ҚАЛАМДАС ДОСҚА ТІЛЕК

Біреуді біреу «оны мен жөргектен білемін» деп жатады. Сол сөзді Қалижанға қарата айтуыма толық негіз бар. Ауылдағы жетіжылдық мектепті бітіріп, аудан орталығы Жаңаарқадағы орта мектепте оқуымды жалғастырған жылдары нағашы әпкемнің үйінде тұрдым. Сол үйдің көршісі Қалижанның ата-анасы еді. Анасы Гауһар апай алыстан келіп оқып жүрген біз секілді ауыл балаларына анда-санда шай ұсынып, аналық мейірімін төгетін. «Ауылдарыңды сағынып жүрген шығарсыңдар» деп бауырына тартып отыратын. Сол мейірім балаларына да дарыған болса керек. Әкесі Қазкен ағамыз да біртоға, қоңыр мінезді, сабырлы жан еді.

Жөргектегі Қалижанды сексенінші жылдардың басында Ақадыр ауданында қайта жолықтырдым. «Сені мен жөргектен білемін» деуге ыңғайсыздандым. Қызыл үйдің бір бөлмесінде қызмет істеп жүрген ол әкесі секілді байыпты, салмақты азамат болып қалыптасыпты. Кейін тағдыр жолымыз жиі түйісіп, аралас-құралас болып кеттік.

Қалижан Қазкенұлы әр жылдары Ақадыр ауданы мен кентінің басшылық қызметтерінде болып, облыстық деңгейдегі жауапты жұмыстарды да абыроймен атқарды. Орыс тілін де, қазақ тілін де жетік меңгерген ол іс қағаздарының білгірі атанды. Қызметтің қарбалас тіршілігіне қарамастан өлең жазып, ән шығаруға уақыт тауып жүретін. Мен де жазған дүниелеріне назар аударып, «қаламыңды қамшылай түс» деп жігерлендіріп отыратынмын.

Бүгінде Қалижан Бекқожин есімі облыс жұртшылығына жақсы таныс. Оның очерк, суреттемелерінің кейіпкерлері – қарапайым еңбек адамдары. Бірі ұстаз, бірі өнер иесі, енді бірі кәсіпкер. Қаламгер кейіпкерлерін әсірелемейді де, кемітпейді де. Адам бойындағы асыл қасиеттерді дәл тауып, шынайы бейнелейді. Сондықтан да оның жазғандары оқырман көңіліне қонады.

Міне, сол інім, досым бүгінде жетпістің желкенін көтеріп отыр. Кешегі бозбала шақтың алыстап, үлкендік дәуреннің келгеніне кейде сенгің де келмейді. Бірақ табиғат заңы бәрімізді сол белеске жетелейді. Жетпіс – өмірдің асуы ғана емес, парасаттың биігі. Сол биікке алқынбай жеткен Қалижан маған әрдайым ыстық.

Жас ұлғайған сайын адам туған жерін, балалық шағын, қатар өскен достарын көбірек сағынады. Қатарың сиреген сайын сол сағыныштың салмағы да арта түседі. Осындай сәттерде туған топырақ пен сенімді достың орны ерекше. Мен үшін сондай жандардың бірі – Қалижан.

Өмірдің қуанышы мен қайғысы қатар жүреді. Қалижан да тағдырдың ауыр сынағын бастан өткерді. Дарынды ұлы Есенкелдінің небәрі он алты жасында өмірден озуы – әке жүрегіне түскен жазылмас жара болды. Сурет өнерінен үлкен үміт күттірген талантты перзенттің мезгілсіз қазасы бәріміздің де қабырғамызды қайыстырды. Әке жүрегі оны күні бүгінге дейін сағынады.

Қалижанның тағы бір ерекшелігі – сабырлылығы мен кешірімділігі. Оның біреумен жаға жыртысып, дауласқанын көрген емеспін. Адамның кемшілігін түсіне білетін кеңдігі, пендешілікке кешіріммен қарайтын парасаты бар. Сондықтан да достары көп, дұшпаны аз.

Қалижан Қазкенұлы – ата-бабадан дарыған қазақы болмысты бойына сіңірген азамат. Текті әулеттің тәлімін көріп өскен. Ағасы Өмірзақ қажы елге танымал дін қайраткері болса, бауырлары да ел сыйлаған азаматтар. Бұл әулетке тән ортақ қасиет – қоңыр мінез, сабыр мен парасат. Сол қасиеттердің бәрі Қалижанның бойынан анық көрінеді.

Байлықтың түрі көп. Менің түсінігімде ең үлкен байлық – мінез байлығы. Осы қасиет Қалижанның бойында молынан бар. Оған қоса өмірден түйген тәжірибесі, жинаған білімі, көрген-түйгені азаматтық келбетін айшықтай түседі. Ана тілінің қадірін терең түсініп, бүгінде қаламын қару етіп, ел өміріндегі жаңалықтардың шежіресін жазып жүргені де соның дәлелі.

Өмір деген осы. Кеше ғана көз алдымызда жүрген ініміз Қалижан бүгін жетпістің асуына көтеріліп отыр. Үлкендік жасы құтты болсын! Алдағы асуларыңыз да абыройлы болғай. Сексен мен тоқсанның белесіне де аман-есен жетіп, бала-шағаның қызығын, елге сіңірген еңбектің жемісін көре беріңіз. Қаламыңыз қолыңыздан түспесін. Досқа адалдығыңыз, елге деген ықыласыңыз, азаматтық болмысыңыз әрдайым өзіңізге серік болып, ақырын жүріп анық басқан ғұмыр жолыңыз сәтімен жалғаса берсін!

Өмір КӘРІПҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері,

Шет ауданының Құрметті азаматы