74 ауылда арақ сатылмайды

Жыл өткен сайын Қарағанды облысында ішімдіксіз ауыл саны артуда. Дүкен сөрелерінде ғана емес той, мерекеде де арақ жоқ. Негізінен бұл бастама жоба ретінде қолға алынған болатын. Бүгінде дастарқан басына «ащы су» 70-тен астам ауылда қойылмайды.

Бастаманы қолдаған ауылдың бірі – салауатты өмір салтын ұстайтын Шет ауданындағы Төменгі Қайрақты ауылы. Елдімекен тұрғындары алкоголь өнімдерін сатуға толық тыйым салу жөнінде бірауыздан шешім қабылдады.

730 тұрғыны бар Төменгі Қайрақты – шағын, бірақ тыныш әрі көрікті ауыл. 17 көшеде орналасқан 210 үй, сондай-ақ төрт дүкен мен тойхана секілді әлеуметтік нысандар бұл бастаманы толық қолдап отыр.

Алкогольге тыйым салу мәселесі ауыл тұрғындарының жалпы жиналысында қаралды. Күн тәртібіндегі сұрақ кең талқыланып, жақтаушылар мен қарсы тараптардың пікірлері тыңдалды. Ауыл учаскелік инспекторы, әкім және ақсақалдар кеңесі көтерген бұл бастамада олар алкогольдің халық денсаулығына зияны, қылмыс деңгейіне ықпалы және ауылдың әлеуметтік жағдайына әсері туралы нақты дәйектер келтірді.

Жиын қорытындысы бойынша ұсыныс тұрғындардың басым бөлігінің қолдауына ие болып, шешім бірауыздан қабылданды. Ауыл жұртшылығы бұл қадамның салауатты орта қалыптастыруға, қылмыстық ахуалды жақсартуға және жасөспірімдер тәрбиесіне оң ықпал ететініне сенімді.

Тағы бір ауыл бұ жобаны 2023 жылы қолдаған болатын. Ол  Ақтоғай ауданы Абай ауылы. Сол уақытта  тұрғындар  арақ-шарапты қоқыс жәшігіне лақтырды.

Абай ауылында 41 отбасы тұрады. Мұндағы халықтың мақсаты салауатты өмір салтына бет бұрып, азаматтардың маскүнемдікке салынуына жол бермеу. Одан бөлек, бұл қылмыс санын азайтуға септігін тигізеді деп сенеді.

– Ауылымыз арақтан бас тартып жатқаны өте игі іс болды. Ең бірінші бас тартудың себебі мынау жас ұрпақтарға имандылық тәрбиесін беру. Біздің ауылымызда араққа салынып кеткен аса бір азаматтар жоқ, әрине. Бірақ сонда да арақтың ешқандай да абырой әкелмейтнінін олар жақсы біледі, – деді тұрғын Айтқадиша Айтжанова.

Қарағанды облысында құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары бірнеше бағыт бойынша күшейтілуде – тұрмыстық қылмыстардан бастап жол қауіпсіздігі мен мектептердегі тәртіпке дейін. Негізгі шешімдер ведомствоаралық комиссия отырысында талқыланды.

Тиімді бастамалардың бірі – «Ішімдіксіз ауыл» жобасы. Бүгінде өңірде 74 елді мекен алкогольден толықтай бас тартқан, бұл өз кезегінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді.

– Бұл ауылдарда отбасылық-тұрмыстық қатынастар мен алкоголь тұтынуға байланысты қылмыстар тіркелмейді. Сондықтан жобаны әрі қарай кеңейтуді ұсынамыз, — деді облыстық полиция департаментінің бастығы Нығмет Исмағұлов.

Мемлекеттік органдар деңгейінде қосымша шаралар әзірленіп жатыр: акциздерді арттырудан бастап алкоголь өнімдерінің сатылуын бақылауды күшейтуге дейін. Назарда – аула ішіндегі дүкендер мен ойын-сауық орындары, олар үшін тәртіпті жүйелі түрде бұзған жағдайда антирейтинг енгізу ұсынылуда.

Өңірдегі  «Ішімдіксіз ауыл» жобасының арқасында ауылдарда қазір оң өзгерістер өте көп. Жастардың дені спортқа бет бұрған. Соңғы жылдары ешқандай тәртіп бұзушылық пен тұрмыстық қылмыс тіркелмеген. Жоба аясында ауыл ақсақалдары мен полиция қызметкерлері күш біріктіріп, ішімдіктің таралуына қарсы күрес жүргізіп жатыр.

«Ішімдіксіз ауыл жобасы» жүзеге асқан елдімекендерде соңғы жылдары қылмыс деректері нөлге дейін төмендеген.

Кейбір ауылдар да бір жыл емес, тіпті бірнеше жыл қатарынан заңбұзушылық тіркелмеген.

Биылғы  жылдың 4 айы бойынша мас күйінде жасалынған қылмыс саны облыс бойынша 17,8 пайызға төмендеген. Жобаның негізгі мақсаты – ішімдіктің таралуын шектеу, қылмыстың алдын алу және халықты салауатты өмір салтына көшіру, – дейді полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының инспекторы Дәурен Ибраев.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ