Қолдау мен түсіністік – инклюзияның басты тілі. Барлығына орын бар қоғам ғана шынайы күшті қоғам болады. Қазіргі әлемде инклюзивтілік ұғымы барған сайын өзекті және маңызды болып келеді. Инклюзия – қоғамдағы барлық адамдардың, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың, әртүрлі әлеуметтік немесе мәдени топ өкілдерінің қоғам өміріне тең дәрежеде қатысуына мүмкіндік беру.
Ең жиі қолданылатын ұғым – инклюзивті білім беру. Бұл жағдайда ерекше қажеттіліктері бар балалар бөлек оқшауланып қалмай, басқа балалармен бірге жалпы мектептерде білім алу. Оларға қажетті қолдау көрсету (арнайы бағдарламалар, мамандар көмегі, бейімделген орта және т.б.).
Осыған орай, 2026 жылдың 1 маусым мен 13 маусым аралығында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде қызметкерлері мен профессорлық-оқытушылар құрамына арнайы «Инклюзивті білім беру: ЖИ цифрлық трансформациясы контекстіндегі теория мен тәжірибе» атты курс ұйымдастырылды.
Курстың мақсаты – ешкімді шеттетпей, әр ерекше балаға тең мүмкіндік жасау, әлеуметтік интеграцияны қамтамасыз ету, тұлғалық дамуын қолдау және олардың қоғамға толық қатысуын қамтамасыз ету.
Қазіргі қоғамдағы цифрлық трансформация білім беру жүйесіне жаңа талаптар қойып отыр. Соның ішінде инклюзивті білім беру барлық білім алушылардың сапалы білім алуына жағдай жасауды көздейді. Бұл бағытта жасанды интеллект технологиялары маңызды құрал ретінде танылғаны бәрімізге мәлім.
Инклюзивті білім берудің теориялық негізі әрбір білім алушының жеке ерекшеліктерін ескеруге бағытталған. Жасанды интеллект осы қағидатты жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мысалы, әр білім алушының жеке ерекшелігіне бейімдеп оқыту, білім алушының білім деңгейін анықтап, жеке оқу траекториясын ұсына алады. Сонымен қатар, сөйлеуді мәтінге айналдыру, мәтінді дыбыстау және автоматты аударма құралдары ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың оқу процесіне белсенді қатысуына ықпал етеді.
Жасанды интеллект технологиялары оқыту сапасын арттырумен қатар, барлық педагогтердің де жұмыстарын жеңілдетуде. Оқу жетістіктерін талдау, білім алушылардың қиындықтарын ерте анықтау және жеке қолдау көрсету мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Яғни, бұл инклюзивті орта қалыптастырудың тиімділігін арттырады деген сөз. Жасанды интеллект инклюзивті білім беруді дамытудың маңызды факторы болып табылады. Оның мүмкіндіктерін тиімді пайдалану білім беру жүйесінің қолжетімділігін, сапасын және әділдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Болашақта жасанды интеллект технологияларын педагогикалық практикаға енгізу инклюзивті білім берудің жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етеді.
Қысқаша айтқанда, инклюзивті білім беру – «әр бала маңызды, әр баланың білім алуға құқығы бар» деген қағидатқа сүйенеміз.
Гүлмира САҒАТОВА
«Әбілқас Сағынов атындағы
Қарағанды техникалық университеті»
Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының
аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі
