Олимпиада – кәсіби бағдар берудің тиімді формасы

Қазіргі қоғамда дұрыс мамандық таңдау – әрбір жастың болашағына тікелей әсер ететін маңызды шешім. Бұл таңдауға әсер ететін факторлар көп, соның ішінде білім алушының қызығушылығы, қабілеті, білім деңгейі және өзін-өзі тануы ерекше орын алады. Осы тұрғыдан алғанда, пәндік және зияткерлік олимпиадаларға қатысу – болашақ мамандықты саналы таңдауға ықпал ететін тиімді құралдардың бірі.

2026 жылдың  3-ақпанында «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ Қарағанды облысы бойынша мектеп оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша пәндік олимпиада ұйымдастырды. «Қазақ тілі және мәдениеті» кафедрасының меңгерушісі, профессор, ф.ғ.к. Қ.С.Қалыбекова, аға оқытушылары Г.С.Байпелова,  Қ.Қ.Нұржанова, Н.А.Қоңырова, М.Т.Оспанғалиевалардан жасақталған комиссия мүшелері «Қазақ тілі» пәндік олимпиадасының ІІ турын өткізді.

Олимпиадалар оқушыларға белгілі бір пәнге деген бейімділігін анықтауға мүмкіндік береді. Қатысушы өз білімін тереңдетіп, логикалық ойлауын, талдау жасау қабілетін, шығармашылық ізденісін дамытады. Бұл үдеріс барысында оқышылар қай салаға қызығатынын, қандай бағытта өзін еркін сезінетінін нақты аңғара бастайды. Осылайша олимпиадалар адамның кәсіби бағдарын айқындауға жол ашады.

Қазақ тілі олимпиадасы – мектеп оқышыларының тілдік білімін, логикалық ойлау қабілетін, шығармашылық әлеуетін және кәсіби бағдарын айқындайтын тиімді алаң. Олимпиаданың ІІ турында тест, жазылым, айтылым (суретпен жұмыс) тапсырмалары орындалды.

Қазақ тілі олимпиадасы мектеп оқушыларына өзін-өзі тануына да ықпал етеді. Оқушылар өз қабілетін сынап, тілге бейімділігін анықтайды, кәсіби қызығушылықтарын айқындайды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер үшін бұл – болашақ мамандықты таңдауда маңызды мотивация көзі, ал қалған қатысушылар үшін – тәжірибе мен даму мүмкіндігі.

Бұдан бөлек, олимпиада оқушылар арасында бәсекелестік рухты қалыптастырып, ізденіске, өзін-өзі жетілдіруге жетелейді. Кәсіби бағыт беру мақсатында өткізілетін қазақ тілі олимпиадасы – оқушылардың тілдік және кәсіби құзыреттілігін арттыратын, ұлттық сананы қалыптастыратын, болашақ мамандығын таңдауда маңызды рөл атқарады. Сондықтан мұндай олимпиадаларды жүйелі түрде ұйымдастыру – ұлттық білім беру саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылады.

Қарлығаш НҰРЖАНОВА,

 «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті»

Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының аға оқытушысы,

педагогика ғылымдарының магистрі