Тас қараңғы түн. Ай тумаған мезгіл. Отардың шетінде мал күзетіп жатқан шопанның көзі ілініп кеткен екен «Ей, малың қайда, малың қайда?» деген әлдебір бейтаныс дауыстан селк етіп оянып, басын оқыс көтеріп алған ол: «Алла сақтасын! Қара басып, маған не болды?!» деп тәлтіректеп орнынан ұшып тұрды.
Масқара! Қотанда жатқан отары жоқ! Бұл болса бос жатқан қотанның ортасында, іннен шыққан суыр құсап жан-жағына алақтап, состиып тұр. Бойын билеген қорқыныштан орнынан қозғала алмай қалды. Қас қағым сәтте басына не келіп, не кетпеді дейсің. «Қасқыр шапса» деген қауіп тұла бойын осып өткендей. Дереу жүгенді ала сала, үй іргесінде жайылып жүрген атына жүгірді. Бұдан әрі ештеңе ойлауға шамасы келмеген Байкенже атқа жайдақ мініп, өріп кеткен отарын іздеп, түнгі даланы ат тұяғының дүрсіліне бөлеп құйғытып бара жатты.
Байкенже Түйекешов деген бүкіл ауданға есімі әйгілі, атақты, орденді шопан-тын. Мал бағудың сырына қанық, жер жағдайына жетік, өз ісінің кәнігі шебері атанған даңғайыр шопан. Байкенженің елде жоқ ерекшелігі отарын еш уақытта шарбаққа қамамайтын, неге десеңіз, «мал шарбаққа сүйкенеді, содан қой қотыр болады», деген өзінің қатып қалған қағидасы бар. Солай болса солай да шығар, олай болды екен малды кірпік ілмей күзету қажет. Алайда Байкенже мал күзетінен де жаңылған емес, қойдың шеті дүр етіп үріксе ұшып тұратын құсұйқы. Отарында оншақты ешкі бар еді, жарықтық, ешкі деген жеңілтек мал, байыз тауып жата алмайды ғой. Бір отар қойды өріске бастап кететін сол, қаздаңдаған кебенектер. Содан да болар бұлар ешкілерін түнемелікте отардан бөліп, жеке шарбаққа қамап тастайтын. Қырсық қылғанда сол күні кебенектер отармен бірге қалып қойған. Қойдың түн ішінде өріп кетуіне себепкер кебенектер-тін.
Шопан осы әлгінде ғана ояу жатқан сықылды еді. Қарашы, қанша ұйықтағаны белгісіз, кірпігі ілініп кетіпті. «Ұйқы жау» деген осы, ақыры не болғанын көрдің бе деп шала бүлінген шопан жортып келеді.
Бұл уақытта қораланып туған ай да көтеріліп, қараңғылық сейіле бастаған. Байкенже шарқ ұрып шапқылап отарын таң атқанша іздеді. Әуелгіде өріп кеткен отар ауылдан ұзай қоймаған болар, деп ойлаған. «Итқұстан аман болса ештеңе етпес» деп Құдайына сиынып, сай-саланы кезіп шапқылап жүр. Уақыт озған сайын шопанның күдігі күшейе берді. Отары жоқ. Із-түзсіз, ғайып болғандай.
«Енді қайттім? Құдай төбемнен ұрды, масқара болдым!» деп жан алып, жан беріп, мал аяғы жетеді-ау деген жерді жортып жүріп аралап шықты. Албасты басып, алдындағы отарына ие болмау деген Байкенже шопанның өмірінде болмаған масқара. Содан не керек, күн көтеріле құрығын сүйреп, діңкесі құрып, үйіне оралады. Әйелі ол да жаяу-жалпылы талай жерді аралап, болдырып, осы әлгіде ғана үйге келіп, тізе бүгіп отырған. Алдындағы отарынан айырылып, өңі түтігіп келген шопан түрегеп тұрып бір тостаған айран ішіп, қайтадан атқа қонды. Сол беті аттың жалын желге таратып, мал барады-ау деген даланы ақтап, жоғалған отарды күні бойы іздеді. Бармаған жері қалмады, иен түзді заулап жүріп адақтап шықты. Күн көкжиекке еңкейгенде сүлдесі құрып үйіне жетіп, басы кеудесіне түсіп, шарасыз халде отырып:
«Жаратқанның әмірі, бұл мал қайда кетті, шайтан жасырып тұрғандай» деп «ақылы алтау» болып қатты қиналды. Қасқыр жесе, жемтігі жатар еді, әлде біреу айдап әкетті ме, олай болса дереу бөлімше басшысына хабарлау керек деп ойлайды ол. Бірақ мұны қалай айтады?! Ұят-ай! Осынша зор атағы бар, кәнігі шопанның алдындағы отарынан айырылып қалуы тірі масқара, бар жиған-терген абыройдан ада болу деген сөз.
Байкенже шопан қатты қиналды. Өмірі мұндай сұмдыққа ұрынбаған шығар. Апыр-ай, ақ қар, көк мұзда да сүрінбеп еді, ақ түтек боранда да алдындағы отарынан көз жазбап еді. Бұл қалай болды деп соған іштей қапа. Қапа емес-ау, іші алай-түлей өрт, өзін қоярға жер таппай үйге бір кіріп, бір шықты. «Амал қанша» деді ақыры торығып, «айтпаса болмайды, ортаның малын жоғалтып алып, оны тиісті орынға хабарламауы барып тұрған жауапсыздық» деп ойлады ол.
Хабар тиісімен, жатсынба ферма бастық келіп, жабылып түннің бір уағына дейін машинаның жарығымен жоғалған малды іздеді, таппады. Іздеу келесі күні де, одан кейін де жалғасты. Байкенже таза күдер үзіп, «ұры-қара тиеп әкетпесе, ендігі табылар еді» деп түңіле бастаған. Малдың жоғалғанына үшінші тәулікке қарағанда төтен жағдай туралы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы да құлағдар болған.
Бұл уақытта совхоз директоры кезекті еңбек демалысында болатын. Оның міндетін атқарып жүрген бас зоотехник Айкен Қасенов бірінші жарты жылдықтың есебін беру үшін ауданға іссапарға баратын болып, орнына совходың бас инженері Асан Болтановты қалдырып, жол жүріп кеткен.
Бас инженер Болтанов деген сидиған ұзын бойлы, қара сұр қағылез адам еді. Директордың орнына қаласыз дегеннен кейін аяғын тез-тез басып үйіне келіп, өткен жылы Алматыға барғанда сатып алған су жаңа қара костөм-шалбарын киіп, ақ көйлекке қара галстуг қондырып, кеңшардың конторын бетке алды. Келе жатып жан-жағына ұрлана көз қыдыртып, біреу-міреу қарап тұр ма екен деп маңайын шолған болды. Жер-дүниені қуырып тұрған шілденің ыстығында галустук тағып қылқынып келе жатқан жалғыз өзі сықылды, көшеде бейсауат жүрген жан көзге шалынбады. Бас инженер Болтанов кеңсеге келіп кіргенде директордың хатшысы жас келіншек, бұған таңырқай қарап қалған. Шамасы, «Сіз, қайда барасыз?» деп сұрағысы келгендей. Соны сезе қойған Болтанов:
– Шәйгүл, халің жақсы ма? Маған директордың кабинетін ашыңыз, бастық келгенше директордың міндетін атқарушымын, – деді сөзін барынша салмақты айтуға тырысып. Соны айтқан кезде бір қолын шалбарының қалтасына жүгіртіп, «дала күйіп тұр, қайта кеңсенің іші салқын екен» деп алқымын қысқан галстугін сәл босатқан болды.
– Шайгүл дереу тартпадан кабинеттің кілтін алып, Айкен Қасенұлы маған ештеңе демеді ғой,- деді кабинеттің есігін ашып жатып.
– Нені айтпады? – деді Болтанов иегін көтеріп, қоңыр даусын құбылтып.
– Жай, әншейін, сіз туралы ештеңе демеген еді.
– Мен туралы дейсің бе? Мен туралы не айту керек еді? – деді Болтанов бұл жолы хатшы әйелге тесіле қарап.
– Директордың орнына қалғаныңыз туралы дегенім ғой.
– Ол айтпаса, мен айтып тұрмын, қарағым, – деді Болтанов сәл қабағын шытып, сыздана сөйлеп.
Бас инженердің жұмысының дені техникамен байланысты болғаннан шығар, әйтеуір ол көбінесе гараждан шықпайтын. Осы совхоздың бүкіл жүретін, жүрмейтін техникасы соның мойнында. Иә, автогаражда одан басқа да ірілі-ұсақты жауапты мамандар бар, соның бәрі Болтановсыз басы жоқ дене тәрізді. Бас инженер тәулік бойы дігірлеп, техниканы түгендеп, солардың сақадай-сай тұруын діттейді. Жаз айында жұмыс тіпті қауырт, мал азығы дейсіз бе, жем-шөп қоры дейсіз бе, соның бәрін дайындау техникасыз аттап баспайды. Совхоз директоры Сәдір Молдажарұлы да қытымыр, мазасыз адам, тіпті, еңбек демалысында жатса да екі күннің бірінде телефон соғып: «Анау қайда, мынау қайда?» деп мазаны алады. «Демалысқа кеткен соң рақаттанып жатпай ма» деп Болтанов қытымыр бастықтың орындығына отырып алып, гараждағы диспечерге телефон соқты. Ар жақтан тұтқаны көтерген кезекші диспечер қыз:
– Тыңдап тұрмын, Айкен Қасанұлы, – деді. Мұның директордың орнында отырғанын әлі естімеген диспечер әйел.
– Күлпаш, сенбісің, – деді бұл даусын әдеттегідей соза сөйлеп. – Ана кім қайда, Сарыбайды айтам?
– Асан аға, сізбісіз?
– Иә, иә, мен ғой, Айкен Қасенұлы іссапарға ауданға кетіп, совхозды маған тапсырып кеткен, әзірше осындамын. Сарыбайға айтшы, «маған звандасын» деп. Соны айтты да жауабын тоспай-ақ телефон құлағын ұясына қоя салды.
Бұл уақытта қабылдау бөлесіндегі хатшы келіншек те әлде біреумен сұңқылдап сөйлесіп жатты. «Айкен Қасенұлы іссапарда» деді, сөз арасында «Асан Болтанов» деп мұның да атын айтып қалды.
«Бұл әйел кіммен сөйлесіп жатыр» деп соны ойлап үлгергенше алдында тұрған қара телефон қақсай жөнелгені. Сөйтсе ол гараждан телефон соғып тұрған Сарыбай екен:
– Асеке, мені жай іздедіңіз бе?
– Сарыбай, сен ана үшінші фермадан келген елу үштің моторын тыңдатып көріңдерші, даусы бұзылып тұр. Мотористі шақырып екі жақтап тексеріңдер, моторы аман, шамасы клапоннан ба дедім. Қараңдаршы.
– Асеке, соны көріп жатырмыз, алаңдамаңыз, – деді ол.
Телефон құлағын енді қоя бергенде екінші телефон безектей жөнелгені, бұл ауданаралық байланыс болатын. Аудан басшыларының бірі ме деп Асан телефон құлағын қолына алысымен:
– Алоо, Асан Болтанұлы тыңдап тұр, – деді. Ар жақтан іссапарға кеткен Айкен Қасенұлы:
– Асеке, сен естідің бе, ана төртінші фермадағы Байкенже шопанның отары үшті-күйлі жоқ дейді. Осы әлгінде ған «бір отар қой жоғалды» деген шұғыл хабарлама келді. Бізден аттап өтіп, бірден ауданға хабарлаған, бұл не масқара! Асеке, мен отчетті бүгін бітірсем ертең тура сол жаққа тартамын. Сен бір-екі машина жібер, ферма меңгерушісімен әлгіде ғана сөйлестім, өздері де шабылып іздеп жатырмыз дейді, жоғалғанына үш тәулік болыпты. Таза масқара болдық, үш күннен бері біз түк білмейміз. Бізге неге хабарламағанын. Дереу кісі мен техника жібер. Не керек екенін сұра, – деді.
Келесі күні алаң-елеңнен совхоз директорының міндетін атқарушы Айкен Қасенұлы өзі келіп бөлімшеде жедел жиналыс өткізіп, жүз қаралы адамды жинап даланы сүзіп шығуды тапсырды.
Бірнеше машинаға мінген адамдар құба жонды оңды-солды кезіп өзек-өзекті, жыра-жыраны қалдырмай, азаннан кешке дейін сүзіп, «босқа сандалдық» деп діңкелері құрып, шаршап-шалдығып көз байлана үйлеріне оралды. Бәрінің айтатыны: «күмәнді ештеңе көзге шалынбады». Бір отар қойдың жоғалғанына атпының жүзі болғанда ауданнан тікұшақпен шыққан іздеушілер Байкенженің жайлауын биіктен, дүрбі салып қарады, айнала ұшып шөмеледен ине іздегендей құла түзді, сай-саланы, еспенің жарлауыт табанын тінтіп шықты. Бір отар қой ізім-қайым жоқ.
Не керек, бұл бір жұмбақ оқиға болды. «Ұры-қарыдан аман ба?» деген мәселе де қаперден шықпады. Көрші совхоздарға хабар жіберілді. Ауданнан шыққан өкілдер де еш дәйексіз қайтып жатты.
Бір отар қойдың жоғалғанына екі аптаның жүзі болғанда мәселеге аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы тікелей өзі араласты.
Бірінші басшы өткізген шұғыл жиналысқа демалыста жүрген совхоз директоры Сәдір Молдажанұлы жедел шақырылып, болған жағдайды баян қылды. Бәрі бірауыздан «жетіжүз бас қой жер жұтқандай жоқ» дейді. Қасқыр қырып кетсе, өлексесі жатар еді, біреулер ұрласа ізі қалар еді, ойлаңызшы, бір отар қой із-түссіз жоқ. Еш кімнің көзіне түспеген.
Сонда аудан басшысы аға шопан Байкенжені орнынан тұрғызып:
– Жолдас Түйекешов, сіз айтыңызшы, отарыңызды қайда жаятын едіңіз, – деді. Қызық сұрақ. Малды қайда жаяды?
– Далаға жаямын, – деді аға шопан орнына тұрар тұрмастан.
– Оныңыз түсінікті ғой, – деді бірінші басшы. – Сол өзіңіз мал жаятын далада не бар, өзенге түсіп ағып кетті дей алмайсыз, бір отар қойды ағызып әкететін ондай су ол өңірде жоқ, тауға сіңіп кетті дейтін тау да жоқ. Мидай жазық дала ғой, қайда кетуге тиіс.
– Жолдас, аудан басшысы, қара басып малдан айырылып қалдым, кешірім өтінем, – деді аға шопан даусы тарғылданып. – Ұзында өшіміз, қысқада кегіміз жоқ, алдымыздағы отарымызды бағып, соның амандығын күйттеп жүрген адамбыз. Қайдан білейін, шұңқырға құлап, құдыққа түсіп кетті дейтін бірлі-жарым мал емес, бақандай жеті жүз бас, кімге, қайда сіңгендей.
– Жолдас Байкенже, отырыңыз, – деді бірінші хатшы отырғандарды жағалай шолып. – Жолдастар, мен кеше сол маңды аралап өттім. Сонда мен бір нәрсеге қайран қалдым. Мына Байкенже жолдастың мал жаятын жайылымы жазық дала, буланып кетпесе, сонша мал жоғалып кетеді деуге келмейді. Дұрыс айтасыздар, қасқырдан келсе онда өлексесі қалған болар еді. Ондай белгі жоқ. Енді ойлаңдар. Ерте заманда ол маңнан ағылшындар кен іздеген, ескі шахтаның орны бар деген дерек бар ма? Жоқ. Тек баяғы заманда өзеннен су тартып, егін саламыз деп тоған қазды деген ел аузында әңгіме бар.
Сәдір Молдажанұлы, сіздер сол тоғанды шұғыл тексеріңіздер. Естеріңізде болсын, күні бүгінге дейін сол тоған туралы ешқандай, нақты мәлімет айтылмаған. Мысалы, оның тереңдігі қанша, ұзындығы қанша? Таңертең мен аудандық өлкетанушыларды шақырып, соларды тыңдадым. Олар да жарытып ештеңе айтпады. Біреулер тоғанның тереңдігі аттылы адам көрінбейді дейді. Қане айтыңдаршы, сол рас па? Білетін біреу бар ма? Нақты дерек жоқ, ешкім оны өлшемеген, әншейін ел аузындағы лақап. Ешкім оны зерттемеген, – деп отырғандарды бір шолып алған хатшы: – Бәлкім, біз іздеп жүрген мал басқа отарға қосылып кетіп, сонда жүрмесін. Сәдір Молдажанұлы, сіз түсіндіңіз ғой, маған осының бәрін тексеріп, нақты жауабын беріңіз.
Осымен хатшының жиналысынан «қаруланып» шыққан атқамінерлер құлшынып іске кірісті. Совхоз басшысы Сәдір Молдажанұлы төртінші бөлімшеге жедел жүріп кетті, қасында совхоздың бас зоотехнигі Айкен Қасенұлы бар. Екеуі ең әуелі көнекөз қарттардан әлгі «аты шулы» тоған туралы сұрап білмек. Бөлімше орталығында жасы сексеннен асқан Әрлібай деген қария тұратын, директор мен бас зоотехник сол кісіге сәлем беруге, әрі әлгі «аты шулы» тоған туралы бір жарамды сөз айта ма деп бұрылған. Әрлібай қарияны жақсы білетін бас зоотехник Айкен осы елдің тумасы болатын. Бұлар келгенде қария алты қанат киіз үйде, биік темір кереуеттің үстінде жатыр екен.
Табалдырық аттап үйге бірінші кірген Сәдір Молдажанұлы:
– Ассалаумағалайкүм! – деп екі қолын бірдей созып, ақсақалға даусын көтере сәлем берді. Қария жалпақ алақанымен көзін көлегейлеп, келген адамдарға кезек-кезек үңіле қарап.
– Айкен шырақ, бұл сенбісің? – деді жасы еңкейсе де өңі шырайлы көрінген қария.
– Иә, иә, бұл мен ғой Әрлібай ата. Жата беріңіз, хал-қуатыңыз жақсы ма? – деді Айкен қарияның қолын алып.
Ақсақал алақанымен көзін көлегейлеп, амандық-саулық сұрап болған соң, Сәдір Молдажанұлына көз тоқтатып:
-Айкен, қарағым, мына қасыңдағы тазының күшігіндей жылмаңдаған кім, танымадым ғой,- деді.
-Әрлібай ата, олай демеңіз, бұл кісі совхоз директоры, Сәдір Молдажанұлы. Ұят болды ғой, – деп Айкен шалдың сөзіне ыңғайсызданып, «бекер келген екенбіз» деді ішінен. Сәдір Молдажанұлы болса шалдың сөзіне тіпті де ренжіген жоқ, жымиып күлді де қойды. Шынында совхоз басшысы аласа бойлы, қағілез, жұқа адам еді. Соны меңзеген Әрлібай қария:
– Е-е, солай ма. Қайдан білейін, қарағым! Мен көрген бастықтар жардай болып жүруші еді, мынадай шыр бітпеген деректрді көргенім осы. Сенің келіншегің жақсы ғой, жұнттай болып тұрсың, – деді. Ақсақалдың сөзіне Айкен мен Сәдір Молдажанұлы қарқылдап күліп алды. Екі жігітке көзін сығырайта қараған Әрлібай қария:
– Ал енді өздерің отырып дәм ауыз тиіңдер, мен орнымнан тұрайын, шалжиып жатып алды деп сөкпеңдер, – деді.
Қонақтар дәмге қараған жоқ, Әрлібай қарияны көлікке отырғызып алып, әлгі «аты шулы» тоғанға аттанып кетті. Жол бойы қария тоған туралы естіген білгенін әңгімелеп отырды.
– Ерте заманда, – деді шал көзін сығырайтып. – Кеңес үкіметі келмей тұрып қазақ патшаға қарап тұрған кезде біздің елдің адамдары мына Тоқырауын мен Қарабұлақтан су тартып, қырға егін салыпты, – деп ұзақ-сонар әңгімеге кіріскен. Сөз арасында машина әйнегінен сыртқа көз жүгіртіп, маңайды шолып отырды.
– Ол уақытта, – деді ақсақал, – қазіргідей сайрап тұрған трактор, зырлап тұрған мәшине жоқ, жұмыстың бәрі қолмен істелген ғой. Сол заманда ағайынды бес жігіт өмір сүріпті. Күндердің күнінде әлгі ағайынды азаматтар егін салу үшін өзен табанынан су тартамыз деп тоған қазады. Сіздердің іздеп келе жатқан тоғандарыңыз сол «Бесжындының тоғаны» дейді оны. Тоғанның ұзындығы, шамасы бірнеше шақырым болса керек, нақты айта алмаймын, ал тереңдігі туралы әркім, әрқалай айтады. Ертерек жылдары сол маңнан мал айдап өткенде ішіне түспесем де біраз жерін жиектеп көргенім бар. Терең екені, терең. Түйе бойламайды десем артық емес. Қазіргі заманда ондай тоғанды экскаватормен қазатын болар. Ал өткен ғасырда, қарақтарым, оны қолмен қалай қазды десеңші, жанкешті еңбек! Е, шырақтарым, біздің дала не көрмеді дейсің! Бұл далаға тіл бітсе айтар еді ғой, құлаш-құлаш тауарихты.
Сонымен ағайынды бөрі мінезді бес жігіт өзеннен су тарту үшін тоған қазады, ап еткенде жұмыс қауырт жүреді. Қолмен жер қазу оңай дүние емес, содан қырға шықан сайын жұмыс ауырлай береді, ауырлай береді. Күндердің күнінде ағайындылардың бірі тоғанның бағытын өзгерту керек дейді. Ағайындылардың үлкендері оған келіспейді, судың ағысы осылай, сәл бұрылар болсақ су жүрмей қалуы ықтимал деп көнбейді. Оған ана үшеуі жатып қарсы болады, сендердікі дұрыс емес, керісінше егер тоғанның бағытын өзгертпесек, мүлде су жүрмейді деп өзеурейді. Осылайша ағайындар арасында дау туады. Бесеуі улап-шулап бір-біріне бағынбай, үшеуі жұмысты тастап қосқа қайтып кетеді. Қалған екеуі тыным алмай қас қарайғанша тоған қазып, шаршап-шалдығып қосқа келеді. Ағайындардың үлкені, ұмытпасақ Әмір болуға тиіс, сол айтыпты-мыс:
– Бауырларым, бесеуміз бірге бастадық, енді не болса да бірге аяқтайық, ренішті қойыңдар, – деп інілерін ақылға шақырса керек. Бұған құлақ аспаған ана үшеуі үн-түнсіз қостан шығып кетіп аулақ барып, «не істейміз, келісеміз бе, қайтеміз?» деп кеңеседі. Сонда ағайындылардың ең кішісі: «Ағалар босқа ренжіспейік, үлкендердің тілін алайық, біз өз сөзімізді, пікірімізді бүкпей айттық. Ендігі жауапкершілік ағалардың мойнында».
«Оның рас, – дейді ортаншысы, – біз қазып жатқан тоғанның тереңдігін түйе бойламайды, осы алып тоғанмен ертең су жүрсе, мына далаға құт қонып, береке даритын болар! Құдайға шүкір, солай болса екен», – депті. Осылайша бауырлары бір тоқтамға келіп, ағаларына қайта қосылып, тоғанды одан әрі күн демей, түн демей қазған екен. «Көз қорқақ, қол батыр» деген тоқтаусыз тер төгудің арқасында қырға су шығарып, сол жылы егіннің түсімі мол болыпты. Әңгімені үнсіз тыңдап келе жатқан совхоз басшысы:
– Жарайды, солай ақ болсын, онда неге «бес жындының тоғаны» деп атаған? – деді Сәдір Молдажанұлы қарияның әпсанасына онша сене алмай.
Оның бұл сөзіне Әрлібай ақсақал бірден жауап бере қойған жоқ, көзін сығырайтып мәшине әйнегінен сыртқа көз тастап, сәл ойланып отырып:
– Е, қарақтарым, не деуге болады? Біздің қазақта жиен деген бар, құрдас деген бар, онымен қоса қазақтың өзі ат қойғыш, өлген, тірілгеніңе қарамай ойнаған болып, мазаққа таңатыны да жоқ емес. Өздерің білесіңдер, әншейін көлденең көк аттының өзі біреуге күлмесе, келеке қылмаса бойына ас батпайтын сықылды. Біздің осындай «Құдай берген» мінезіміз бар, шырақтарым. «Үшеуі күндіз барып қазады екен, екеуі түнде барып соны көмеді екен. Нағыз бес жынды» депті. Міне, бұл солардан шыққан лепес. Құдай өзі кешірсін, мен де кәрі құлақтардан естігенімді айтып отырмын. Көрдіңіз бе, содан бастап «бес жынды» деген сөз жеңге жұққан күйедей, ағайындылардың атына ілесіп жүре берген. Одан бері неше ықылым заман өтседе әлгі сөздің мәтел болып кеткені сонша: бір жерде бір жұмыс екі қайтара істелсе болды «мыналардың жұмысы нағыз «бесжындының ісі» деп көпшілік ай-шайға қарамай теріс бағасын беріп жүре береді. Қарияның әңгімесін үнсіз тыңдап келе жатқан Сәдір Молдажанұлы:
– Дұрыс айтасыз ақсақал, өте дұрыс, – деді қарияға бұрыла сөйлеп, – ат қоюға келгенде бізге ешкім ілессе алмас, осы әлгінде ғана сіз де маған бір «тамаша» ат қойып жібердіңіз ғой, мына Айкен баурыңыз куә, – деді миығынан жымиып.
Мұны естіген Әрлібай қарияның кәрі жанары әуелі таңырқап, содан соң көзі күлімдеп, манағы «тазының күшігіндей» дегені ойына оралып:
– Солай дедім бе? Оойбу, ұят-ай! – деп басын шайқап кеңкілдеп күліп алды. – Әй,– деді іле-шала, – бұл сөйлеп қалған ауызға не дауа, қарағым, айыпқа бұйырма.
– Оқасы жоқ, – деді Сәдір Молдажанұлы да күле сөйлеп, – ең бастысы мына жоғалған мал табылса болды.
– Малың табылады, қарағым, оған уайымдама, мына «Бес батырдың» тоғанында шырғасы шықпай жатқан шығар.
– Айтқаныңыз келсін, ақсақал, «Бес батыр» дегеніңіз жақсы екен, – деп Сәдір Молдажанұлы мазасызданып мәшине әйнегінен сыртақа көз салы.
Сөйткенше бұлар өңкиген жал-жал топырақ үйінділеріне келіп тұмсық тіреді, одан соң тоғанды жағалап ұзақ жүрді. Үзік-үзік құлама жар, кей тұсы саяз, кей тұсы терең, ор сықылды алып тоғанды жаяу аралаған Айкен мен Сәдір Молдажанұлы жан-жағын майда шілік жапқан зор апан тектес, су сойып кеткен бе, әйтеуір қияпаты бөлек жыраның ішіне түсті.
Міне, қызық, сол арада ұсақ малдың құмалағы шашырап, қойдың ізі мен мұндалап сайрап жатыр. Сөйтсе жоғалған жеті жүз бас отар тоғанның терең ішінде от оттап, су ішіп, жайымен жайылып жүр.
Сәдір Молдажанұлы мына кереметті көргенде қайран қалғаны сонша – аузына сөз түспей басын шайқап «Бес жынды» емес, «Бес батыр» десе болады екен, ә!» деді ішінен әлгіндегі Әрлібай қарияның сөзі ойына оралып. Іле-шала бұлардың соңына ілескен ферма меңгерушісі бастаған бір топ адам тоғанның ішінен қойды айдап шығып иіріп қойып жоғалған малды санады. Мал түгел.
Байкенже Түйекешұлының қуанышы қойнына сыймай, азаматтарға алғысын айтып, тауса алар емес.
Бөлімше орталығына келісімен Сәдір Молдажанұлы дереу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына телефон соғып:
– Жолдас бірінші хатшы, сіздің болжамыңыз тура келді, жоғалған жеті жүз бас қой «Бес жындының тоғанында» жатыр екен, бәрі шырғасы шықпай, аман-есен табылды, – деді.
Телефонның екінші басынан ауданның бірінші басшысы:
– Апыр-ай, ә! «Бес жындының тоғаны» дейсің бе? Суы бар, нуы бар, не деген ғаламат берекелі тоған! – деп таңырқады.
Жанболат БАШАР
2025 ж. сәуір
