Жұмысшы жағдайы – басты міндет

Көмірлі өлкеде еңбек қауіпсіздігіне баса мән беріледі. Бұл бағытта арнайы қызметтердің жұмысы ырғақпен жолға қойылған. Соның нәтижесінде былтыр өңірде 400-ден астам заңбұзушылық анықталды. Көп жағдайда кәсіпорын басшылығы жұмысшыларға тиісті еңбек жағдайын жасамайды. Яғни еңбеккерлер алдындағы міндеттемелерін орындауға салғырт қарайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Медеу Ахметовтің айтуынша, әр жұмысшының өз құқығын қорғай білуі маңызды. Былтыр жұмысшылардан түскен үш мыңнан астам өтініш қаралды. Әр шағым бойынша тиянақты жұмыс жүргізіліп жатыр.

– Әрбір дерекке ден қойып отырмыз. Соған сай өңірдегі кәсіпорындарда 600 тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 400-ден астам заңбұзушылық анықталды. Олардың көпшілігі еңбек қатынастары мәселелеріне қатысты болып отыр. Инспекторлар әр тексеріс негізінде 200-ге жуық нұсқама берді. Айта кету керек, олардың барлығы уақтылы және толық көлемде орындалды. Сондай-ақ 100-ге жуық заңды және лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл салынып, жалпы сомасы шамамен 26 млн теңгеге жетті, – деді Медеу Ахметов.

Департамент басшысының сөзіне қарағанда жұмыс берушілер көбіне еңбек шартын жасамай жұмысшы жалдауға немесе оны заңсыз бұзуға жиі барады. Сонымен қатар жалақыны төлемеу, себепсіз жұмыстан шығару сынды мәселелермен қатар, қажетті қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге құлықсыз. Мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында мемлекеттік инспекторлар өндірістерге тұрақты түрде барады. Осылайша былтыр 33 кәсіпорында басшылықпен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізілді.

Облыста өндірістік кеңестер институты белсенді дамып келе жатыр. Қазір кәсіпорындарда 793 ұйым жұмыс істейді. Олардың құрамында кәсіподақтардан 1018 техникалық инспектор еңбек етеді. Былтыр олардың тарапынан 17 654 ескерту жасалды. Олардың барлығы қауіпсіздік мәселелеріне жайлы болды. Осы орайда жұмыс берушілердің сарапшылар пікіріне байыппен қарайтыны ерекше атап өтуге тұрарлық. Былтыр анықталған заңбұзушылықтың 90,6 пайызы жойылды.

Жалпы, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету әртүрлі деңгейдегі алаңдарда ұдайы талқыланып келеді. Қарағанды облыстық Кәсіподақтар орталығында Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай «Қауіпсіздікті трансформациялау: өтемақы моделінен тәуекелдерді басқару және цифрлық стандарттарға көшу» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Халықаралық еңбек ұйымы, Республикалық кәсіподақтар федерациясы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «PARYZ» жұмыс берушілердің ұлттық конфедерациясы, жергілікті атқарушы органдар өкілдері, кәсіпорындар басшылары мен сарапшылар қатысқан жиында келелі мәселелер талқыланды. Яғни елдегі еңбекті қорғау жүйесін дамыту, өтемақы моделінен тәуекелге бағдарланған тәсілге көшу, өндірісте цифрлық технологиялар мен мониторинг құралдарын енгізу, көмір саласындағы өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алу, психоәлеуметтік тәуекелдер және олардың еңбек қауіпсіздігіне әсері, мемлекет, жұмыс берушілер және кәсіподақтар арасындағы әлеуметтік әріптестікті дамыту және өзара іс-қимылды күшейту мәселелері қаралды.  Ашық кәсіби диалог алаңына айналған басқосу еңбек қауіпсіздігін арттыруға бағытталған практикалық тәсілдерді әзірлеуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар облыста мүгедектегі бар азаматтарды еңбекпен қамтуға ерекше назар аударылған. Мұндай мәселелер тиісті алаңдарда қарастырылып келеді. Мәселен, мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту, оларға жалақыны уақтылы төлеу және заманауи технологияларды енгізу мәселелері Қарағанды облыстық әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия отырысының негізгі тақырыптарына айналды. Яғни отырыс барысында заңнамаға сәйкес кәсіпорындарда мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы жұмыс орындарын құру, кәсіпорындарда озық технологияларды енгізу арқылы негізгі құралдарды кезең-кезеңімен жаңарту және қызметкерлер алдындағы жалақы бойынша берешекті толық төлеу жолдары пысықталды.

Жалпы, облыста жыл басынан бері 860-тан астам мүгедек адам жұмыспен қамтылды. Бұл санаттағы жандарды жұмысқа орналастыруға көмектесу үшін барлық тетіктер қолданылып келеді. Осы орайда бос жұмыс орындарына жолдамалардан бастап, арнайы жұмыс орындарын құру, мүгедектердің өз ісін ашуға арналған гранттар беру сынды тәсілдер іске асуда.

Биыл өңірде мүгедектерге арналған жұмыс орындарына квота 291-ге дейін ұлғайтылды. Алайда облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев облыстағы кәсіпорындардағы мүмкіндіктер бұдан әлдеқайда жоғары деп санайды.

– Бұл мәселемен белсенді түрде айналысып, тәсілдерді қайта қарау қажет. Бізде жаңа кәсіпорындар ашылуда. Онда да мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын құруға болады. Әлеуметтік қолдау және мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру жағдайын жақсарту – біз үшін басым бағыт және жалпы мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі. Квотаны ұлғайту, сондай-ақ ақпараттық жұмысты күшейту қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Жалпы, аймақ басшысы мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру жағдайын үнемі жіті бақылауда ұстайды.

Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, облыста 54 690 мүгедек тұрады. Олардың жартысы еңбекке жарамды. Басқарма басшысы Ғалымжан Спабековтің сөзі бойынша жыл басынан бері квота арқылы 153 адам жұмысқа орналасты. Сондай-ақ оның айтуынша, бүкіл процесті бақылайтын автоматтандырылған жүйе іске қосылған.

Алдымен электронды еңбек биржасында квота белгіленген жұмыс берушілердің тізбесі жарияланады. Ал мансап орталықтары жұмысқа тұрғысы келетіндерді табуға көмектеседі. Егер квота бойынша тиісті нәтиже болмаса, автоматты түрде еңбек инспекциясына бағытталады.

Сонымен қатар, облыста мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету бағытында JOB COACH жаңа жобасы іске қосылды. Бұл жоба негізінде мансап орталықтарының мамандары қамқорлықтағыларды жұмыс орнында толық бейімделгенге дейін сүйемелдеу бойынша тиісті оқытудан өтті. Енді Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі жандарға кеңес беру және жұмысқа орналастыру орталығын ашу жоспарланып отыр.

Тағы бір айтып өтері, Қазақстан Республикасында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау тұжырымдамасын іске асыру аясында облыста еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі сараптамалық кеңес құрылды. Наурыз айында кеңестің алғашқы жұмыс отырысы өткен еді. Бұл отырыста еңбек қатынастары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы еңбек заңнамасы нормаларын сақтау, кәсіпорындарда еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғауды бағалау кезінде тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізу жағдайлары қаралды. Жалпы, сараптамалық кеңестің жұмысы еңбек қауіпсіздігі деңгейін арттыруға, өндірістік жарақаттанудың алдын алуға және өңірдегі еңбекті қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталып отыр. Бұл жұмыстардың барлығы өндірісті өлкедегі жазатайым оқиғаны азайтуға оң ықпал етуге тиіс.

Манас АҚСАРЫ