Header Banner

Облыстық сотқа – 90 жыл

24 маусымда Қазақстанда Судья және сот қызметкері күні аталып өтеді. Қарағанды облысының сот қауымдастығы үшін биылғы кәсіби мерекенің орны ерекше – дәл осы жылы өңірдің басты сот органы саналатын Қарағанды облыстық сотының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Тоқсан жыл ішінде сот жүйесі қалыптасу мен даму кезеңдерінен өтіп, заманауи технологияларды енгізу, сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру бағытында ауқымды өзгерістерге қол жеткізді. Бүгінде Қарағанды облысы еліміздің білікті сот кадрларын қалыптастыратын жетекші өңірлердің бірі болып қала береді.

Қазіргі таңда облыста 27 сот жұмыс істейді. Олардың қатарында облыстық, қалалық, аудандық және мамандандырылған соттар бар. Тек осы жылдың алғашқы үш айында аталған соттар 31,4 мың іс пен материалды қарап, сот жүйесіне жүктелген міндеттердің ауқымын және азаматтардың әділ сот төрелігіне деген қажеттілігін айқын көрсетті.

Сот қауымын кәсіби мерекесімен және Қарағанды облыстық сотының 90 жылдық мерейтойымен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтады.

– Заң үстемдік еткен жерде тәртіп орнайды. Ал тәртіп бар жерде қоғамның тұрақтылығы нығайып, азаматтардың ертеңгі күнге деген сенімі арта түседі. Бұл – Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп» қағидатының негізгі мәні. 90 жыл – жай ғана тарихи белес емес. Бұл бірнеше буын судьялар мен сот жүйесі мамандары жүріп өткен тағылымды жол. Бұл – мыңдаған қаралған іс, мыңдаған адам тағдыры және адамдардың өміріне әсер еткен маңызды шешімдер. Мемлекет азаматтар заңнан қорыққан кезде емес, оның әділдігіне сенген кезде ғана қуатты болады! – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Сот жүйесі қызметкерлерін өңір прокуроры Мұрат Тілеубердиев те құттықтады. Ол азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сот жүйесіне деген сенімді арттыру, ашықтық қағидаттарын нығайту және «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан маңызды жұмыстарға тоқталды.

Қарағанды облыстық сотының төрағасы Ерден Әріпов өз сөзінде сот билігінің беделін арттыру, оның тиімділігін жетілдіру және азаматтардың сот төрелігіне қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтетін заманауи цифрлық технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстарға назар аударды.

– Сот жүйесінің дамуында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы ерекше маңызға ие. Ол бүкілхалықтық референдумда қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Заң үстемдігі, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау сияқты конституциялық құндылықтар соттар қызметінің берік негізі әрі сот төрелігін жүзеге асырудағы басты бағдар болып қала береді, – деді ол.

Салтанатты шара барысында сот жүйесінің үздік өкілдеріне ведомстволық марапаттар, құрмет грамоталары және төсбелгілер табысталды.

Мерейтой аясында Қарағанды облыстық сотының тарихына арналған энциклопедиялық басылым жарық көрді.

Кітаптың тұсаукесері салтанатты жиында өтті. Басылымда тоқсан жыл бойы өңірдің сот жүйесін қалыптастырған тұлғалар, маңызды оқиғалар мен ел тағдырына әсер еткен шешімдер тарихы қамтылған.

Құрметті отставкадағы судья Бәтжан Қасенова отыз жыл өмірін сот төрелігін жүзеге асыру ісіне арнаған. Ол аудандық сот судьясынан бастап кассациялық алқа мүшесіне дейінгі кәсіби жолдан өтті. Оның айтуынша, соттардың мамандандырылуы құқықтық жүйенің тиімділігін арттыруға үлкен үлес қосты.

– Біздің жұмысымыз аса үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл тек істерді тыңдап, қараумен шектелмейді. Біз де адамбыз, әрбір тағдырды жүрегімізден өткіземіз. Сондықтан үкім мен шешім шығарған кезде тек заң нормаларын басшылыққа алуымыз қажет, – деді сот жүйесінің ардагері. Ол әріптестеріне кәсіби биіктер, мықты денсаулық және отбасылық береке тіледі.