереңде жатқан үлкен білім ордасы болатын. Бала саны да, адам қарасы да көп. Жаз бойы қалада оқитын студенттері демалысқа келіп, азан-қазан болып шұрқырап, күнде би кеші, клубта түрлі мәдени шаралар толассыз өтіп жататын-ды. Келін түсіру, беташар, тұсаукесер, той.
Қазір де тойсыз отырған жоқ. Жастар да, қалада тұратын ересектері де кез келген шарадан қалмай жиналады. Бір-екі күн улап-шулап кері қайтып кеткенде, иенде қалған үйдей болып ауыл да көңілсіз күйге түседі. Бірақ басты мәселе мектепке келіп тірелген. Ауданнан жиі тексеріс келіп, бала санын есептеп, жетпесе жабамыз деп шүйлігеді. Олар да жетіскеннен шүйлікпейтіні түсінікті ғой. Жоғарыдан талап сондай болғасын амал жоқ. Ауданнан өкілдер келгенде клубқа барлық тұрғын жиналысқа келеді. Елдегі ересектер сөз бастайды:
– Ағатай-ау, мектепті жапсаңдар бұл жерде бала-шағасын оқытып отырған жастар да ұрпағына білім береміз деп, тым-тырақай қашып бітпей ме?
– Біздің де жанымыз ашиды. Қаншама жылдық тарихы бар мектептің жабылып қалуы оңай соғып отырған жоқ. Өздеріңіз амалын тапсаңыздаршы. Облыстан тапсырма түскен.
– Облыстарың біздің мектепке ғана қарап қалмаған шығар? Оқушы саны толық екен деп белгі соға салу қолдарыңда емес пе?
– Қолымызда емес. Әрбір баланың аты-жөні, жасы көрсетілген анықтама өткіземіз. Қайткенде күзге дейін бала санын арттырыңыздар!
Олар келіп-кеткен күннің кешінде ауыл азаматтары бас қосқан. Бұл мәселені қалай да шешу керек болатын. Қалада тұратын жерлестер де арнайы шақырылды.
– Ал, жігіттер, не істейміз?
– Жан-жаққа хабарлама жіберейік, ауылға келетін отбасы табайық.
– Айта салу оңай ғой. Тіршілік етіп жүрген адамға әй-шәй жоқ, көшіп келе қал деп қалай айтамыз? Елдің бәрі бала-шағасын жетектеп көшіп келе салатын Жалғас емес қой.
– Ауылда бос тұрған үйлер бар. Соларды жөндеп, сылап, әктеп, шақырайық жұмыссыз сенделіп жүргендер болса.
– Онда дұрыс ұсыныс қажет. Қораларыңа бір-екі ірі қара, оншақты ұсақ мал береміз десек ше?
– Айтып жүрміз оны. Міне, Имекең, Кәкеңдер де, Бөкең де малды реттейміз деп отырған жоқ па?
Аты аталған кісілер де жиында отырған. Жөткірініп, орындарынан бір-бір қозғалақтап, бастарын изеді.
– Көшіп келемін десе көреміз ғой. Ата-баба мекенін сақтап қалуға жараса малдың несін аяғандаймыз?
Жақында осы ұядай елдімекенде клуб күрделі жөндеуден өткізіліп, үлкен трассаға шығатын жол да аздап қалыпа келтірілді. Бәріне ұйықты болып жүрген осы жердің жастары. Қаржысын жинап, түгелін реттеп, жанталасады да жатады. Жақында ауылда әдемі де шағын мешіт бой көтерді. Оған да бас-көз болып, әр кірпішіне дейін есеп беріп, алыс-жақындағы ағайыннан жылу жинап ұйымдастырған да ел тұрғындарының өзі еді.
«Туған жеріңе қандай еңбегің сіңді? – дегенде: – Туған жеріме зәрімнен басқа дым да сіңбепті», – депті ғой баяғыда бір айтқыш. Ал бұл ауылдың айрандай ұйыған адамдарының тірлігі сырттан бақылаған адамды сүйсіндірмей қоймайды. Енді осы игілікті көрер жұрты, жолында ары-бері жүйткіп жүрер көлігі, клубына кіріп, концертті қоятын адамы, оны тамашалайтын көрермені, мешітіне бас сұғар жамағаты болмаған жерде бәрі де бекер емес пе?! Сол үшін мектепке бала толтыру бірінші кезектегі шаруа болатын.
Ауылдағы жиыннан соң ұялы телефондар арқылы көпшілікті байланыстырар арнайы «чат» құрылды. Оның арасында елдімекендегі мектеп жайын талқылап, адам тарту туралы ойларын жазып, айтып отырар белсенділері де, үнсіз отырып тыңдап, пікірін жазбай жылы жауып қоятын жерлестер де жеткілікті еді. Сол топ біртіндеп, бос әңгіме алаңы, еріккеннің ермегіне айнала бастады. Әлбетте, арасында ауылға қатысты жақсы жаңалықтар, ой салар дүниелер де жоқ емес. Ерте оянған біреу «Қайырлы таң!» деген суреттерін жібере бастайды. Содан дамылсыз тілектер ағылады. Кімнің көлік алып, кімнің көмір сатып жатқанын, жол жүріп, той беріп жүргенін біліп, көріп отырысады. Ел болғасын қаза болатыны да белгілі. Содан «иманды болсынды» сол желідегі барлық адам кезек-кезек жазып шығады. Бұл таңқаларлық, ерсі қылық емес қой. Бірақ «чат» мүддесі мүлдем бөлек болатын. Соған ересектеу біреуі бір күні шыдамай жазды да жіберді: «Айналайын, ауыл азаматтары! Біреу қайтыс болса «иманды болсын» деп шулайсыңдар да жатасыңдар. Ауыл қайтыс болайын деп жатыр ғой», – деп. Сол сәтте шулаған жұрт оның ит-терісін басына қаптап жазғырсын келіп. Көңіл айтқанымызға қарсы шықтың деген уәж ғой. Қанша қырылыссын, сөзге келсін, сол желі арқылы ауылдың біраз түйткілі де түйінін тауып жататын, бастысы. Алайда Жалғастан басқа жан баласы ауылға аяқ баспады. Жан-жаққа жарна да жөнелтілді, жергілікті жұрт барған жерлерінде ауызша да ақпарат таратты. Ешкім көшіп келмей-ақ қойды. Әне-міне дегенше қыркүйек айы да жетіп келген.
Ділдә мектепке барар күні мүлдем тыным таппады. Анасына киім үтіктесті, сөмкесін жүз мәрте ақтарып, заттарын алып-салды, ақ бантигін тағып көрді. Түн ауғанша жүрді. Төсегіне қисайғанмен жүрегі алып-ұшып көз іле алмады.
Ертесіне қызғылт сөмкесін асынып, әжесі мен анасының жетегінде мектепке бара жатқанына өзі де сенер-сенбесін білмей, сықылықтап күле берген. Бара салып алғашқы ұстазымен танысты, алып келген гүлін ұсынды. Түрлі-түсті шарлары көздің жауын алатын, көгілдір-сары жалаушалары жайқалған ғимараттың ауласына кіргеннен-ақ өзі күтпеген жағдайға тап болғандай абдыраңқырап қалған. Өйткені жан-жағында өзі құралпылас бала көре алмағанына таңырқап еді. Айналасындағы ұлдар мен қыздар өзінен ересектеу сияқты ма, қалай? Бұған мән беріп, қарап жатқан да ешкім жоқ. Салтанатты шарада Ділдәға ерекше әсер еткені алғашқы қоңырау соғу мәртебесіне ие болды. Қолына сыңғырлаған қоңырауды ұстап, шыр көбелек айналғанда, өзін ұшып келе жатқан құстай сезінген.
Ресми шара аяқталып, у-шу саябырсып, Ділдә класына кірді. Кірді де, үн-түнсіз тұрып қалды. Алғашқы мұғалімі келіп, құшағына алып, басынан сипады.
– Әзірге мен өзіңе ғана әріп оқытып, жазуды үйретемін. Қайта жалғыз оқығаныңның саған пайдасы көп. Мұңайма, алтыным! Ертең-ақ көп кластасың болады. Тіпті сыныпқа сыймай қаламыз. Көр де тұр. Қарашы көзіме. Маған сенесің бе?
Ділдә үнсіз басын изеді де, ұстазын қапсыра құшақтап алды. Көзінен бір тамшы жас үзілген.
Жалғыз аяқ жолмен мектебіне барып қайтатын оқушы қыз күнде мұғалімінің тілегі орындалғанын армандайтын. Жалғыз оқушы, жалғыз Ділдә сол ауылдың жалғыз үмітіндей болып әлі де сабағына барып-келіп жүр.
