«Бірлік жүрісі-2026» республикалық жарысы өтті

1 мамыр күні Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай дәстүрлі «Бірлік жүрісі-2026» республикалық жарысы өтті.

Ауқымды спорттық іс-шараға жүздеген қатысушы жиналып, олардың қатарында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, белгілі спортшылар, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ жүгіру мен салауатты өмір салтын ұстанушылар болды. Іс-шара қатысушыларды бір мақсатқа жұмылдырып, бірлік, достық және белсенді өмір салты құндылықтарын дәріптеді.

Дәстүрлі түрде еліміздің барлық өңірлерінде ұйымдастырылатын «Бірлік жүрісі» биыл да мыңдаған қазақстандықты біріктірді. Қарағанды қаласы негізгі алаңдардың біріне айналып, қатысушылар 2 км қашықтықты еңсерді.

«Бірлік жүрісі-2026» – тек спорттық жарыс қана емес, бұл – елдің мәдени әралуандығына, бейбітшілік пен татулыққа деген құрметтің көрінісі. Осы күні қатысушылар Қазақстанның басты құндылығы – бірлік екенін тағы бір мәрте айқындады.

Іс-шара қорытындысында жеңімпаздар анықталып, барлық қатысушылар естелік медальдармен марапатталды.