Мамандыққа алғашқы қадам

Қарағандыда мектепке дейінгі балалар түрлі кәсіп иесі рөлін сынап көрді. Қарағандыда мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілері арасында өткен BabySkills кәсіби шеберлік чемпионаты бүлдіршіндердің болашақ мамандықтарға деген қызығушылығын арттырған ерекше алаңға айналды. Қарағанды жоғары политехникалық колледжі ұйымдастырған байқау барысында кішкентай қатысушылар әртүрлі кәсіп иесінің рөлін сомдап, өз қабілеттерін көрсетті.

Шараға Қарағанды қаласындағы №2 Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері қатысып, бірнеше құзырет бойынша бақ сынады. Атап айтқанда, «Визуалды мерчендайзинг және витринистика», «Флористика», «Кірпіш қалау ісі» және «Бейнелеу өнері» бағыттарында балалар өз шеберліктерін ортаға салды.

Чемпионат өткен алаңда ерекше атмосфера сезілді. Бір бұрышта гүл композициясын құрастырып жатқан балалардың ұқыптылығы көзге түссе, енді бір жерде кішкентай «құрылысшылар» кірпіш қалау әдістерін меңгеруге тырысып жатты. Ал «Визуалды мерчендайзинг және витринистика» құзыреті бойынша қатысушылар түрлі бұйымдарды үйлестіріп орналастыру арқылы шағын көрме әзірледі. Бейнелеу өнері бағытында өнер көрсеткен балалардың қиялы мен бояу үйлесіміне көрермендер сүйсіне қарады.

Чемпионат барысында колледж оқытушылары қатысушылардың жұмыстарын бағаласа, студенттер балаларға тәлімгер әрі ерікті ретінде қолдау көрсетті. Олар бүлдіршіндерге тапсырмаларды орындауға көмектесіп, әр бағыттың ерекшелігін түсіндірді. Бұл өз кезегінде балалардың өздерін сенімді сезінуіне ықпал етті.

 

Ерте басталған кәсіби бағдар

Ұйымдастырушылардың айтуынша, BabySkills чемпионатының басты мақсаты – балалардың шығармашылық қабілетін дамыту, еңбекке деген қызығушылығын арттыру және оларды ерте жастан кәсіптік бағдарлауға бейімдеу.

– Чемпионаттың басты мақсаты – балаларға ерте жастан кәсіптік бағдар беру. Бала мамандықтардың сан алуандығымен неғұрлым ерте танысса, болашақта өз жолын тауып, әлеуетін толық жүзеге асыруы соғұрлым жеңіл болады. Чемпионат барысында балалар ойын түрінде шынайы мамандықтардың негіздерімен танысты. Бұл олардың қиялын дамытып, ұсақ моторикасын жетілдіреді және ең бастысы – өз күшіне сенуге көмектеседі, – деді директордың оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Құралай Жұманбаева.

Мамандардың пікірінше, ойын және тәжірибе арқылы ұйымдастырылатын мұндай шаралар баланың қызығушылығын еркін ашуға мүмкіндік береді. Балалар белгілі бір кәсіптің элементтерін орындау барысында еңбекке деген құрметті де бойына сіңіреді.

 

Шеберлік пен шығармашылық ұштасқан алаң

BabySkills чемпионатының ерекшелігі – балалардың нақты тәжірибелік тапсырмалар орындауында. Мәселен, «Флористика» бағыты бойынша қатысушылар гүл шоқтарын құрастырып, түстер үйлесімін таңдауға машықтанды. Бұл олардың эстетикалық талғамын қалыптастыруға ықпал етсе, «Кірпіш қалау ісі» құзыреті балалардың ұқыптылығы мен кеңістіктік ойлау қабілетін дамытуға бағытталды.

Ал «Визуалды мерчендайзинг және витринистика» бағыты көптеген ата-ананың қызығушылығын тудырды. Қатысушылар дүкен сөрелерін безендіру элементтерін меңгеріп, заттарды үйлесімді орналастыру тәсілдерін көрсетті. Мамандар мұндай бағыттардың қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие екенін айтады.

«Бейнелеу өнері» құзыретінде балалар өз қиялын сурет арқылы жеткізіп, түрлі тақырыптағы шығармаларын ұсынды. Кішкентай қатысушылардың жұмыстары олардың ойлау еркіндігі мен шығармашылық әлеуетін аңғартты.

 

Болашақ мамандарға жол ашқан жоба

Қазіргі таңда әлемде кәсіптік бағдар беру жұмыстары ерте жастан басталуда. Қазақстанда да бұл бағытқа ерекше көңіл бөлініп келеді. BabySkills чемпионаты – осы бастамалардың нақты көрінісі.

Педагогтердің айтуынша, мектепке дейінгі кезең – баланың қабілеті мен қызығушылығы қалыптасатын маңызды уақыт. Сондықтан мұндай чемпионаттардың тәрбиелік әрі танымдық маңызы зор.

Қарағандыда өткен байқау бүлдіршіндер үшін қызықты сайыс қана емес, болашақ мамандықтар әлеміне жасалған алғашқы қадам болды. Кішкентай қатысушылардың әр тапсырманы қызығушылықпен орындауы олардың еңбекке бейімділігін, жаңа нәрсені үйренуге деген құлшынысын байқатты.

Осындай жобалар арқылы балалар шығармашылыққа, ұқыптылыққа, жауапкершілікке тәрбиеленеді. Ал бұл қасиеттер кез келген мамандықтың негізі екені анық.

BabySkills чемпионаты мектепке дейінгі ұйымдардағы кәсіптік бағдар беру жұмыстарының жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетті. Ең бастысы – балалар өздерін үлкен өмірге қажет маңызды істің бір бөлшегі ретінде сезіне білді.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ