Қарағанды облысы тұрақты даму қарқынын сақтап келеді. Өңір экономикасының негізгі өсім драйвері – өнеркәсіп саласы. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше басымдық берілуде. Бүгінде бұл бағыттағы өндіріс көлемі 4 триллион теңгеге жуықтап, өсім көрсеткіші 5,8 пайызды құрады. Сонымен қатар тау-кен өнеркәсібінде де оң динамика байқалып, өндіріс көлемі 7,4 пайызға артқан.
Өңірдің соңғы бес жылдағы даму жоспарының жүзеге асырылу қорытындылары туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев облыстық мәслихат депутаттарының алдында есеп берді.
– Өнеркәсіп өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз ететін негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. Маңыздысы – даму жекелеген бағыттармен шектелмей, облыстың барлық өнеркәсіптік құрылымын қамтып отыр. Даму жоспарын іске асыру аясында жаңа өндірістік нысандар іске қосылды. Олардың қатарында болаттан жасалған тік жікті құбырлар, алюминий радиаторлары, арматуралық анкерлік бекітпелер шығаратын зауыттар және тауарлы бетон өндіретін заманауи кешен бар, – деді өңір басшысы облыстық мәслихаттың кезекті XXXV сессиясында сөйлеген сөзінде.
Өңірдің негізгі өнеркәсіп салаларының барлығында даму қарқыны байқалады. Әсіресе металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, фармацевтика және құрылыс материалдарын өндіру бағыттарында айтарлықтай өсім бар.
Экономиканың дамуына инвестициялық жобалар да серпін беруде. Қазіргі таңда облыстың инвестициялық портфеліне жалпы құны 6,2 триллион теңгені құрайтын 153 жоба енгізілген.
Экономиканың өзге салаларында да оң көрсеткіштер сақталуда. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 531,9 млрд теңгеге жетті. Биыл агроөнеркәсіп кешенінде жалпы құны 63,6 млрд теңгені құрайтын 26 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Құрылыс саласында да өсім бар – өңірде 600 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді.
Халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Облыста тұрғындарды орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары толық орындалды. Жылу желілерінің тозу деңгейін төмендету және елді мекендерді газдандыру бағытындағы жоспарлы жұмыстар жалғасуда. Автомобиль жолдарының жағдайы жақсарып, жұмыспен қамту шараларымен 42 мыңнан астам адам қамтылды.
Сессия барысында депутаттар 2025 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есепті де бекітті.
