Хакатон жеңімпаздары анықталды

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен 2026 жылғы 18-21 маусым аралығында қазақ тілін цифрлық ортада дамытуға және оны заманауи цифрлық сервистерге интеграциялауға бағытталған «Digital KZ» хакатоны өтті.

Хакатонға қатысу үшін 70-тен астам өтінім қабылданып, іріктеу нәтижесінде 8 команда төрт күн бойы қарқынды жұмыс жүргізді. Қатысушылар тәжірибелі менторлардан дәріс алып, жобаларын жетілдіру бағытында кеңестерге қатысып, қорғауға жан-жақты дайындалды.

Қорытынды кезеңде командалар өз жобаларын қазылар алқасына ұсынып, нәтижесінде үздік жобалар анықталып, жеңімпаздар диплом және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Жүлдегерлер:

І-орын – «Bir Soz» командасы, Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенттері. Команда 1 000 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа және жобаны іске асыруға қолдау көрсету мүмкіндігіне ие болды.

ІІ-орын – «Lahmut Group» командасы, Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студенттері. Жүлде қоры – 500 000 теңге.

ІІІ-орын – «E-not» командасы, «Сети» IT-технологиялар инновациялық орталығының командасы. Жүлде қоры – 250 000 теңге.

Сонымен қатар, барша қатысушыға жобаға қатысқанын растайтын сертификат табысталды.

Ақерке ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Ресурстық тіл орталығы» КММ Тіл саясатын жүзеге асыру бойынша талдау, мониторинг және ақпараттық технологиялар бөлімінің инспекторы