Бекқожа Қалижан Қазкенұлы 1956 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданындағы Жаңаарқа кентінде дүниеге келген. Екі жоғары білім иесі. Жезқазған педагогикалық институтын және Алматы қаласындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын тәмамдаған. Мамандығы – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жоғары оқу орындарының әлеуметтік-экономикалық пәндер оқытушысы, саясаттанушы.
Еңбек жолын 1974 жылы Ақадыр ауданының «Көктіңкөлі» кеңшарында малшы болып бастады. Қарапайым еңбекпен шыңдалған жігерлі жас кейін қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, 1977 жылдан бастап комсомол саласында қызмет атқарды. «Көктіңкөлі» кеңшары комсомол комитетінің хатшысы, Ақадыр аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, екінші хатшысы болды.
1985 жылдан партия жұмысына ауысып, Ақадыр аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ал 1991 жылдан бастап ұзақ жылдар бойы мемлекеттік мүлікті басқару және жекешелендіру саласында еңбек етті. Бүгінде Ақадыр кенті әкімінің орынбасары қызметін атқарып келеді.
Елге сіңірген еңбегі елеусіз қалған жоқ. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, БЛКЖО-ның «Комсомолдағы ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Адам есімі кейде тағдырға әсер ететіндей көрінеді. Қазақ халқы бала атына ешқашан бейжай қарамаған. Өйткені есім – адамның өмірлік серігі, мінезі мен болмысына ықпал ететін рухани таңба.
Менің кейіпкерімнің есімі – Қалижан. Жай ғана Қалижан емес, қазақтың көрнекті ақыны Қалижан Бекқожинмен аттас. Қазақта мұндай жандарды «адасым» дейді.
Мен ақын Қалижан Бекқожинді көрген, дәмдес болған адамдардың бірімін. Тіпті, ақын ағамыз өз қолтаңбасын жазып, кітабын сыйлаған еді. Болашағымнан үміт күтетінін айтып, батасын да берген болатын.
Осы жайды Қалижанға айтсам, ерекше қызығушылықпен қайта-қайта сұрайтын. Байқайтынмын, оның да ақын ағасымен жүздесіп, қолтаңба алғысы келетінін. Бірақ тіршіліктің күйбеңі адамды көп нәрседен алыстатады ғой. Бірде сәті түсіп іздеп бармақ болып жүргенінде, ақын өмірден озып кетеді. Алайда Қалижанның жүрегінде, қиялында Қалижан ақынның бейнесі сақталып қалғандай.
Өйткені оның кейінгі өмір жолы осы ойымызды дәлелдей түседі.
Қалижан да жақсы жырлар жазуға ұмтылды. Жазар да еді. Бірақ қызметтің ауыр жүгі шығармашылыққа еркін мойын бұрғызбады. Мүмкін, ақын ағасының алдына құр сөзбен барудан именген де болар. Сөйтіп уақыт өтіп кеткен.
Дегенмен, бұл жағдай менің Қалижанға деген құрметімді кеміткен емес. Қайта арттыра түсті.
Өйткені ол – табиғатынан шығармашылық адамы. Сауаттылығы да ерекше. Орысша төгілдіріп жазады. Қазақшасы да шұрайлы. Кейде мектепті орыс тілінде оқығанына күмән келтіретіндей деңгейде.
Мұның бәрін аудандық газетте қызмет істеп жүрген жылдары анық байқадым. Араласып тұрдық. Ол кезде әкесінің жолын қуған Есенкелді атты ұлы мектепте оқитын. Кейін тәуелсіздік жылдары сол Есенкелдінің есімі суретшілік өнерімен танылды. Біз де сүйсініп жүрдік.
Алайда тағдыр оны ерте алып кетті. Үміт күткен ұлынан айырылу Қалижанға ауыр соққы болды. Соған қарамастан, еңсесін түсірмей, өмір көшінен қалмай, қайта тіршілікке араласа білді. Есенкелдінің шығармаларын жинақтап, жарыққа шығуына көп еңбек сіңірді. Облыстық деңгейде көрмелер ұйымдастырып, ұлының өнерін халыққа танытуға күш салды.
Кейін Қалижан өз ортасын тапты. Ақадырда өзіндік шығармашылық орта қалыптасты. Елге танымал Өмір Кәріп, Ысқақ Тәукей, Свет Оразаев, Айтақын Жексенбай, Сейітжаппар Бимақаш, Алтай Смет, Қозы Уәдиев, Кеңесбек Хамзин, Ардақ Қасым, Әуезхан Аманжолов секілді әдебиет өкілдерімен, сондай-ақ Марал Хасен, Амандық Рахов, Сағынтай Әбіш сынды азаматтармен етене араласты. Шығармашылық байланыс орнатып, өлеңдері аудандық, кейін облыстық және республикалық басылымдарда жарық көре бастады.
Бүгінде Қалижан кемел шағына жеткен қаламгер. Әсіресе белгілі сазгер Ысқақ Тәукеймен шығармашылық байланысы нәтижесінде туған әндер ел жүрегіне жол тапты. Ол әндердің кең таралмай жатқаны – орындаушысын күтіп тұрғанынан шығар.
Жақында тағы бір қуанышты хабар естідік.
Ақадырдың сексен жылдығына орай жаңа ән дүниеге келіпті. Әннің сөзі – Қалижандікі. Әні «Ақадырым» деп аталады. Тыңдаған жанның жүрегін тербейтін, туған жерге деген сағыныш пен сүйіспеншілікті төгілте жеткізген туынды.
Бұғылы мен Тағылы неткен ғажап,
Ортау мен Айыртауда құстар самғап.
Ортада орналасқан біздің ауыл,
Гүлжазира Арқадан жатыр тарап.
Құлпырып, гүлдей бер, Ақадырым,
Сен менің мәңгілік ән мен жырым.
Ауылдан кетсем бір шалғай жерге,
Әрдайым сағынам сай мен қырын.
Ұлы дала бөлігі жаһандағы,
Қыр гүлі, жұпар жусан мұңда бәрі.
Темір жол, тоқ желісі, мұнай жүрген,
Ауылым – құтты мекен Арқадағы.
Жастары бар жайдарлы, сұлу-көркем,
Туған жерін қадірлеп, сүйіп өскен.
Жері жәннат, жайсаң мінез табиғаты –
Осындай таңғажайып менің өлкем.
Осы жолдардың өзінен-ақ Қалижанның ақындық болмысын анық тануға болады. Лирикасы табиғи, тілі қазақы, жүрекке жылы. Мұндай өлең – туған жердің топырағын шын сүйген адамның ғана қаламынан туады.
Әрине, мұның бәрі оның табиғатынан. Бірақ есімінің де әсері жоқ емес секілді. Ол шамасы келгенше ақын ағасының атына кір келтірмеуге тырысты. Әкім болып жүргенінде де осы ұстанымынан айныған жоқ.
Ақын болғанында…
Қалижан ақынның есімін асқақтатып келеді.
Өзінің есімін асқақтату арқылы.
Төрехан МАЙБАС,
жазушы, этнограф,
өлкетанушы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
02.09.2017 жыл
