Жыл сайын елімізде туберкулездің алдын алу, ерте анықтау және емдеу шараларын күшейту мақсатында туберкулезге қарсы күрес айлығы өткізіледі және жыл сайын 24 наурыз – Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні ретінде аталып өтеді. Бұл күн – 1882 жылы неміс ғалымы Роберт Кох туберкулез таяқшасын ашқан тарихи күнге арналған.
Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күнін өткізудегі басты мақсат – ол әлем халқының осы туберкулез ауруының жаһандық індет екендігі, оны жоюдағы күш-жігер, аурудың алдын алу, туберкулезге қарсы күресудегі қолданылатын әдістері туралы хабардарлығын арттыру және әр азаматтың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға бағытталған.
Туберкулез адам ағзасындағы сүйекті, бүйректі, миды, ми қабықтарын, теріні, көзді басқа да ағзаларды зақымдайды. Туберкулез таяқшаларымен ағзадағы шаш пен тырнақ қана зақымданбайды екен. Өкпе туберкулезі жиі кездесетіндіктен, туберкулезді өкпе ауруы деп те атайды.
Туберкулез иммунитеті төмендеген, қажетті мөлшерде тамақтанбаған, алкогольді және есірткіні қолданатын, темекі шегетін тұлғаларда, жеке гигиена талаптарын сақтамағанда орын алады. Негізінен туберкулезбен иммунитеті әлсіз балалар, жыныстық жетілу кезеңіндегі жасөспірімдер, иммунитеті төмен қарттар жиі ауырады. Бұған қосымша созылмалы аурулары бар (өкпе аурулары, қант диабеті, асқазанның ойық жарасы) адамдар, әр түрлі иммундық тапшылық жағдайлары (әсіресе ЖИТС) туберкулездің дамуына ықпал етпей қоймайды.
Әр жыл сайын жер жүзінде қаншама миллиондаған адам туберкулезбен ауырса, кейінгі жылдары елімізде туберкулездің таралу қарқыны төмендеп, соңғы жылдары туберкулезге шалдығу, өкпе құртынан келетін өлім-жітім көрсеткіштері тұрақты түрде азаюда. Біздің Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданымызда туберкулез жағдайы өткен жылмен салыстырғанда 9,5% төмендеп отыр. Өкінішке орай аудан көлемінде балалар мен жасөспірімдер арасында туберкулез жағдайы тіркелуде. Ауданда туберкулезден болатын өлім-жітім әлі де бар, тіркелу деңгейі өткен жылмен салыстырғанда бір деңгейде.
Туберкулез ауруын анықтауда ең негізгі әдіс – ересектер үшін флюорографиялық тексерілу болса, балалар үшін Манту сынамасын жасау. Ауданда туберкулездің анықталуының басым көпшілігі флюорографиялық жолмен, яғни аурудың енді басталып келе жатқан кезеңінде анықталған. Бұл жақсы көрсеткіш, себебі ауру асқынбаған түрінде анықталғандықтан оның емделуі де жылдам болады.
Өкініштісі, туберкулез ауруының асқынған, бактерияның бөлуі байқалатын науқастар да бар. Олардың арасында бірнеше жыл бойы флюорографиялық жолмен тексерілмеген, дәрігердің қабылдауында болмаған тұлғалар да бар. Өз кезегінде аурудың асқынуына, тіпті қауіпті түріне ауысып, мүгедектікке, кей жағдайда өліммен аяқталуы әбден мүмкін. Сондықтан жыл сайын флюорографиялық тексерілуді естен шығармаған жөн. Флюорографиялық тексеріс жасөспірімдік кезеңнен бастап жүргізіледі. Ал балалар арасында Манту сынамасы жасалады. Кейінгі жылдары диаскинтест сынамасы қарқынды қолданылып жүр. Бұл әдіс – адам ағзасында туберкулез микобактерияларының белсенді түрінің бар-жоғын анықтайтын жоғары дәлдіктегі заманауи тері ішілік сынама. Осындай әдістерді қолдана отырып, ағзада туберкулез таяқшасының бар, жоқтығын біле аламыз.
Туберкулез адамнан адамға ауа арқылы жұғады. Жөтелу, түшкіру немесе қақыру кезінде өкпе туберкулезі бар адамдардан ауаға туберкулез таяқшалары таралады. Туберкулез қоздырғышы сыртқы ортаға төзімді, ұзақ уақыт сақталуға бейім, тіпті микобактериялар тозаңданған, көгерген бұрыштарда, ретсіз шаң-тозаңды үй-жайларда бірнеше жыл бойы өмір сүре алады. Негізінен кез келген жұқпалы ауру, оның ішінде туберкулез ауруы да иммунитеті төмендегенде, жеткіліксіз тамақтанғанда, қанағаттанарлықсыз санитариялық-гигиеналық жағдайларда орын алады.
Туберкулезді алдын алу нәресте дүниеге келген кезден туберкулезге қарсы вакцинация жасаудан басталады. Сәбиге туылғаннан кейін 2-3 күннің ішінде БЦЖ екпесі жасалады. Вакцина жасаудағы басты мақсат – туберкулездің жасырын инфекциясының ашық ауруға өтуінен қорғап, аурудың ауыр түрлері туберкулез менингитіне, буын мен сүйектің зақымдануынына жол бермей, өкпені жұқтырудың қауіпті формаларының дамуына қарсы күреседі. Вакцина жасау арқылы балалар арасындағы туберкулезбен сырқаттануының төмендеуіне септігін тигізеді.
Алайда, БЦЖ вакцинасы не үшін, қандай ауруға қарсы егілетінін білместен, кейбір ана екпеден бас тартып жатады. Өкініштісі, балада туберкулездің асқынған түрінің анықталып, емделу қиынға соққанда ғана екпеден бас тартқанын кеш түсінетін жағдайлар да кездеседі. Ата-аналарға айтарым, негізінен екпе жасатудан қорықпаңыз. Кез келген екпе жасалмас бұрын дәрігерлермен бала денсаулығы түбегейлі қаралады. Ал вакциналар ұзақ мерзімді клиникалық сынақтардан өткізіліп барып, екпе жасауға рұқсат беріледі. Вакцинаның әр сериясының сапасы бақыланады. Туберкулезге қарсы жасалатын БЦЖ вакцинасы тірі вакцина, ол әлсіз туберкулез таяқшасының штаммынан дайындалған, адам үшін қауіпсіз, сапасы зерттелген.
Салауатты өмір салтын сақтау, үнемі денені шынықтыру, таза ауада серуендеу – өте тиімді және толыққанды, дәрумендерге бай тағамдармен тамақтану, жеткілікті, уақтылы ұйықтау, дұрыс гигиеналық тәртіптің өзі адам ағзасының нығаюына ықпал етеді, әрі туберкулез ауруынан қорғайды.
Әрбір азаматтың жауапкершілігі – өз денсаулығын күту, уақтылы тексеруден өту және айналасындағыларға қамқор болу.
Туберкулезге қарсы күрес – бүкіл қоғамның ортақ ісі. Бірге әрекет етсек, біз бұл ауруды жеңе аламыз!
Сабыржан ҚЫРҒЫЗАЛИН,
Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының
санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы
Гүлмира МУКСИНОВА,
Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының
санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы
