Соғыс жылдарының әуендері, курсанттардан құралған құрмет дәлізі және майдангерлердің естеліктері – Қарағанды облысында Ұлы Жеңістің 81 жылдығы қарсаңында соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, блокада куәгерлері мен концлагерьдің бұрынғы тұтқындарына құрмет көрсетілді.
Қонақтарды үрмелі аспаптар оркестрі қарсы алды.
Ал Талғат Бигелдинов атындағы республикалық әскери мектептің тәрбиеленушілері құрмет дәлізін жасақтады.
Фойеде мұражай экспонаттары мен әскери техникалар көрмесі ұйымдастырылып, ол тарихта қалған қаһармандық танытқан оқиғаларды еске салды.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ардагерлерді келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтап, мұндай кездесулердің маңызы ерекше екенін атап өтті.
– Жылдар өтеді, ұрпақ алмасады. Бірақ адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста жасалған ерлік мәңгілікке батылдықтың, төзімділіктің және Отанға деген сүйіспеншіліктің үлгісі болып қала береді. Сіздер өмірдің қадірін әңгімеден емес, өз бастарыңыздан өткен сынақтар арқылы білдіңіздер. Бізге өмір сүруді сөзбен емес, істеріңізбен үйреттіңіздер. Біз осы аманатқа адал болып, бейбіт болашақты бірге құруды жалғастырамыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Қазіргі таңда Қарағанды облысында Ұлы Отан соғысының алты ардагері тұрады. Олар – Сұнғат Саттығұлов, Мария Шинкевич, Александр Балабас, Иван Скрипников, Виктор Шелудяков және Анна Котова.
Сонымен қатар өңірде 2029 тыл еңбеккері, 89 майдангердің жесірі, сондай-ақ концлагерьдің бұрынғы 33 тұтқыны мен қоршаудағы Ленинград тұрғындары бар.
Ардагерлердің бірі Сүнғат Саттығұлов майданға 18 жасында аттанған. Ол Сталинградты азат ету шайқасына қатысып, жараланғанына қарамастан қайта сапқа оралып, Жеңісті Минск қаласында қарсы алған.
– Баршаңызға соғыстың ауыртпалығын ешқашан сезінбеуді тілеймін. Әр адамның дені сау, бақытты болып, аспанымыз ашық болсын! – деді ол кездесуге қатысушыларға.
Тыл еңбеккерлері де өз естеліктерімен бөлісті. Карл Жансағымов соғыс жылдары бала бола тұра колхозда еңбек етіп, масақ теріп, жер жыртқанын айтты.
– Ол кезде барлық жұмыс қолмен атқарылатын. Өмір өте қиын болды. Мен мектепке тек он жасымда бардым. Соғыс балаларының бәрі осының бәрін бастан өткерді. Мұндай қасірет енді қайталанбасын! – деді ол.
Ленинград қоршауының ауыр кезеңдерін сол кезде небәрі алты жаста болған Вера Волкова еске алды. Оның отбасы Қазақстанға эвакуацияланған.
– Қазақстанға көрсеткен жылуы мен көмегі үшін шексіз ризамын. Адамдар соңғы нанын бөлісіп, бізге қолдау көрсетті. Біз әбден әлсіреген, титықтаған күйде едік… Мұны ұмыту мүмкін емес, – деді ол.
Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстаннан майданға 1,2 миллионнан астам адам аттанды. Соның шамамен 60 мыңы Қарағанды облысынан шақырылып, олардың 25 мыңы елге оралмады.
