Жылқы жалында жыл келеді…

Сүйінші, Жарық пен жылу атқа мініпті. Көптен бері көргеніміз суық пен қатқылдық еді, енді оны жылу мен шуақ ығыстыра бастады. Бәсе, жыл деген қақаған қаңтарда емес, осылай аққуды ертіп, гәккулетіп Наурызда келмеуші ме еді?

Иә, қазір қазақ жұрты жыл басы әз-Наурызды он күн тойлайды. Жылдың көркі енеді жыл құсымен дегендей, 14-нен бастап ескіше Наурыз туады. Осыдан бастап күн мен түн теңеседі, яғни бабаларымыз айтатын 13-нен 14-не қарағанда ескіше ай туады деп, қазіргі 14 наурыз – көктемнің бірінші күні. Биыл осы 14-не, 15-не қарағанда Астанадан бастап Қазақстанның барлық жерінде күн мен түн теңесті. Бұл жаңалықты ашып отырған мен емес, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Светқали Нұржанов өткенде осылай деп жариялап, ұялы телефонынан таң атқандағы күн шыққан уақыт пен күн батқан уақытты көшіріп салып (скриндап), қайран қалдырды. «Бүгін Ақтауда күн 07:45-те шығып, 19:44-те; Астанада күн 06:24-те шығып, 18:23-те; Алматыда күн 06:02-де шығып, 18:01-де батады. Басқа жерлерде де уақыт осындай. Яки біреулер айтып жүргендей, «күн мен түн 22 наурызда теңеледі» деген сөз бекер. 22 наурызда күн түннен 20 мүйнеттей ұзарып кетеді. Мұның өзі Ұлыстың ұлы күні, яғни Түркінің жаңа жылы 14 наурызда басталатынының дәлелі. Сондықтан Жаңа жылымыздың аясын тарылтып, тек «Көрісу күні» ғана қылып қоюға хақымыз жоқ. «Көрісу» рәсімі осынау ондаған ғасырлардан бері бар, адамзат тарихындағы ең өміршең мейрамның негізгі атрибуттарының бірі ғана. Ұлыстың ұлы күнінің статусы белгіленіп, 14 наурыз Ұлттық һәм мемлекеттік мереке ретінде ресми мойындалып, демалыс тағайындалуы тиіс! Өзін түркітекті қазақпын деп есептейтін жандар, қолдаңыздар!» деді ол. Нанбасаңыз дәл қазір қарап, есебін шығаруға болады.

Осыдан Көрісу күнінің маңызын ойлай беріңіз. Бұл Наурыздың бірінші күні болғандықтан, жыл келуімен бір-бірін құттықтау екен ғой. «Бір жасыңмен» дейтінінің мәні тереңде екен, ендеше. Осы күннен бастап күллі қазақ қазір 23 наурызға дейін тойлайды, әр күннің өз атауы бар. Әр күн ұлттық құндылыққа, адамзаттық игілікке құрылған. Мәселе, 15 наурыз – қайырымдылық күні, 16 наурыз – Мәдениет, салт-дәстүр күні, 17-і – Шаңырақ, отбасы күні деген сияқты кете береді. 18-і – Ұлттық киім күнінің өзі ерекше күн. Осы күні өмірі ұлттық киім кимейтін қалалықтардың көбі қазақы костюм кие бастағанын көріп жүрміз. Бетбұрыс солай басталады.

Онкүндік наурызнама тұжырымдамасында тарих пен тамыр, татулық пен тұтастық, үлгі мен өнеге, ең бастысы, шуағын шашқан мейір мен махаббат бар. Дүниеде шуақ пен мейірімге жететін жаратылыс жоқ. Өмір сондықтан тәтті. Әйтпесе, «ата-анадай елжірер күннің көзі» деп айта ма ұлы Абай. Қай жерде жарық пен шуақ мол, халық пен махаббат та сонда үйірсектейтіні бесенеден белгілі. Біздің жыл басы Наурыз бойына осы құбылыстардың бәрін топтастырған ұлы мейрам екеніне бәс тігуге бармыз ендеше.

Жауына Абылайлап шапқан Наурызбайлардың мекені ұлы қазақ даласы осымен нешінші Наурызын қарсы алғалы тұр. Тіпті есте жоқ ескі замандар ертегісінде Наурыз хандар да болған деседі. Кейбір этнографтар жыл басы біздің дәуірімізге дейін тойланғанын, бес мыңжылдық тарихы барын жазады. Бойына жоғарыдағы бар қасиетті сыйдырған бұл мейрамды, демек ұлттық код десе де артық емес шығар. Кеңестік билік 1926 жылы тыйым салғаны тегін дейсіз бе? Содан 1988 жылға дейін ұмыттыруға тырысса да, қазір мұзды жарып шыққан бәйшешектей төрімізге келіп орнықты.

Наурызды қазақ осы 14-нен бастап сегіз күн тойлайтынын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы анық жазған. Шәкәрімнің ұлы Ахатта да бар. Оларды есептемегенде, бұлардан бұрын ежелгі қазақ даласында қалам ұстап қандай ғұлама өтсе, бірде-бірінің назарынан тыс қалмаған мейрам қазір ұлыс тойына айналғанына ешкім шәк келтірмесе керек.

«Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп бата бермейтін бе еді, бұл күндері атам қазақ. Немесе Ұлыс күні десетін. Елдіктің, татулық пен тұтастықтың, бауырластық пен бірегейліктің тойы деген сөз. Биыл осы ұлыс күнімен бірге жылқы жылы кіреді. Тақыр қоян мен мешінге болмаса, қазақ танымында жылқы жылына қатысты жаман сөз, оғаш ырым жоқ. Қазақ жылқымінезді халық деседі білетіндер. «Жылқы жалын төсейді» деп өзімсінеді және ертегілеріндегі, ауыз әдебиетіндегі барлық қаһармандарының серігі – астындағы жүйрік аты. «Ер қанаты – ат» деуінің өзінде үлкен мән тұр. Ғалам қанша дамыса да әлі күнге техниканың күшін аттың қуатымен өлшейтінін қайда қоясыз. Соған орай жүйрік, тұлпар туралы небір ұлы туындыларда бізде. Алайда, кино жағы кемшін. Жылқыны тұңғыш қолға үйреткен халық әлі күнге соның үстінен түспегені қуантады, әйтеуір. Сондықтан биылғы жылдан үміттіміз.

Ұлыстың тойы – ырыстың тойы құтты болсын!

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ