Рекордты елде апатты үйлер көп

Елімізде құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр. 2025 жылды қорытындылаған Алқа отырысында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев құрылыс саласында «рекорд» дегенді айтты.  «Жоспарланған 19,2 млн шаршы метрдің орнына 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 185 мыңнан астам тұрғын үйді құрайды (НКИ – 105,1%). Бұл көрсеткіш алдыңғы кезең деңгейінен асып, жаңа рекорд орнатылды» деп нақтылады.

«Рекорд» демекші Қарағанды облысында да осы сөз көп айтылады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында сол уақыттағы өңір әкімі Жеңіс Қасымбек жоғары міңберде яғни ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында тұрып: «Қарағанды облысы тұрғын үй құрылысы бойынша тарихи максимумға шықты. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде алғаш рет биыл 662 мың шаршы метр пайдалануға беріледі, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға көп. 2 600-ден астам отбасы мемлекеттік жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй алады, оның ішінде 621 көпбалалы отбасы. Алдағы уақытта 830 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарда бар. Ал алдағы үш жылға облыс жылына бір миллион шаршы метр көрсеткішке шығу міндетін қойды», –  дегенді мәлімдеді.

Ал тұрғын үйлер салынғанымен апатты жағдайдағы үйлер саны азаяр емес.

Былтыр ғана Қарағанды облысының Саран қаласында жиырма шақты отбасы апатты деп танылған үйлерінен шығуға қарсылық танытты. Айтуларынша, әкімдік бұрыннан құлайын деп тұрған ғимаратқа еш шара қолданбаған. Ал тұрғындар мектеп пен жатақханаға орналасуға қарсы болды.

Уақытша баспана ретінде тұрғындарға мектептер немесе жатақханалардан бөлмелер ұсынылған.

«Дағдарыс орталығының не екенін түсінесіз бе? Мысалы интернат-мектеп. Өзім сонда көп жыл жұмыс істедім. Қазір ол жерде балалар тұрады. Интернат толық. Қалай тамақ пісіреміз, қалай жуынамыз?» – деп өз уәжін айтқан болатын Саран қаласының тұрғыны Кристина Смагина.

Бұл үйде тұрғындар 20 жылдан бері тұрып келеді. Қазір үйде төрт кіреберіс қана пайдаланылады. Пешпен жылынады, тұрғындар көмірді қабаттарға өздері тасиды. Бір кіреберісте бірнеше жыл бұрын жабыны құлап, тұрғындарды көшіру керек болған. Қалғандарына үйді қалпына келтіреміз деп уәде берген.

«Бізді тыныш қалдырып, үй дайын болғанша ешкім мазаламауын талап етеміз. Бізге пәтер беретінін айтқан. «Үй құлап кетпей ме деп қорықпайсыз ба»  дейді. Құласа, құлай берсін!» – деген болатын ашынған  апатты жағдайдағы үйдің тұрғыны Галина Фадеева.

Бұл жерде тұрғындар сумен жабдықтауды, кәрізді, жарықты өз күштерімен қалпына келтірген. Олардың айтуынша, мәселе 5 жылдан бері шешілмей келеді. Тіпті жертөле суға толып тұрғанда да ешкім назар аудармаған.

Ал тұрғындар жылу тартқалы жатқанда, әкімдік сараптама жасап, үй апатты жағдайда екенін анықтады.

Ал қала әкімі үйде тірек конструкциялары бұзылғанын, кез келген сәтте құлап кетуі мүмкін екенін айтты. Тұрғындарға алдымен үйдің апатты екенін растайтын қаулы алып, тұрғын үй кезегіне тұру керектігі де жеткізілген.

«Барлық тұрғын үшін баспана қарастырылған. Тек процедурадан өту керек. Біз кезекте тұрған басқа азаматтардың құқығын бұза отырып, бірден пәтер бере алмаймыз. Кім тезірек келіп, құжаттарын тапсырса, бәрі заң шеңберінде 2 ай ішінде шешіледі», – деді Саран қаласының әкімі Дарын Бұлқайыр.

Егер тұрғындар көшуге көнбесе, сот арқылы шығарылады. Сондықтан құжаттарды рәсімдеу тұрғындардың өз мүддесіне сай. Жаңа баспана барлық пәтер иелеріне емес, тұрақты тұрып келген және бұл жалғыз баспанасы болған адамдарға ғана беріледі.

Қызықты қараңыз, апатты үй деп аталған үйдің тұрғыны кезекке тұруы керек. Және де 5 жыл бойы іс алға баспаған. Бұл жағдай тығырыққа тірейтіні анық.

Бұл Сарандағы жағдай былтырғы жылдың қыркүйек айында болған еді, ал биылғы жылдың ақпанында тағы да осыған ұқсас оқиға қайталанды.

Бұл жолы апатты деп танылған үйдің бір бұрышы опырылып құлап түсті.

Яғни 19 ақпанда шамамен таңғы сағат сегізде Балқаш қаласындағы Қараменде би көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің бір бөлігі «жалп» етті.

Қазіргі уақытта құрылыс және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, 5-ші кіреберісті демонтаждау жұмыстары басталып кеткен. Жұмыстар  аяқталғаннан кейін қалған 4 кіреберісте қосымша техникалық тексеру және құрылыс сараптамасы жүргізіледі.

Алдағы уақытта қалған кіреберістер конструкцияларын күшейту бойынша жұмыстарды жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаттама белгіленген тәртіппен әзірленеді.

Әкімдік мәліметінше, бұл кіреберіс бұрын апатты жағдайда деп танылып, бұзу туралы шешім қабылданған. Сондықтан мұнда ешкім тұрмаған, зардап шеккендер жоқ.

Қазіргі уақытта ғимарат қоршауға алынып, кіруге шектеу қойылған, электр, жылу, су жүйелері ажыратылған.

«2025 жылы кіреберіс техникалық қорытынды мен құрылыс сараптамасының негізінде апатты жағдайда болған. 5-кіреберістің тұрғындары алдын ала қоныс аударып, пәтерлері тұруға жарамсыз деп танылғандықтан, заңда белгіленген тәртіппен тұрғын үйге мұқтаж азаматтар ретінде есепке қойылғанын хабарлаймыз. Құлау сәтінде қаза болғандар мен зардап шеккендер тіркелген жоқ», – делінген ресми хабарламада.

Иә, құрылыста «рекорд» жасаудамыз деген шенділер құрғақ есепке мәз. Ал апатты жағдайдағы үйлер саны артпаса, азаяр емес. Тағы бір қызығы бұзылуға не құлауға шақ тұрған  үйде  жылдар бойы тұрып жатқан адамдар көшірілген уақыттын өзінде кезекте тұруы керек. Бұл да бір ойланарлық жағдай емес пе?

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ