Балалар қауіпсіздігі – басты назарда

Баланың өмірі мен денсаулығы – қоғамдағы ең қымбат құндылықтардың бірі. Сәбидің шат күлкісі мен алаңсыз балалық шағын қорғау – әрбір ата-ананың, әрбір азаматтың, жалпы қоғамның ортақ міндеті. Осы бағыттағы алдын алу шаралары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше маңызға ие.

Осыған орай Шет ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі мен Ақадыр кенті әкімдігінің қызметкерлері бірлесіп, елді мекен тұрғындары арасында «Қауіпсіз терезе» акциясын өткізді.

Акцияның негізгі мақсаты – балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және тұрмыстық қауіпсіздік ережелерін кеңінен насихаттау.

Іс-шара барысында көпбалалы отбасылардың үйлеріне арнайы терезе блокираторлары орнатылып, ата-аналарға оларды дұрыс пайдалану жолдары түсіндірілді. Сонымен қатар тұрғындарға балалар қауіпсіздігі жөнінде маңызды ақпараттар қамтылған, QR-коды бар жадынамалар таратылды.

Кей жағдайда ата-аналар күнделікті тіршіліктің қарбаласымен қарапайым қауіпсіздік талаптарын естен шығарып алуы мүмкін. Алайда, бала үшін бірнеше минуттың өзі шешуші сәтке айналуы ықтимал. Сондықтан терезені ашық қалдырмау, балаларды қараусыз қалдырмау, жиһаздарды терезе маңынан алыстату сияқты қарапайым ережелерді сақтау аса маңызды.

Мамандардың айтуынша, москит торы баланы құлаудан қорғайтын құрал емес. Керісінше, бала оған сүйенген жағдайда қауіпті жағдай орын алуы мүмкін. Осыны әрбір ата-ана есте ұстап, баласының қауіпсіздігіне барынша мұқият болғаны жөн.

«Қауіпсіз терезе» акциясы – тек бір күндік шара емес, ол отбасы мен қоғамның бала өміріне деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Балалардың қауіпсіз ортасын қалыптастыру – баршамыздың бірлескен еңбегімізді қажет етеді.

Бала қауіпсіздігіне бейжай қарамай, әрбір шаңырақта сақтық шаралары күшейтілсе, талай қайғылы жағдайдың алдын алуға болады.

Балалардың амандығы – елдің ертеңі. Олардың өмірін қорғау – бәрімізге жүктелген қасиетті міндет.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті