Қымбат байлық кеніші – қалың кітап ішінде

Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен кітапхана.

Әбіш Кекілбаев

 

Кітап – үнсіз ақылшы дос, білім мен ақылдың тоқырауын көзі, өмірлік ұстаз. Кітап оқу арқылы адам дәуірлермен сырласып, білімділерден нәр алып, көкейден кетпей жүрген сұрақтардың жауабын табады. Адамзат тарихындағы ұлы тұлғалардың кітапқа деген құрметі, кітап оқуға бөлген уақыты орасан зор. Қазақ халқының ұлы тұлғалары ауыз әдебиет арқылы көзін ашса, кітап оқу арқылы әлем әдебиетімен танысып, әлем ойшылдарымен пікірлес болғандай. Ақын-жазушыларымыздың, тарихшыларымыздың жеке кітапхана жинаудағы үлкен еңбегі кітаптың құндылығынын биік екенін аңғартуда. Соның мысалы ретінде көзінің тірісінде-ақ классик деп мойындалған ақын Қадыр Мырза Әлінің жеке кітапханасын келтіруге болады. Талантын ұштау жолында сансыз кітапта қолжазбасын қалдырған ақын ағамыздың жеке кітапханасында 7 мыңға жуық кітап бар екені анықталған. Қазіргі заман адамының үйінде кітапхана көру ықтималдығы екіталай екені үлкен өкініш тудырады…

Технологиялардың дамыған уақытында қай халықтың кітап оқуға деген ықыласы бұрынғыдан едәуір азайғанын байқаудамыз. Бүгінде жастар санаты ғана емес, ересек буынның да ақпаратты ғаламтор желісінен оқып жүргенін байқаудамыз. Кітап оқудың орнына әлеуметтік желіні парақтауды таңдаған ұрпақ ел ертеңіне жауапкершілік ала алады ма? Ұрпағымыз адами құндылықтардың, өмірлік сабақтар мен ойшылдардың түйіп кеткен тұжырымдары ұштасқан кітап атты қазынаның қадірін біле алады ма? Бұның себебі – бала-шағамыздың сәби күнінен бастап кітаппен дос қыла алмауымызда.

Кітап оқу адамдардың мәдениеттілігінің, білімділігінің басты өлшемі екендігі қанша уақыт өтсе де өзгермейтін қағида болып қала бермек.

Елімізде кітап оқу мәдениетін дамыту мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық міндетке айналды. Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қоюы – жай ғана мәдени құжат емес, елдің интеллектуалдық болашағына бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама қоғамдағы рухани дағдарыстың алдын алып, білім мен парасатты ұлттық дамудың өзегіне айналдыруды көздейді. «Кітап оқитын ұлт» жобасы – Қазақстан Республикасы халқының арасында тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыруға, сыни және талдамалық ойлауды дамытуға, сондай-ақ кітапты барлық жас және әлеуметтік топтар арасында білім көзі ретінде танымал етуге бағытталған ауқымды зияткерлік-ағартушылық бастама. Жоба миссиясы – Елімізді әлемнің ең көп кітап оқитын он мемлекетінің тізіміне енгізу мақсатында Қазақстан азаматтарында бала кезінен бастап тұрақты кітап оқу әдетін қалыптастыру. Бұл жоба пилоттық негізде еліміздің үш өңірінде, соның ішінде Қарағанды облысында, бастау алып, бүгінде оң нәтижесін беріп отыр.

Осы орайда баршаңызды кітап оқуға шақырып, қазақ әдебиеті теңізіне терең сүңгімей тұрып, келесі он туындыны оқып шығуға кеңес береміз:

  1. Абай Құнанбайұлы – «Қара сөздер»;
  2. М.Әуезов – «Абай жолы»;
  3. М.Мағауин – «Тазының өлімі»
  4. Ш.Мұртаза – «Қызыл жебе»;
  5. Ж.Аймауытов – «Ақбілек»;
  6. Б.Майлин – «Шұғаның белгісі»;
  7. С.Мұқанов – «Ботагөз»;
  8. Д.Исабеков – «Әпке»;
  9. Ғ.Мүсірепов – «Ұлпан»
  10. С.Мұратбеков – «Жусан иісі».

Сөзімізді ұлт өнерінің саңлағы Серке Қожамқұловтың «Кітап – өмір ұстазы. Сондықтан жастар кітап оқуды күнделікті әдет қылулары тиіс. Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес» деген сөзімен түйіндегіміз келеді.

Қарлығаш ХАМЗИНА,

Әбілқас Сағынов атындағы

Қарағанды техникалық университеті