Ұстазға тағзым

Ы. Алтынсарин атындағы мектеп-лицей бастауыш сынып мұғалімі Айдарханова Гүлбарам Құсайынқызына отбасымыздың шексіз алғысын білдіреміз.

Гүлбарам Құсайынқызы біздің екі ұлымыз – Рүстам мен Мадиярға білім беріп қана қоймай, олардың бойына адамгершілік, тәртіп және ұлттық құндылықтарды сіңірген аяулы ұстаз болды. Кіші ұлымызды мектепке берер кезде дәл осы ұстаздың сыныбына түсу үшін арнайы күткеніміз де бекер емес еді. Өйткені балаларымыздың болашағын сеніп тапсыра алатын ұстаздың бірі – осы кісі екенін жақсы білдік.

Ұстаздың кәсіби шеберлігі мен көрегендігі ерекше. Ол әр баланың қабілетін дер кезінде байқап, дамытуға күш салады. Бастапқыда орыс тілінде көбірек сөйлейтін балаларымыздың бойына қазақтың рухани құндылықтарын дарытып, ана тілін құрметтеуге тәрбиеледі. Соның нәтижесінде олар ұлттық дәстүрді қадірлейтін, өз ойын еркін жеткізе алатын, білімді әрі тәрбиелі азамат болып өсіп келеді.

Гүлбарам Құсайынқызы қалыптастырған берік білім негізінің арқасында үлкен ұлымыз Рүстам Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп қабылдау емтиханында 800 оқушының арасынан үздік нәтиже көрсетіп, 3-орын иеленді. Қазіргі таңда ол осы білім ордасының 11-сыныбын табысты аяқтап келеді. Ал кіші ұлымыз Мадияр бүгінде Ы. Алтынсарин атындағы мектеп-лицейдің 3 «А» сыныбында оқып, білім мен қоғамдық жұмыстарда жоғары нәтижелер көрсетуде.

Ұстаз еңбегі – ұлт болашағына салынған инвестиция. Осындай шәкірт жүрегіне жол таба білген, білім мен тәрбиені қатар ұштастырған Гүлбарам Құсайынқызына ата-ана ретінде зор ризашылығымызды білдіреміз.

Марат пен Жанар Оспановтар отбасы