Биыл, 25 ақпан күні, Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5516 әскери бөлімінің құрылғанына 34 жыл толып отыр. Бұл – ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде өлшеусіз үлес қосып келе жатқан айбынды бөлімнің мерейлі белесі.
5516 әскери бөлімі 25 ақпан күні құрылды. Құрылған күннен бастап бөлімге Теміртау қаласында қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, патрульдік-посттық қызмет атқару міндеті жүктелді. Бөлім жауынгерлері алғашқы күннен-ақ ел сенімін ақтап, жауапты міндеттерді мінсіз орындап келеді.
Жылдар бойы әскери бөлім жеке құрамы тек күнделікті қызметпен шектелмей, республикалық және халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шараларда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсене қатысып келеді.
Әсіресе елордада өткен ауқымды шараларда бөлім сарбаздары жоғары кәсібилік танытты. Атап айтқанда, 2011 жылғы VII Қысқы Азия ойындары, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы саммиті, Қазақстан Республикасы Президентінің ұлықтау рәсімдері, Ислам ынтымақтастығы ұйымының кездесулері, сондай-ақ EXPO-2017 халықаралық көрмесі кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысты.
Сонымен қатар елордада өткен мерейтойлық іс-шаралар, халықаралық саммиттер мен ресми қабылдаулар барысында бөлім әскери қызметшілері қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауда жоғары жауапкершілік көрсетті.
Бүгінде 5516 әскери бөлімінің жеке құрамы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы және өңірлік қолбасшылық жүктеген міндеттерді абыроймен орындап келеді. Батыр бабалардың рухын ту еткен сарбаздар ел тыныштығы жолында әрдайым қырағы.
5516 әскери бөлімі – Отанға адалдықтың, тәртіп пен жауапкершіліктің, ерлік пен айбынның символы. Құрылған күннен бергі қалыптасқан даңқты жолы алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі
