Ата кәсіп пен асыл өнерді қастерлеген ел адамы

«Ақжол» шаруа қожалығының негізін қалаушы және басшысы, «Құрметті ардагер», «Ерен еңбегі үшін», «Батыр шапағаты», «Ауылдың құрметті азаматы» төсбелгілерінің, «Дүниежүзілік Даму Банк» мемлекеттік грант иегері, «Қараөткел» халықаралық мал шаруашылығы көрмесінің жүлдегері.

 

«Малдың жайын баққан білер» деген тәмсіл бар қазақта. Расында, халқымыздың тіршілігі атам заманнан төрт түлікпен тығыз байланысты. Жаз – жайлауда, қыс – қыстауда қоныстану үрдісінен қол үзгенімен, түлігін қырға өргізіп, тіршілік қамын жасау ауыл халқы үшін әлі де үйреншікті әдет. Әңгімесін «Мал-жан аман ба?» деп бастайтын аталарымыздың сөзінен-ақ түліктің түп-тамырдан бері келе жатқан кәсіп екенін аңғару қиын емес. Бүгінде мал бағып, оны кәсібіне айналдырып тәуір тұрмыс кешіп отырған жандар баршылық. Солардың бірі – өмірі адал еңбекпен өрілген Ғаббасәлі Егінбайұлы.

Шығысын шөлге беріп, төрт құбылысын желге беріп керіле созылып жатқан сары дала – қасиетті Сарыарқа. Арқадай кең көсіліп жатқан мекеннің қайталанбас табиғаты көрген адамды тамсандырмай қоймайды. Ғаббасәліні де тудырған осы топырақ.

1958 жыл, 28 мамыр. Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақшатау ауылы. Ақтоғайдан ағып келетін Мұқыр өзені мен Қабыл өзені қиылысқан тұстағы Мұқырбай бұлағында атасы Спатыл мен апасы Зарухияның шаңырағында Ғаббасәлі Егінбайұлы дүниеге келді. Атаның ақылы, әженің мейіріміне қанып өскен баланың санасына дала мектебінің тәлімі ерте дарыды.

1965 жылы Карл Маркс атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, білім әлеміне алғашқы қадамын жасады. Мектеп қабырғасында Ғаббасәлінің сан қыры ашылды. Жас өрен оқумен қатар мәдени өмірге белсене араласып, көпшіліктің көзайымына айнала бастады. Нәтижесі де ұзақ күттірген жоқ.

Жастық жігер мен өнерге деген құштарлық оны 1973 жылы Жезқазған қаласында өткен дәстүрлі «Үкілі домбыра» байқауына алып келді. Сол бәйгеде қара домбыраның үнімен астасқан дала баласының күміс дауысы тыңдаушылардың жүрегін елжіретіп, бас жүлдені қанжығасына байлады. Аламанға баптап апарған – Ақшатау өңірінен шыққан жезтаңдай әнші, ұстаз Гүлбаршын Ақпанова болатын. Сол кезеңнен бастап Ғаббасәлі үшін өнер тек қана хобби емес, өмірінің мәніне, тағдырының бір бөлшегіне айналды. Өнерге деген талпыныс талантты жасты аудандық, облыстық сахнаға дейін шығарды. Өнер жолындағы әрбір бәйгесі тәтті жеңістерге ұласып жатты.

«Жігітке жеті өнер де аз» деп атам қазақ тегін айтпаса керек. Ғаббасәлінің әншілігінен бөлек, қаламның қасиеті мен сөз қадірін жете түсінетін ақындық һәм жазушылық қыры да бір төбе еді. Мектеп кезінен-ақ аты Одаққа мәлім «Қазақстан пионері» газеті мен «Балдырған» журналында мақалалары жиі жарияланып тұрды. Ол кезеңде аталған екі басылымға мақала шығару мыңның біріне ғана бұйыратын бақ еді. Жалпы, әдебиет пен дәстүрлі өнер Ғаббасәлінің болмысын ерте айшықтап, тұлға болып қалыптасу жолында шамшырақ болды. Жасынан ел ішінде сері атанды. Бірақ «серімін» деп сергелдеңге салынған емес. Себебі ата мен әженің һәм даланың тәрбиесі өмір ағысында адастыруға жол бермеді.

Орта мектепті аяқтаған кезде ол тек біліммен ғана емес, тәрбиенің негізін терең таныған, өнері мен өмірлік ұстанымы нық бозбала болып шыға келді. 1975 жылы мектепті озат тәмамдаған Ғаббасәлі үлкен өмірге қадам басты. Ауылдан атан түйеге жүк болардай арман арқалаған жас жігіт Жезқазған құрылыс техникумына түсті. Кеңес үкіметінің заңы қатал еді ғой, бір жылдан соң білім іздеп келген жасты әскер қатарына алып кетті. Отан алдындағы борышын Қиыр Шығыстағы Уссурийск қаласында өтеді. Екі жыл елден жырықта жүріп, темірдей тәртіпке байланған әскери өмірдің тәлімін бойына сіңірді. Ол заманда есі бар ер үшін әскер деген сабыр мен жауапкершіліктің, темірдей төзімнің шыңдалатын жері еді.

1978 жылы елге оралған Ғаббасәлі ауыл өмірінің қайнаған тіршілігіне бірден сіңісіп кетті. Мәдениет үйінде көркемөнерпаздар үйірмесіне жетекшілік етіп, ауыл жастарының өнерге деген құштарлығын оятты. Сахнадан ән шырқалып, домбыра күмбірлеп, ауыл кештері думанға толатын. Ол тек ұйымдастырушы ғана емес, елдің рухани тіршілігіне жан бітірген жанашыр бола білді. Белсенді жігіт көзге түсіп, ауылдық комсомол комитетінің хатшысы қызметін де абыроймен атқарды. Жастардың басын біріктіріп, қоғамдық жұмыстарға жұмылдыра білді. Қай істі тапсырса да, тиянақты әрі елге пайдасы тиетіндей етіп атқаруға тырысатын.

Кейін тіршілік ағысымен жүргізуші-жабдықтаушы болып еңбек етті. Бұл қызметте де оның іскерлігі мен жауапкершілігі көптен ерекшеленіп тұрды. Ауылшаруашылығына керек-жарақ табу, техника мәселесін шешу – бәрі де табандылық пен шапшаңдықты талап ететін жұмыс еді. Ғаббасәлі бұл бағытта да сенім үдесінен шығып, басшылықтың мақтауын жиі естіді.

1982 жыл. Шаруалардың еңбегі қызып тұрған шақ. Ел көлемінде еңбекші ауылдар қызметімен де, өнерімен де сайысқа түсіп жататын. Облыс көлемінде түрлі мерейтойларды желеу етіп, ақындар мен әншілер бәсекесі жиі өтетін. Бірде Ағадыр ауданына қарасты бірнеше шаруашылық арасында ақындар айтысы ұйымдастырылды. Айтыс дегеніңіз – ақындық пен әуезді әуен тоғысатын керемет өнер ғой. Ақшатау намысын арқалап барған Ғаббасәлінің бойында бұл өнердің екеуі де бар еді. Сөз бен әннің, ойын мен ойдың біріккен сиқырын тыңдағандар оның дарындылығын бірден аңғарып, ерекше ілтипат білдірді. Сол бір айтыста Қарабұлақ шаруашылығының ақын қызымен сөз додасына түсті. Ғаббасәлі былай деді:

– Егіз туған Ақшатау, Қарабұлақ,

Жатушы еді Басшиден дара құлап.

Сылдырап, сыңғырлаған әуенімен,

Жағасында билейтін жасыл құрақ.

Бұл жолдардан-ақ оның табиғатқа, туған жерге деген сүйіспеншілігі мен поэзиялық сезімталдығы көрінеді. Айтыстағы әр сөзде, әр өрнекте Ақшатау мен Қарабұлақтың сұлулығы, табиғаттың көркемдігі әсем бейнеленеді. Ол өз көңілінің тереңінен шыққан ой мен сезімді әдемі өлеңге айналдыра білді.

Ғаббасәлі сөзін жалғады:

– Көңілдің көк дөненін тежедім ғой,

Сүйексіз қызыл тілді безедім ғой.

Қарабұлақ маған да бөтен емес,

Құт қонған нағашымның мекені ғой.

 

Арқасы ғой айтыстың асқаралы,

Мен де болдым жақында баспаналы.

Шіркін-ай, қара өлеңнің киесі ғой,

Қасым да тастамаған астананы.

Бұл шумақтар – тек қана сөздің емес, жанның да тербелісі. Ғаббасәлі әр жолында өлеңнің киесін сақтап, қарсыласына да құрмет көрсетіп, өз өнерін айқын дәлелдеді. Кім біледі жасынан домбырасын жанына серік еткен Ғаббасәлі бұл саламен кәсіби тұрғыда айналысқанда өнер айдынында өзіндік орны бар атақты әртіс болар ма еді. Бірақ өткенге өкініш жоқ, еңбекке адал адамның алдағы несібесі ата кәсіптен берілді.

Тәуелсіздікпен бірге келген тоқырау жылдары көпшілікті тығырыққа тірегені белгілі. 1992-1993 жылдардағы елеулі қиындықтар ауылшаруашылығында айқын сезілді. Аталған саладағы терең дағдарысқа республикадағы колхоздар мен кеңшарларды жаппай әрі жедел жекешелендіру науқанының зардабы тиді. Сол кезеңдегі қиындықтарға қарамастан, Ғаббасәлі де тәуекелге бел буып, «Ақ-Жол» шаруа қожалығын құрды. Ентелеп келген нарық заманында мал түгілі, адамға азық табудың өзі мұң болатын. Көптеген қожалықтар ашылған бойда жабылып жатты. «Ақ-Жол» шаруа қожалығы да талай қиындықты бастан өткерді. Алайда маңдай тер мен тынымсыз еңбектің арқасында біртіндеп еңсесін тіктеді. Тоқырау кезеңі аяқталып, Қазақстан жаңа мыңжылдыққа аяқ басты. Уақыт өте келе шаруашылық асыл тұқымды қой өсіру ісін жандандыра бастады. Малдың бабын табу, тұқымын асылдандыру, өнімін көбейту – бәрі де білім мен тәжірибені талап ететін іс. Ғаббасәлі бұл салаға да бар ынтасымен кірісті. Қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығында да мал басын аман сақтап, шаруасын дөңгелетіп әкетті.

Бүгінде «Ақ-жол» шаруа қожалығы – ауыл һәм ауданның мақтанышына айналып отыр. Бұл табыстың артында бір адамның маңдай тері, табандылығы мен ата кәсіпке деген адалдығы жатыр. Ғаббасәлі үшін байлық – тек мал саны емес, елдің алғысы мен адал еңбектің жемісі.

Соңғы ширек ғасырда «Ақ-Жол» шаруа қожалығы асыл тұқымды қой шаруашылығына, оның ішінде қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойын өсіру бағытына бет бұрды. Бұл қойлардың дене бітімі шымыр, сүйегі берік, әрі Арқаның қытымыр қысына да, жаздың аптап ыстығына да төзімділігімен ерекшеленеді. Ғаббасәлі осы мал түрін өсіруге 30 жыл уақытын арнады. Тәжірибе жинақтап, еңбегін зая кетірмей, елге пайдасы тиетін деңгейге жеткізді. Қой шаруашылығын кәсіби түрде дамыту үшін ол Алматыдағы Зооветеринария институтының (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті) тәжірибелі мамандарын шаруашылығына шақырып, ғылыми кеңес алуына мүмкіндік жасады. Академик Т.Садықұлов бастаған ғылыми қызметкерлер тобы он жылға жуық уақыт жұмыс істеп, қой малының денсаулығын жақсартуға, өнімділігі мен ет сапасын арттыруға елеулі үлес қосты.

Ет сапасын жақсарту бағытында Ғаббасәлінің еңбегі  нақты нәтижелер көрсете бастады. Ол жасаған жұмыстар Дүниежүзілік Даму Банк жариялаған «Ауылшаруашылығы бәсекелестілік қабілетін арттыру» бағдарламасына қатысып, қой етінің сапасын рекордтық деңгейге көтеруге бағытталған жобасы бағаланды. Сонымен қатар асыл тұқымды қой малы жайлы жазған ғылыми еңбегі жоғары бағаға ие болып, мемлекеттік грант иегері атанды. Бұл Ғаббасәлінің кәсіби шеберлігі мен ғылыми тұрғыдан әдістемелік жолмен жұмыс істей алатынына айқын дәлел болды. Осылайша Ғаббасәлінің шаруашылығы шағын ғана қыстақтан қазақтың мал шаруашылығын ғылыми тұрғыда дамытқан, тәжірибені нәтижеге айналдырған нағыз еңбек ордасына айналды.

Оның еңбегі нәтижесіз қалмады: асыл тұқымды қой малын өсіріп, өркендетуде сіңірген еңбегі үшін Ауылшаруашылығы министрлігінің бірнеше рет Құрмет грамотасымен марапатталды, сондай-ақ «Қараөткел» мал көрмесінің күміс жүлдесіне ие болды. «Құрметті ардагер», «Ерен еңбегі үшін», «Батыр шапағаты», «Ауылдың құрметті азаматы» төсбелгілерімен марапатталған.

Ғаббасәлі өзінің кәсіпкерлік және шаруашылықтағы жетістігімен ғана шектелмей, спорт саласында да қолдау көрсеткен мәрт азамат. Көк Бөрі Керней бабамыздың тойында дзюдо күресінен әлемнің үш дүркін чемпионы Қанжанов Бейімбетке шапан жауып, ат мінгізді. Қазақша күрестен Орта Азияның, Қазақстанның он үш дүркін чемпионы Әлімшайқы Сәлімбаевтың атына Ақжал кентінде спорт кешені ашылып, қазақша күрестен жеңген «түйе палуанға» шапан жауып, ат мінгізді. Бұл іс-әрекеттері оның жүрегінің кеңдігін, туған елге деген махаббатын көрсетеді.

Әдебиет пен поэзия саласында да Ғаббасәлінің орны ерекше. Қазақ ақыны Свет Оразаевтың «Өлеңім – өзім» жинағына көрсеткен көмегі, достарына, бауырларына арнаған ақжарма тілегі – оның адалдығы мен сенімділігін дәлелдейді. «Ғаббасәлі бауырым! Өз ойымның мынау ғой бір ұшығы, ақшатаулық фермерім, Ғаббасәлі…» – деген жолдарда бауырмалдық пен сенім, достық пен шынайылық, өнерге деген құрмет сезіледі.

Ғаббасәлінің өмір жолы – талант пен еңбек, өнер мен поэзия, сенім мен достық арасындағы үйлесім. Ол – туған жерінің, туған халқының нағыз жанашыры. Ауылға, өнерге, спортқа, әдебиетке адал қызмет еткен азамат. Өмірінде көрсеткен қажырлы еңбегі, биік өнері мен адал достығы арқылы ол өз дәуірінің көрнекті тұлғасына айналды.

Атақты ақын, Свет Оразаев өзінің «Өлеңім – өзім» (1994) атты жыр жинағында былай дейді:

– Ғаббасәлі бауырым!

Ойымыз әр кез біздің жалғасады,

Арман да біздерге тән алға асады.

Өз ойымның мынау ғой бір ұшығы,

Ақшатаулық фермерім, Ғаббасәлі.

 

Қашан да тыным таппай «дедектеген»,

Өзіңді өзгелерден бөлек көрем.

Бір сырым және мынау: деп едің ғой:

«Еу, Сәке, кітабыңа көмек берем».

 

Сол сөзің уәдеге негіз еді,

Әр кезде-ақ адалдыққа толы көзің.

Адалым, қара жерге қаратпашы,

Осылай «спонсорым» болып өзің!

 

Бір тілек: «Іргелінің бірімін», – деп,

Уәдені орындау – ірі міндет.

Қысқасы, мен бір ағаң боп жүрейін,

Жүр өзің әрқашанда бір інім боп!

Сыр-тілек иесі: шындықтан хақысы жоқ бұлтаратын бір ағаң Свет деген – «бунтарь» ақын. Бұл жолдар Ғаббасәлінің тек өнерпаз ғана емес, сенімді, адал, қолынан келгенін жасай білетін жан екенін көрсетеді.

Ол туған жерінің, өнерінің, ауыл мен елінің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан нағыз бесаспап азамат. Өзі туып-өскен Қабыл өзенінің бойындағы Ақшатау ауылында туған сәтінен бастап-ақ оның жүрегіне табиғатқа, өнерге, халыққа деген сүйіспеншілік ұялаған.

Ұлы ер адамның артында оның қолдаушы жары тұратына хақ. Ғаббасәлінің өмір жолындағы ең берік қорғаны, сенімді серігі – оның шаңырағы. Ол 1982 жылы Бағдат Қабыкенқызымен отау құрды. Олар – тағдыр қосқан жан ғана емес, балалық шақтың куәсі, бірге оқыған сыныптасы. Бала күнгі сыйластық үлкен өмірдің берік іргетасына айналды. Бағдат сырт көзге сабырлы, қарапайым көрінгенімен, ішкі қайраты таудай жан. Шаруашылықтың енді ғана тәй-тәй басқан, жоқтан бар жасалған қиын кезеңдерінде ол жан жарының жанынан табылды. Қыстың боранында мал қораның шамын жағып, жаздың аптабында есеп-қисапты түгендеп, бірде – ана, бірде – тірек, бірде ақылшы бола білді.

Ауыл тірлігі – бітпейтін бейнет. Сол бейнеттің бел ортасында Бағдаттың да ізі, маңдай тері, көз жасы мен қуанышты сәттері бар. Мамандығы – есепші. Шаруашылықтың әр тиынын есептеп, кірісі мен шығысын түгендеп, істің берекесін кіргізді. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен ана үшін отбасының ынтымағы, балалардың тәрбиесі қашанда бірінші орында. «Бар көрген бейнетті балалар көрмесін» деген аналық тілек оны алға жетелеп отырды. Бүгінде жетпістің жотасына шығып отырса да, шаңырақтың шырағын сөндірмей, ұрпағының ортасында – абыройлы ана, ардақты әже. Бұл шаңырақта дүниеге келген үш перзент – ата-ананың еңбегінің, тәрбиесінің жемісі.

Тұңғышы Мерген әке жолын көріп өскен, жауапкершілікті ерте сезінген ұл. Ол 1982 жылы Қарағанды облысы, Ақадыр ауданына қарасты, қазіргі Жарылғап батыр ауылында дүниеге келді. Жасынан кең даланың кереметін, қойлы ауылдың үнін, еңбек иісін сезініп өсті. 1989 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1999 жылы Ж.Алтайбаев атындағы орта мектепті аяқтады. Білімге құштар жас сол жылы Қарағанды қаласындағы «Болашақ» академиясының заң факультетіне оқуға түсіп, заңгер мамандығын игеріп шықты.

Ер-азаматқа тән парызын өтеу үшін 2003 жылы Қазақстан қарулы күштері қатарында болып, Павлодар қаласында әскери борышын атқарды. Тәртіп пен төзім мектебінен өткен соң, 2005 жылы еңбек жолын Абай аудандық Ішкі істер бөлімінде тергеуші қызметінен бастады. Адам тағдыры таразыға түсетін жауапты салада шыңдалған ол, кейін кәсіпкерлікке бет бұрып, өз жолын таба білді. 2007 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысып, бүгінде «GMG energy.kz» ЖШС табысты еңбек етіп жүр. Мерген мен келіні Алтынайдың отбасында екі перзенті өсіп келеді: Медина мен Расул. Медина – қайсар мінезді, намысты қыз. Дзюдо күресімен шұғылданып, биік белестерді бағындырып жүр. Ол – Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер. Тоғызыншы сыныпта оқыса да, талай жарыстың дәмін татқан. Жуырда Қырғызстанда өткен халықаралық турнирде күміс жүлде иеленіп, ел намысын қорғады. Бұл – тек жеке жетістік емес, тұтас әулеттің мерейін өсірген қуаныш. Расул – алты жасынан бастап футболға құмартып, доп тебуді серік етті. Бүгінде ол – сегізінші сынып оқушысы және «Шахтёр» жасөспірімдер құрамасының мүшесі. Бірнеше жарыстың жеңімпазы атанып, алаңда намысты қолдан бермейтін қайсар ойыншылардың бірі болып өсіп келеді.

Отбасының ақылды қызы Дана 1984 жылы дүниеге келді. Мектеп жасынан бастап өнерге жақын болып өскен ол би билеумен айналысып, аудандық, облыстық жарыстарда топ жарды. Жастайынан табандылық пен еңбекқорлықты серік еткен Дана кейін Қарағанды мемлекеттік университетін бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша аяқтады. Бұл анасының мамандығы еді, яғни ана жолын жалғаған перзенттің бір белгісі. Бүгінде ол жеке кәсіпкер, «Қарақат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы. Еңбегі еленіп, былтырғы жылы Қарағанды кәсіпкерлер палатасының марапатына ие болды. Дананың да өмір жолы берекелі үш перзенттің анасы.

Үлкен қызы Жанида Қытайдың ұлттық университетінде білім алып жүр. Екінші қызы Адина дарынды балалар мектебінде оқиды. Кенжесі Қарақат жетінші сыныпта білім алып, каратэмен айналысады. Өнерге де жақын екі рет балаларға арналған шағын фильмдерге түсіп үлгерді.

Кенже қызы Ботагөз білім мен қызметті қатар алып жүрген, ғылым жолына бет бұрған тұлға. Ол Ішкі істер министрлігіне қарасты заң академиясында аға оқытушы болып қызмет атқарады. Қазіргі таңда докторантураны аяқтап, қорғау тақырыбын жазу үстінде.

Ғаббасәлі Ботагөз Ғаббасәліқызы 1989 жылы Жарылғап батыр ауылында дүниеге келді. 2007 жылы Қарағанды қаласындағы ірі мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатын тәмамдады. 2011 жылы Бейсенов атындағы Қарағанды заң академиясына тергеуші мамандығына оқуға түсіп, үздік бітіріп шықты.

Жоғары оқу орнын аяқтаған соң, 2013 жылы Қарағанды қаласындағы «Болашақ» академиясының магистратурасын тәмамдап, заң ғылымдарының магистрі атанды. Ішкі істер органдарында аға тергеуші, бөлім басшысы, ғылыми-зерттеу институтының қызметкері, академия докторанты және аға оқытушы қызметтерін атқарды. Қазіргі күні полиция подполковнигі шенінде еңбек етуде. Заң ғылымдарының докторы атағына ие болу жолында Ботагөз докторлық диссертациясын жазу үстінде.

Ерен еңбегі ескерусіз қалған емес. Ол бірнеше рет Ішкі істер министрлігінің құрмет грамоталарымен, дипломдарымен марапатталып, 2025 жылы «Ішкі істер министрлігінің үздігі» төсбелгісіне ие болды. Ботагөздің артынан ерген Жалғас, Нұрмұханбет атты екі перзенті бар.

Үш перзенттің әрқайсысы бір-бір белес. Бірі кәсіпкерлікте, бірі ғылым мен құқық саласында, бірі әулет жалғастығында. Осындай ұрпақ тәрбиелеп өсірген ата-ана үшін бұдан асқан бақыт бар ма? Ұрпақтың өнегелі жолы шаңырақтың шырағы, әулеттің айбыны.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын?!» деген аталы да, азаматтық сөзін білсек те, соған сәйкес амал жасай алмай отырған азаматтар жетіп артылады. Ахаңның бұл атақты сөзінің астарында нағыз отаншылдыққа, елін, жерін сүюге тәрбиелеудің жатқанын бірі білсе, бірі біле бермейді.  Ғаббасәлі Егінбайұлы елін сүйген ерекше азамат. Жұрты да өзінен шыққан жомарт ұлын ерекше қадірлейді. Әнін сүйгендер Ғаббасәлінің бойынан Жәкеңнің (Жәнібек Кәрменов) жасын даусын байқайды, жырын сүйетіндер кешегі Жамбылдың сынығы деп жүр, жақсылығын көргендер  Атымтай жомарттығын жарыса айтып жатады.

Иә, қалай айтса да, кімге ұқсатса да жарасып-ақ тұр. Бірақ ата кәсіпті арқалаған арда азаматтың ең басты құндылығы – адам болып қалу еді. Мұндай зиялылар Алатауда ғана емес, Арқа даласында да бар. Ғаббасәлі ауылда жүріп-ақ Астананы бағындырған асыл жан, өмірге ғашық жан. Өнер мен өрісті тоғыстырған үлгілі өмір жолы осындай-ақ болсын!

Аңғар СМАҒҰЛ,

 Жарылғап батыр ауылы,

 Шет ауданы