Ақадырлық садақшы Жеңісов Нұрбол – TALDY FEST фестивалінің жеңімпазы. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, атадан қалған асыл мұраларымызды жаңғырту – бүгінгі ұрпақ алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осындай игі мақсатты көздеген шаралардың бірі – жуырда ұйымдастырылған TALDY FEST фестивалі аясындағы дәстүрлі садақ атудан Қарағанды облысының ашық біріншілігі. Өткен жарысқа өз облысымыздан басқа Ұлытау облысының да садақ атушылары қатысты.
Аталған сайыста екі облыстың әр өңірінен жиналған мергендер бақ сынап, өздерінің шеберліктерін көрсетті. Жарыс барысында дәстүрлі садақ атудың 70 метрлік пута нысанасы бойынша жерлесіміз, Ақадыр кентіндегі Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі Жеңісов Нұрбол жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі бірінші орынға ие болды.
Аталған жеңіс – спорттық жетістік қана емес, ұлттық спортты дамыту жолындағы ізденіс пен табанды еңбектің жемісі. Садақ ату – дәлдікті, сабырлылықты, төзімділікті талап ететін ерекше өнер. Ұлы дала тарихымен біте қайнасқан бұл спорт түрін қазіргі заман талабына сай жаңғыртып, кейінгі буынға дәріптеп жүрген азаматтардың еңбегі зор. Нұрболдың жеңісін туған жеріміздің абыройын асқақтатқан, ауыл спортының дамуына қосып отырған үлкен үлесі деп санауымыз керек. Оның бойындағы жігері мен ізденісі, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігі көпшілікке үлгі боларлық.
Жеңімпаз садақшымызға алдағы уақытта да талай биіктерді бағындырып, ел намысын абыроймен қорғай беруіне тілектеспіз. Сондай-ақ дәстүрлі садақ ату үйірмесіне қатысып жүрген барлық спортшыларға сәттілік, жігер және жаңа жеңістер тілейміз.
Ұлттық спортымызды насихаттау, жастардың бойына ұлттық рух пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет. Төл өнеріміздің өркендеуіне үлес қосқан әрбір азаматтың еңбегі құрметке лайық.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
