Header Banner

Жұмыссыз жастар азайып келеді

Жастарды жұмыспен қамту – қазіргі таңда маңызды мәселенің бірі. Бұл бағдардағы жемісті жұмыс арқасында облыста оқымайтын әрі жұмыс істемейтін NEET санатындағы жастар саны едәуір қысқарды. Отбасылық цифрлық карта деректеріне сәйкес, былтыр олардың саны 40,4 пайыз азайды. Яғни 4505-тен 2682 адамға дейін кеміді.

Жастарды жұмыспен қамтуда бос жұмыс орындары жәрмеңкелері тиімділігін көрсетіп отыр. Соған сай NEET санатындағы 73 жас тұрақты жұмыспен қамтылды. Тағы 421 жас жұмыспен қамтудың өзге де тетіктері арқылы еңбекке тартылды.

Жастарды жұмысқа жұмылдыруда «Жасыл ел» жобасы негізгі рольге ие болып отыр. Кейінгі жылдары жоба ауқымы айтарлықтай кеңейді. Егер 2023 жылы жобаға 1 000 адам қатысса, былтыр олардың саны 2060-қа жетті. Ал биылдан бастап жоба тек маусымдық сипатт емес, жыл бойы жүргізілетін болды.

Сонымен қатар жобалар аясында атқарылатын жұмыстар көлемі де көбейіп отыр. Енді жоба қатысушылары тек қалалық саябақтарда ғана еңбек етпейді. Былтыр 55 мектептің аумағында және өнеркәсіптік кәсіпорындарда да тер төкті. Нәтижесінде 700 гектардан астам аумақ тазартылып, шамамен 1 500 тонна қоқыс жиналды. Және 1 500 ағаш отырғызылды.

Жастарды еңбекке тартуда инклюзивті бағытты дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Жоба аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар алты жасөспірім қатысқан арнайы инклюзивті жасақ құрылды. Биыл бұл тәжірибе жалғасын табады. Жаз мезгілінде осы санаттағы жастардың қатысуын кеңейтіп, қолжетімді орта мен қажетті қолдауы бар инклюзивті еңбек жасақтарын құру жоспарланған.

Сонымен қатар Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығы Қазақстанда алғашқылардың бірі болып жұмыс барысын QR-кодтар арқылы тіркейтін цифрлық жүйені енгізді. Арнайы сайттың көмегімен жұмыс уақыты автоматты түрде есепке алынып, нысандардағы жұмыстардың орындалуы нақты уақыт режимінде бақылауға алынады. Бұл жаңашылдық жалған есеп жүргізудің алдын алуға тиіс.

Сондай-ақ өңірлерде жастарды жұмыспен қамтуда іргелі кәсіпорындармен келісім жасалып жатыр. Мәселен, Балқашта колледж түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша меморандумға қол қойылды. Келісім шеңберінде өңірдегі ірі компанияларда жастарға арналған жұмыс орындары құрылады.

– Біз жас мамандарды қолдау үшін өңірдегі жеті ірі кәсіпорынмен күш біріктірдік. Қол қойылған меморандум жаңа жұмыс орындарын құруда маңызды қадам болатынына сенімдімін, – дейді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.

Бастамаға қолдау білдірген компаниялар қатарында «Балқаштүстімет», «Қазақмыс», Kazakhmys Energy, Tranco Balkhash, «ДСП Тастемир», «Балқаш Жібек жолы» және «Недра-Балхаш» кәсіпорындары бар.

Мұндай бастамалар облыстың өзге де өңірлерінде жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде аймақтағы жастар жұмыссыздығын жоюға екпін береді.

Манас АҚСАРЫ