V Ұлттық Құрылтайда мәжіліс депутаты Сергей Пономарёв балалардың ойлау қабілеті нашарлап, аналитикалық дағдысы дамымай жатқанын айтып, онлайн платформаларды шектеу туралы ұсыныс айтты. Мәдениет және ақпарат министрлігі 16 жасқа толмаған балалардың Instagram мен TikTok-та аккаунт ашуына шектеу енгізуді ұсынып отыр. WhatsApp пен Telegram-ға қолжетімділік сақталуы мүмкін.
Қазір смартфонға телмірмеген адам жоқ. Әлеуметтік желіде бейәдеп сөз, орынсыз әзіл, қатыгездікке толы видеолар көп. Ересек адам оны сараптап қабылдайды, ал жасөспірім жақсыны да, жаманды да талғамай сіңіреді. Соның салдарынан балалар арасында агрессия, буллинг, қатыгездік артады.
Roblox, Minecraft сияқты ойындардың өзі зиян емес. Бірақ бақылаусыз ойнаса, бала виртуалды әлемге тәуелді болып, шынайы өмірден алыстайды. Психологтардың айтуынша, қатыгездік көп видеоны ұзақ көру баланың мінезін өзгертеді.
Мәліметтерге сүйенсек, қазақстандық балалардың 88 пайызының жеке смартфоны бар. 74 пайызы TikTok, 59 пайызы YouTube, 57 пайызы Instagram қолданады. Экран алдында ұзақ отыру зейінге, ойлау жүйесіне, психологиялық күйге әсер етеді.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов: «4-5 жастағы баланың қолындағы смартфон сіріңкеден де қауіпті. Себебі әлеуметтік желіде зорлық-зомбылық, кибербуллинг көп, бұл бала психикасына тікелей әсер етеді» — деді.
Балалардың интернеттегі қауіпсіздігі тек бізде емес, Франция, Австралия, Ұлыбритания, АҚШ-та да талқыланып жатыр. Көп елде 15-16 жасқа дейін әлеуметтік желіге тіркелуге ата-ананың рұқсаты керек.
Интернеттегі барлық контентті толық бақылау мүмкін емес. Сондықтан алдағы уақытта жас шектеуі, міндетті тексеру, ата-аналық бақылау жүйесі заңмен бекітілмек. Менің ойымша, бұл тыйым емес, баланың қауіпсіздігін қорғау.
Қайрат АЛМАС,
Қарқаралы ауданы, Көктас ауылының 11 сынып түлегі
