Кез келген кәсіп өзіне әкелер табыспен қатар, халыққа, қоғамға деген пайдасы болмаса, не ісі алға баспайды не құрдымға кетеді. Сондықтан да шынайы бизнесмен осы кретерийлерді қаперіне алып, жұмыс жасайды. Осы қағиданы ұстанған жандардың бірі, Қарқаралы қаласының тұрғыны — Айсұлу Еламанқызы.
Қазіргі таңда, мемлекеттік бағдарламалар мен кәсіпкерлерге тағайындалатын гранттар шағын және орта бизнес өкілдері үшін біріне қолжетімді, біріне мүмкіндігі аз болса да үлкен септігін тигізіп жатыр. Әр қала, аудан тіпті ауылдық жерлерде осы мүмкіндіктердің арқасында кәсіп жолында өз үлесін қалдырғысы келетін жандар жұртқа пайдалы дүниелер ашып жатыр. Әрине, кәсіптің бірінің ғұмыры баянды, бірінікі тек науқандық шаралар.
Алайда, біздің кейіпкер мемлекеттен гран алмай-ақ, игі іс бастау үшін өз күшімен кәсіпті бастап кеткен екен. Кәсіп үшін несие алып, Қарқаралы қаласында бұрын-соңды болмаған балалар орталығын ашты.
Жалпы, баланың өсіп жетілуіне балабақша, мектептен бөлек осындай қоғамдық орталар тікелей әсер етеді. Сондай-ақ, отбасылық құндылықтардың артуына зор үлесін қосады.
«Балақай» атауын иеленген балалар орталығы туралы кәсіпкер Айсұлу Еламанқызы: «Қаламызда балаларымызды серуендетіп, ойнататын орталық болмауы себебінен осындай жобаны бастауды қолға алдым. Басты мақсат — қаламыздың дамуына үлес қосып, ата-аналардың алғысын алу» дейді.
Алдағы уақытта, мұнда кең ауқымды асхана ашылатыны туралы жоспар бар екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ойын алаңында баланы дамытуға арналған түрлі ойыншық пен элементтер орналасқан.
Тағы бір жоспарларының бірі — балаларға арналған мерекелік шараларды ұйымдастыру. Және де тағы артықшылығы, туған күндер мен басқа да шараларға 10%, ал көпбалалы отбасыларға 20%, ерекше туған балаларға 30% жеңілдік жасалады.
Балалар орталығы үзіліссіз 11:00-ден кешкі 22:00-ге дейін жұмыс істейді.
Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ